«Ertis» мультимедиялық музейінде Маңғыстау облысының зергерлері мен қолөнер шебер-лерінің екікүндік көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара аясында 30-дан астам шебердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, қазақ қолөнері ғасырлар бойы көркем ой, халық талғамымен үздіксіз дамып келе жатқанын алға тартты.
— Ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер дәстүрі бүгінде сақталып, қазіргі заманға сай етіп жаңғырып келеді. Әсіресе, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар сұранысқа ие. Бұл бәрімізге мәлім. Аталмыш көрме-жәрмеңке Палодар қаласының тұрғындары, жалпы Ертіс- Баян өңірі жұртының көңілінен шыққанына сенімдімін. Бұл көрме-жәрмеңке өнер туындыларын көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар ұлттық қолөнерді қолдап, жергілікті шеберлердің еңбегін бағалайтын орынға айналғаны анық, — деп атап өтті Айгүл Қайыртасқызы.
Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени-демалыс қызметі орталығының директоры Ақмарал Зеилованың сөзінше, көрме-жәрмеңкенің негізгі мақсаты — он саусағынан өнер тамған бесаспап шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды және қылқалам шеберлерінің туындыларын көпшілікке таныстыру, осы арқылы ұлттық дәстүрлі бейнелеу және қолөнерімізді, салт-дәстүрімізді насихаттау, дәстүрлі бейнелеумен қолөнерді дамыту мен жандандыруды ұрпақ санасына сіңіру.
— Осы жылдың жоспарына сәйкес маңғыстаулық қолөнершілер мен қылқалам шеберлерін және зергерлерді республикалық көлемде облыстарға таныстыру көзделген. Жоспарымыз іске асып, алғашқы сапарымыз Өскемен қаласынан басталды. Енді Павлодар қаласында жалғасты. Біз Павлодар облысында алғаш рет 2016 жылы 300-ге жуық өнерпазбен келіп, мәдениет және өнер күндерін өткізген едік. Осы жолғы сапар шағын түрде өтті. Екі облыстың өнер және мәдени байланысы өте мықты, – дейді А.Зеилова.
Аталған көрме-жәрмеңкеге Маңғыстау өңірінің 30-дан астам суретші, зергерлер мен қолөнершілердің, оның ішінде елімізге танымал «Тарбия» сән үйінің, «Жаннұр жадағай» және «Alinur kids» балалар жадағайы брендінің бұйымдары, Б.Құлбаев, М.Қосан, А.Мирман, Қ.Шынтемір, Ә.Мыңбаев секілді қылқалам шеберлерінің картиналары, күміс бұйымдардың шебері, зергер Қайрат Қуандықов пен Дамир Төребайдың туындылары қойылды.
— Маңғыстау облысы – қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанған өңір. Тұрғындардың көпшілігі ұлттық киімді күнделікті өмірде де киіп жүреді. Әсіресе, ұзатылатын қыздың және келіннің көйлектеріне, беташар шымылдығына, шапандарға, қамзолдарға және құрақ көрпе мен көрпешелерге сұраныс жоғары. Бағасы сапасына сай. Мәселен, ұзатылатын қызға арналған көйлек топтамасының бағасы 200 мың теңгені құрайды. Топтамада кең етекті көйлек, әсем тастармен безендірілген тақия және шапан бар. Жалпы, қолөнермен бала кезден айналысамын. Бұл өнер анамнан дарыған, — дейді қолөнер шебері Нағима Тасмұханбетова.
Көрменің салтанатты ашылуында маңғыстаулық «Отпан» халықтық фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, сәнгерлер мен зергерлер бұйымдарының көрсетілімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, музей қонақтарына түйе сүтінен дайындалған балқаймақ, шұбат және құрт ұсынылды.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.