Қол мен қиялдың еңбегі

Там 21, 2025

Гүлнәр Дүйсенбаеваның бос уақыты бола бермейді. Қолөнерді дамытуды қалайтын маман қолы қалт етсе, тігін мәшинесіне отырады. Сөмке, керек десеңіз, киім үлгілерін ұлттық нақышта қиюластырады. Матасын, түсін таңдайды. Өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып, бір-екі күн ішінде тапсырыс берушінің сұранысына сай дүние жасап шығарады. Қолынан іс келетін шебердің кестелеп тіккен әсем дүниелері бүгінде дүйім жұрттың кәдесіне жарап отыр. Қосымша қызметімен қатар, ісмерлікті қоса алып жүрген Гүлнәрдің өнері — көпке үлгі десек, артық айтқанымыз емес.

Тігіншінің шығармашылық жолы құрақ көрпе тігуден басталған. Алғашқы жұмысын жасағанда-ақ ол ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін көрсете білді. Бүгінде шебер көбінесе таза киізден заттар тігеді. Оның әр туындысы тек әдемі әрі сапалы болумен шектелмей, сатып алушыларға мәдени мұраларын тануға, ұлттық киімдер мен дәстүрлерді бағалауға мүмкіндік береді.

— Бала кезімнен қолөнерге қызығушылығым болды. Алайда негізгі мамандығым тігінші болған жоқ. Көп жыл зауытта еңбек еттім. Енем шебер болғандықтан, келін болып түскен сәттен бастап маған құрақ көрпе тігуді үйретті. Алайда қалаға қоныс аударғасын бұл ісім кенжелеп қалды. Алайда 2021 жылы бұл қызығушылығым негізгі ісіме айналды. Алғашқы жұмысым құрақ көрпе тігу болды. Сол кезде ұлттық дәстүріміздің қан-шалықты құнды екенін түсіндім. Кәсібімді алғаш бастағанымда жолдасым қолдау білдірді. Тіпті, жұмысыма да қол ұшын созатын. Қазіргі уақытта көбінесе таза киізден сөмкелер тігемін. Оған қоса, кесте салу жұмыс-тарын да жасаймын. Ноутбугым бар, онда ою-өрнектердің өлшемін белгілеп аламын. Сосын тігін машинасында өзім тігемін. Барлық жұмысты қолмен атқарамын, — дейді ол.

Гүлнәрдің шығарма-шылығының ерекшелігі – әр заттың сапасы мен ұлттық нақышына ерекше көңіл бөлуінде. Ол әр киімді, әр сөмкені, әр құрақ көрпені айрықша махаббатпен тігеді. Сондықтан олардың әрқайсысы тек өнім емес, мәдениетіміздің бір бөлшегі болып саналады. Қазіргі таңда шебердің бұйымдарына сұраныс жоғары. Көбіне тапсырыстар Instagram әлеуметтік желісі арқылы қабылданады. Әсіресе, жастар қауымы этностильдегі біркелкі түстерге қызығушылық танытатын көрінеді.

– Қызым осыдан біраз уақыт бұрын Instagram парақшасын ашып берген болатын. Сол арқылы адамдар көріп, тапсырыс бере бастады. Жастар көбіне джинсы секілді маталардан жасалған сөмкелерді ұнатады. Жалпы, сұраныс жақсы. Мәселен, Қарағанды, Семей секілді көршілес өңірлерден тапсырыстар түсіп жатады. Бағалары да қолжетімді деп ойлаймын. Мәселен, бір көрпенің бағасы 15 мың теңгеден басталады. Қажетті маталарды Алматы мен Астана қалаларынан арнайы тапсырыспен алдыртамын. Біраз уақыт ұстазым Гүлмира Уәлиханнан көрпе тігу бойынша курстан өттім, – дейді ол.

Үйде отырып-ақ еңбегін табыс көзіне айналдырған павлодарлық шебер қазір ұлттық нақыштағы сәнді сөмкелер мен бұйымдарға ерекше мән беріп, қолөнерді заманауи стильмен ұштастырып жүр.

— Үнемі тапсырыспен жұмыс істеймін. Қолымнан бәрі келеді десем, артық айтқаным емес. Тұтынушының жұмысыңа риза болғанын көргенде қуанышқа кенелесің. Тігіншілік – қыздарға, жас келіншектерге, жалпы жастарға керек мамандық. Өз көйлегіңді өзің тігіп кисең де пайда. Тігіншіге керек басты қасиет – шыдамдылық пен ынта. Береке ерінбей еңбек еткенге бітеді, — дейді шебер.

Кейіпкеріміздің үйіндегі матаның түр-түрі, ине-жіп, түрлі бұйым көздің жауын алып, бөлме ішіне ерекше әр беріп тұрады. Тапсырыс берушінің көкейіндегісін дөп басу үшін ол алдымен ойындағысын қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған эскизге жан бітіру мақсатында адамның түр-әлпетіне сай келетін мата, оған үйлесетін моншақ-тастарды таңдайды. Мәселен, қыздарға арналған бір көйлекті тігу үшін бір апта, кейде айдан астам уақыт жұмсалады. Ал ұлттық нақыштағы перделерді дайындауға 1-2 күн кетеді.

Гүлнәр сияқты шеберлердің еңбегі ұлттық қолөнерді сақтау мен дамытуға серпін береді. Оның шығармашылығы – әр отбасы үшін, әр бала үшін ұлттық дәстүрді танып-білуге мүмкіндік беретін алтын көпір.

Айдана БОРАНБАЕВА.