Ертіс-Баян өңірі өзінің сұлу табиғатымен, елге еселі еңбек сіңірген әйгілі дарындарымен баршаға аян. Сондай есімі елге аңыз болып тараған дарындардың бірі — Ертістің ерке сұлу әншісі Майра Уәлиқызы Шамсутдинова. Ерекше дауысымен ХХ ғасырдың басында Павлодар, Семей өңіріне аты әйгілі болған өнерпаздың туғанына биыл 135 жыл толмақ. Атаулы мерейтойға орай қандай шаралар өткізіледі? Майра шығармашылығы қандай деңгейде ұлықталуда? Музейдің бүгінгі жай-күйі қалай? Осы сұрақтар аясында Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей үйінің басшысы Ерлан Рахимовпен әңгімелескен едік.
— Ерлан Олжаұлы, биыл әнші, сазгер Майра Шамсутдинованың туғанына 135 жыл толады. Осы орайда қандай шараларды өткізу жоспарда бар? Мұндай шаралардың мән-мазмұны қандай болмақ?
— Жалпы, Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген тұлғалар баршылық. Солардың бірі – Майра Шамсутдинова. Майраның шығармашылығын облыс деңгейінде бұрыннан бері насихаттап келеміз. Дегенмен, биыл мерейтой болғандықтан, атқарылар жұмыстар көп. Жуырда Екібастұз қаласындағы «Атамұра» мәдениет орталығында Майра Шамсутдинованы еске алуға арналған «Ән қанатында» атты лекция өтті. Сол шараға музейімізде сақталған Майраның жеке заттары мен құжаттарын апарып, көрме ұйымдастырдық.
Алдағы уақытта мерейтойға орай облысқа қарасты барлық аудандарды аралауды жоспарлап отырмыз. Себебі, Майраның шығармашылығымен жақсы таныс әрі әндерін сағынатын адамдар жетерлік. Ал республикалық деңгейде Майраның шығармашылығы 2012 жылдан бері насихатталып келеді. Облыстық «Тамыры терең туған жер» жобасы аясында еліміздің көптеген жерін көрмемізбен араладық. Бұйырса, осы сәуір айының 12-сінде аталған жоба шеңберінде Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайына көрме апаруды жоспарлап отырмын. Көрмеде Майраның заттарынан бөлек, Қамар Қасымовтың домбырасы, Естайдың жеке заттары, Жаяу Мұсаның шапаны, Құдайберген Әлсейітовтің, Темірболат Арғынбаевтың және Балғабай Жылқыбаевтың домбырасы бар. Егер мүмкіндік болып жатса, Астана, Семей қалаларына да барсақ па дейміз. Себебі, Семей өңірі Майраға жат емес. Бұл жерде белгілі режиссер Жұмат Шаниннің бастамасымен сол кездегі өнерпаздардың бірігуімен «Ес-аймақ» атты мәдени-ағартушылық тобы ашылған. Олардың қатарында Майра Шамсутдинова да болды. Сондықтан «Неге осы аймаққа көрме апармасқа?» деген ой келді. Оған қоса, неге сазгердің ізі қалған Баянауыл өлкесінде шаралар өткізбеске?
Қазіргі уақытта музейімізге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң Майраның ізін жалғастырып жүрген өнерпаздар мен жастар арасында кездесуді өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, «Майра» қойылымында бас кейіпкерді сомдаған Гүлжан Қайырбекова, Майраның әндерін орындап, көпке дәріптеп жүрген Асылбек Әбдікәрімов, ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген Әсел Ботаева, Салтанат Қисатова, оның қызы Жәнел Қисатова секілді дарынды өнерпаздар бар. Одан бөлек, Майраның өмірі мен шығармашылығын зерттеген қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов, ақын Әбілдә Тәжібаев және журналист, өнертанушы Айтжан Бәделхан секілді тұлғаларды да ұлықтауды ұмытпаймыз.
— Ал әнші-сазгердің өнерін дәріптеу ісі бүгінде қаншалықты ұлықталып жүр?
— Шыны керек, біз өз жұмысымызды тиісті деңгейде атқаруға тырысып келеміз. Негізі, менің музейге келгендегі басты мақсатым – ол музей көрермендерінің жасын жасарту болды. Егде жастағы адамдармен де бірлесе жұмыс істеу қажет. Алайда болашақта өз саласының маманы болатын жастар да қазірден бастап, облысымыздан шыққан белгілі тұлғалар жайлы білуі тиіс. Сондықтан сондай жастарды музейімізге шақырамыз. Менің ойымша, музей – мешіттен кейінгі қасиетті орын. Шынында бұл орында тарихымызды жазып кеткен, мәдениетіміздің қалыптасуына атсалысқан адамдардың жеке заттары, жеке деректері ұсынылады. Сол себепті, қазіргі жастар сол адамдар жайлы толығырақ білсе екен дейміз.
Бір жылы әнші Клара Төленбаева мен Гүлмира Сарина музейімізге әдейілеп келді. Әдеттегіше экскурсия өткізгенімде Гүлмира Сарина қатты толқып көзіне жас алады. Содан бастап әнші Майраның әндерін зерттеумен айналысып келеді. Бүгінге дейін сазгердің ешкім білмеген, халық әні болып аталып кеткен 20-дай әнін тауып алды. Алдағы уақытта Майраның әндерін жинақтап, ән жинағын шығару ойында бар. Егер де осы ән жинақ жарық көріп, республикалық деңгейдегі Майра атындағы байқау ұйымдастырылып, кейін гала-концертке айналса, керемет болар еді. Себебі, бүгінгі күні көпшілікке сазгердің тек 4-5 әні ғана белгілі.
Бір өз тарапымыздан тек Майрамен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Онымен қоса, осы өңірден шыққан өзге де тұлғалар музейде көрсетіліп, оларға жеке экспозиция ашылды. Мәселен, музейіміздің бір бұрышы әнші, кино актрисасы Хафиза Әбуғалиеваға арналған. Ол кісіні Жүсіпбек Елебеков, Бибігүл Төлегенова секілді өнер қайраткерлері Майраның тікелей мұрагері деп атаған. Келесі жылы өнер иесінің туғанынат 100 жыл толмақ. Одан бөлек, Майраның замандастары Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан, Қали Байжанов, Естай Беркімбаев, Садық Кәрімбаев сияқты ақын-әншілердің және Майраның өнерін жалғастырушы ізбасарлары Қазына және Бақыт Субекова, Хафиза Әбуғалиева, Ағайша Исағұлова, Гүлмайдан Сүндетова секілді өнер адамдарының фотосуреттері сақталған.
— Бүгінде Майра Шамсутдинова атындағы ән және өнер музейіне басшылық етіп отырсыз. Бұл музейдің тарихы қандай? Қалай құрылды?
— Жалпы, Майраны зерттеу тарихы өте қызық. Сазгердің шығармашылығын зерттеген Айтжан Бәделхан Бұқар жырау музейінде еңбек етіп жүргенінде кітапхана және архивтегі құжаттармен айналысатын. Сондай мақсатпен Алматы қаласына барады. Сол сапарында кезінде ұлттық кітапхананың меңгерушісімен танысады. Сонда кітапхана меңгерушісі Айтжан ағамызға «Жуырда Америкадан қонақтар келген еді. Сол адамдар әнші-сазгер Майра Шамсутдинова туралы сұрады. Бірақ бізде әншінің өмірбаяны мен шығармашылығы туралы ештеңе айта алмадық. Себебі, кітапханамызда ол кісі туралы еш мәлімет болмады. Ал сіз Майраның елінен келдіңіз. Сізде болса, бізге жіберсеңіз» деп қолқа салады. Бұл сөзді естігенде өнертанушы «Мұндай адамды америкалықтар қайдан біледі?» деп таңырқап Майра Шамсутдинованы зерттеуді бастап кетеді. Мұны Айтжан ағамыз өзінің естелік кітабында жазады.
Ал музейдің құрылуы туралы айтсақ, музей 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Ғалымжан Жақиянов «Майраның елінде Майра музейі болмауы — ұятты іс. Сондықтан біздің өңірде ол кісіге арналған музей болуы керек» деп өзінің тікелей бастамасымен ашқан. Негізі, 1900 жылы салынған бұл тұрғын үй белгілі көпес Абдул Фатах Рамазановқа тиесілі болған. Бұған дейін бұл мекеме екі бөлмелі үй болған. Кезінде Майра Шамсутдинова бұл үйге табан тіреп, келіп-кетіп жүрген. Сондықтан осы үй Майра музейі болып таңдалады. Кейін ақырындап музей қоры Майраның заттарымен толыға бастайды. Сонымен қатар, әншіге қатысы бар адамдардың бұрыштары ашыла бастады. Жоғары да айтып кеткендей Майраның заттарынан бөлек, Қамар Қасымовтың домбырасы, Естайдың жеке заттары, Жаяу Мұсаның шапаны және Құдайберген Әлсейітовтің, Темірболат Арғынбаевтың және Балғабай Жылқыбаевтың домбырасы бар. Соңғы ашылған бұрыш баянауылдық «Беу, жігіттер» ансамбліне арналды.
— Музейде Майраға қатысы бар жәдігерлерді жиі көріп жүрміз. Алайда олардың тарихын біле білмейміз. Олар туралы толығырақ айтып кетсеңіз…
— Майраға қатысы бар заттардың бірі – Успен ауданынан әкелінген шапаны. Кезінде Майра сол өңірдің келіні болған деседі. Сол уақытта тұңғыш келінге әдейілеп шапан тіктірілген екен. Ал кейін түскен келіндерге бұл киім мұра болып қала берген. Сондай-ақ, елді мекендерде өнер көрсетіп жүргенінде киген жібек матадан тігілген көйлегі бар. Әнші елді мекендердегі жәрмеңкелерді аралап жүргенде жолшыбай әйгілі палуан Қажымұқан тасын үйінің жанына әкеліп қоятын баянауылдық Субек ұстаның үйіне түседі екен. Сол уақыттардың бірінде сазгер жәрмеңкеден алып келген кәрленке тәрелкесін сыйға тартады екен. Бұл зат та біздің музейде сақтаулы тұр. Сонымен қатар, 2017 жылы Майра музейіне әнші, сазгер Ағайша Исағұлованың Алматы қаласында тұратын қызы Гүлмайра Чомболаеваның тапсырған сахналық костюмі мен әр жылдары марапатталған орден-медальдары көрсетілген. Одан бөлек, жеке құжаттары да бар. Бір қуантарлығы, музейімізде жергілікті фотосуретші Дмитрий Багаев түсірген Майраның 4 суреті сақтаулы тұр.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.