Потанин музейі құнды жәдігерлерді сақтап, оны дәріптеуден бөлек ғылыми-зерттеу бағытында да іргелі жұмыстарды жүргізіп жүр. Нәтижесінде тағдыры беймәлім болып келген көптеген азаматтың есімдері анықталды. Ал осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген аталмыш музей мамандарының еңбегі орасан. Әсіресе, музей саласында 30 жылға жуық табанды еңбек етіп келе жатқан Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің өлкетану бөлімінің меңгерушісі Гүлжәйнат Әлиеваның жұмысын ерекше атап өтуге болады. Жуырда музей ісінің майталманымен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Гүлжәйнат Мағазқызы, білуімізше музей саласына келмес бұрын тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен екенсіз. Осы туралы толы-ғырақ айта кетсеңіз…
— Иә, музей саласында қызмет етпестен бұрын Павлодар қала-сына қарасты Атамекен кентіндегі №33 орта мектепте бірнеше жыл тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты жұмысымды осы музей саласына ауыстырдым. Негізі, өзімді бала кезден тарих, оның ішінде өлкетану бағыты қатты қызықтырды. Кезінде облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде белгілі өлкетанушы, тарихшы Эрнест Соколкиннің аймағымызда табылған жәдігерлер туралы жазған мақалалары тұрақты түрде жария-ланып тұратын. Ол да өлкетану саласына деген қызығушылығымның артуына себепкер болды. Одан бөлек, Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық (қазіргі Қанаш Қамзин) ауылындағы орта мектепте білім алып жүргенімде тарих пәнінің мұға-лімі Гүлдана Қабдылжапарқызының да үлесі зор болды. Сөйтіп, арман қуып, 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім. Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде білімімді жалғастырып, тарих мамандығы бойынша тәмамдадым.
— Ал музей саласына қалай келдіңіз?
— Жалпы, бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма биыл 30 жылға жуықтапты. Алғашында бұл музейге 1990 жылы жас маман ретінде келгенмін. Ол кез Кеңес Үкіметінің кезеңі болғандықтан бөлім «Досоветский отдел» деп аталып, бұл мекеме «Досоветский» және «Советский» бөлімі болып, екіге бөлінетін. Алайда осы жылдан бастап музейде түрлі өзгеріс орын алды. 1991 жылы көп жылғы үзілістен кейін орталық қабырғасында Наурыз мейрамын кең көлемде атап өттік. Музейдің бөлім басшылары Қызылорда облысына арнайы барып, киіз үй алып келді. Кейін мекемеде «Қазақ халқының этнографиялық залы» ашылды. Онда қазақ халқының әдет-ғұрыптары, ұлттық әшекей-бұйымдары, киімдері қойылды. Дегенмен, үш жылдан соң отбасылық жағдайларға байланысты қызметімді ауыстыруға бел будым. Бірақ араға он жыл салып музейдегі жұмысыма қайта оралдым. Осы уақыт ішінде орталық басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, өнертанушы және Майра, Ертіс музейлері мен археология бөліміне басшылық еттім.
— Адамдардың көпшілігі музей қызметкері тек экскурсия жүргізеді деп ойлайды. Бірақ олар сала мамандарының бұдан бөлек басқа да ауқымды жұмысты атқаратынын білмей жатады. Әсіресе, ғылыми-зерттеулер мен баспа жұмыстарына ерекше көңіл бөлінетінін білеміз. Осы тұрғыдан қандай ғылыми жұмыстармен айналыс-
тыңыз?
— Иә, музей қызметкерлері — жан-жақты адамдар. Біз экскурсия жүргізуден бөлек, ғылыми зерттеулермен, қорды толықтырумен, ағартушылық жұмыстармен және көрмелерді дайындаумен айналысамыз. Облысымыздың және елімізге белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдерді ұйымдастырамыз. Қазіргі уақытта да жергілікті өлкетанушылармен үнемі байланыс-тамыз. Сонымен қатар, мекеме қорына тапсырылған жәдігерлерді акт бойынша қабылдау, оны тіркеу және электрондық тізімге енгізу – музей қызметкері жұмысының бір бөлігі. Одан бөлек, ғылыми жұмыстармен де айналысады.
Өз басым ономастика және топонимика саласына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысамын. «Ертіс» мультимедиялық музейінде еңбек етіп жүргенімде ұйымдастырушылық, әкімшілік жұмыстар көп болды. Сондықтан ол уақытта ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндіктер бола бермейтін. Дегенмен уақыт тауып репрессияға ұшыраған азаматтардың істерін қарап, зерттей бастадым. Себебі, сол кезеңде қазіргідей технология дамымаған болатын. Сот шешімдерінің өзі сол уақытта түсқағазға және газет беттеріне бір қабат сыямен жазылған екен. Кейін ол жазу өшкеннен кейін қайта сыямен жазылыпты. Сол деректерді екі жылдай қағазға түсіріп, жинап, мақала жаздым. Нәтижесінде 1930-50 жылдар аралығында «халық жауы» атанған азаматтардың істері қайта қаралды. Ал мақалам мемлекеттік комиссияның облыс бойынша өкілдігінің қолдауымен 2022 жылы жарық көрген 36 томдық кітапқа енді. Онда қуғындалған, ату жазасына кесілген, айдауға ұшыраған және тұтқында болған азаматтар туралы мақалалар топтастырылды. Одан бөлек, «Этих дней не смолкнет слава», «Павлодар облысының атақты әйелдері» секілді еңбектерді жаздым.
— Бұл салада қызмет етіп жүргеніңізге 30 жылдай уақыт болыпты. Музейдің кешегі мен бүгінінде айырмашылық бар ма?
— Әрине, бар. Алғашқы еңбек жолым Кеңес Үкіметінің кезеңімен сәйкес келді. Ол уақытта саясат мүлдем басқа болатын. Салдарынан еліміздің тарихына қатысты кей ақпарат бұрмаланып жүрді. Кейін Тәуелсіздікке қол жеткізген соң тарихымыз жандана бастады.
Ол кездегі музей мамандары біздей жас мамандарды «Әр жәдігер бұл – Отаныңның бір бөлшегі, тарихыңның бір беті, сәбидей аялап ұста, оның келесі ұрпаққа жетуі — сенің мойныңдағы зор жауапкершілік», — деп үйретті.
Бүгінгі таңда музейлер өткен дәуір құндылықтарын болашақ ұрпақ үшін сақтап қана қоймайды. Заттық және рухани құндылықтарды танытып, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда. Оған қоса, ғылыми-ағартушылық және ғылыми-зерттеу ісімен айналысады. Сондай-ақ комплектациялау, экспозициялау, музей құндылықтарын насихаттауды жүзеге асырады. Музейлердің қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына әсер ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.
— Ал Г.Потанин атын-дағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде қандай жаңашылдықтар енгізілді?
— Бүгінде орталықта шетелдерден келетін қонақтарға арналған 8 тілдегі аудио гид ұсынылады. Осы арқылы олар музей туралы толығырақ ақпарат ала алады. Оған қоса, «Ертіс» мультимедиялық музейінде қазақ халқының әр кезеңінен мағлұмат беретін сенсорлық тақталар орналастырылған. Сонымен қатар, айма-ғымыздың Қоңыр әулие секілді көрікті әрі тарихи жерлеріне саяхат жасауға мүмкіндіктер болады. Одан бөлек, адамдарды музейге тарту мақсатында әлеуметтік желілерімізде өзіміздің тың жобаларымызды ұсынамыз.
Бүгінге дейін мекемеде көп өзгеріс орын алды. Осы уақыт аралығында жаңа филиалдар ашылып, заманауи техникалармен, жабдықтармен қамтылды. Жаңа экспонаттармен толықты. Мен де музейдің жаңа тұжырымдамасын жасауға өз үлесімді қостым деп айта аламын.
Негізі, әр музей өзінің қорымен мақтанады. Бүгінде біздің қорда 70 мыңнан аса жәдігер, ал қалалық және аудандық музейлердегі жәдігерлерді қоса алсақ, 130 мыңға жуық тарихи зат бар. Олардың арасында елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, жерлестеріміз Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді тұлғалардың киімдері, қолданған заттары және еңбектерінің түпнұсқалары сақталған. Мәселен, бізде ғана XIII-XIV ғасырларда жасалған ақсүйек әйелдер киген бокка бас киімі сақталған. Сондай-ақ, палеонтологиялық, этнографиялық коллекцияларды да атап өтуге болады. Ал мұндай жәдігерді өзге аймақтардағы музейлерден таба алмайсыз. Бүгінде қорды толықтыру мақсатында жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда атақты адамдардың қолжазбалары немесе қолданған жеке заттары қабылданады.
— Музей — руханият ордасы. Дамыған елдерде бұл мекеме жоғары бағаланады. Ал қазақ музейлерін дамытуға қатысты не айтасыз?
— Қазіргі қоғамдық өзгерістерге байланысты музейлерге деген сұраныстар артып келеді. Жаңадан бой көтеріп жатқан мұндай мекемелердің мазмұндық деңгейі, құрылымдық жүйесі өзгеше. Олардың қатарына ашық аспан аясындағы қорық-музейлер, экомузейлер, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлер, яғни мемориалдық музейлер, Президенттік музей, қоғамдық немесе антропологиялық музейлер жатады. Бүгінгі күні тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жүріп жатқан күрделі, қарама-қайшылығы мол мәдени үрдістер қарқыны мәдени-ағарту мекемелері жүйесіндегі музейлердің жұмысынан айқын көрініс табуда.
Музейдің кішкентай жәдігерінің ұлы тарихын, баға жетпес құндылығын терең сипаттап, суреттеп, балаларды қызықтырып, Отанына деген сүйіспеншілігін оята білу үшін гидтердің өзі «жанып» тұруы керек. Ізденімпаз, білімді, рухты болуы қажет. Жаттап алғанын айта бермей, жан-жақты ізденіп, өскелең ұрпақты тартатын қызықты оқиғаларды айтып тұрғаны абзал. Жалпы кез келген адам, соның ішінде гидтер «Жұмыс уақытым қашан бітеді?» деп қана тұрмай, әр эскурсиясын жаттанды түрде емес, жан-тәнімен, жүректен шығарып айтса, музейге келушілер де көбейіп, өскелең ұрпақтың бойында еліне деген махаббат, мақтаныш оянар еді.
— Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз елене берсін!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.