Қыз тағдыры – ұлт тағдыры

Мау 12, 2025

Адам бала кезінен айналасынан өзіне жылулық іздеумен болады. Айналаның лебізі әр адамның қоғамдағы өз орнын табуға көмектеседі. Бірақ ол жоқ. Ол өзін, өзінің бұл өмірдегі, бәлкім, қоғамдағы өз орнын, өз шындығын іздейді. Тіпті оларды қашан, қалай, қайда жоғалтқанын да білмейді. Ол шындықты білмек үшін, өзін жоғалтуға себепкер жағдайлармен миындағы естеліктер кеңістігінде жолығады. Ол біртіндеп естеліктерін аттап өте береді…

Бұл жас жазушы Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» пьесасынан үзінді. Жуырда С.Торайғыров университетінің «Орындаушылық өнер кафедрасында «Актерлік өнер» мамандығы бойынша білім алған Балнұр Қалинұрова төрт жылдық алған білімін қорытындылау үшін психологиялық монодрама жанр-ында жазылған бұл шығарманы таңдауды ұйғарған.

— Бұл шығарма 2022 жылы «Драма.KZ» орталығы ұйымдас-тырып жүрген фестивальде жеңіске жеткен болатын. Шығарманы толықтай оқып шықтым. Мазмұны ұнады. Сөйтіп, дипломдық жұмысым ретінде таңдап алдым. Бұл қойылым менің дипломдық жұмысым болғандықтан, барынша кейіпкердің ішкі жай-күйін көрерменге жеткізуге тырыстым. Дайындыққа 1 жылдай уақыт кетті. Қойылым барысында қыз өзінің бұл қоғамға керегі жоқ, ешбір пайдасы жоқ, былай айтқанда ешкім екенін түсінеді. Адамдар бұл өмірде өз-өзін іздеуі керек. Өмірге деген миссиясын біліп, не істеп, не қойып жүргенін түсіну керек. Сосын сол миссияға жетуге мақсат қойып, бар күшін салып, жұмыс істеуі қажет, — дейді Балнұр.

Ал Балнұрдың жетекшісі Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрының әртісі Гүлжанат Омарова қойылымды сахналау алдында автордың өзінен рұқсат сұрағандарын айтады.

— «Сингулярлық нүкте» атты психологиялық монодраманың авторы Дана Асылбекпен байла-нысқа шығып, осы шығарманы сахналауға рұқсатын сұрадық. Ол қуана келісті. Ол «Бұл туындым алғаш рет қойылайын деп жатыр» деп қуанды. Дана қазіргі уақытта шетелде болғандықтан, қойылымның тұсаукесеріне қатыса алмады, — дейді Г.Омарова.

Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» пьесасы психологиялық монодрама жанрында жазылған. 24-25 жастағы кейіпкер қыздың психологиялық ішкі күйі жайында айтылатын бұл шығармада ол бірнеше кейіпке енеді. Пролог және бес бөлімнен тұратын туынды едәуір тартысқа толы. Ондағы психологиялық жағдай терең философиялық ойлануды  қажет етеді.

Айта кетейік, 2021 жылы Торай-ғыров университетінде «Орын-даушылық өнер кафедрасының «Актерлік өнер» бөлімі ашылған болатын. Мұнда Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрының әртістері Жұмахан Доспаев және Гүлжанат Омарова дәріс береді. Биыл аталмыш мамандық бойынша үш түлек оқуды бітіреді. Бұл күні Жасұлан Әмірхан, Жақсылық Әбдірашым, Балнұр Қалинұрова күндіз Антон Чеховтың «Аю» қойылымын сахналады. 1 сағатқа созылған қойылым барысында жас әрі әдемі келіншек Елена Попованың өмірі баяндалады.

— Елена Попованың күйеуі жақында қайтыс болады. Әйел осы жағдайдан соң қатты күйзеліске ұшырайды. Ал күйеуінің бұрынғы қарыздары өмірін тіпті күрделендіріп жібереді. Бір күні үйіне Григорий Смирнов есімді отставкадағы офицер, ақшаға мұқтаж бұрынғы артиллерист келеді. Ол кезінде Елена Ивановнаның жолдасы қомақты қаржыны қарызға алғанын және үйдегі көрші мүліктің иесі екендігін хабарлайды. Ол бір күн күте алмайтынын және бірден ақша қайтаруды талап етеді. Осыдан соң арада жанжал басталады. Смирновтың ашуланғаны соншалық ол Елена Ивановнаны дуэльге шақырады. Ал жесір әйел болса басқа бөлмеден мылтық алып келіп, Григорий Степановичтен алдымен қаруды қолдануды үйретуін сұрайды. Әйелдің батыл әрекетіне таң қалған отставкадағы офицер оған ғашық болып қалады.

Айдана БОРАНБАЕВА.