Баланың қиялын дамытуда қазіргі замандағы жаңа технологияның ерекше түрі бұл — құм терапиясы. Құммен жұмыс жасау баланы ашуға тез берілуден,  агрессиядан айықтырады және алдын ала сақтайды. Бала үшін әр өнердің түрі ерекше болғанымен, құммен сурет салудың қай жағынан да тигізер пайдасы мол. Құм – тек баланы өнерге баулып қоймай, медициналық тұрғысынан да тиер көмегі ерекше. Қазіргі таңда, көпке таныла бастаған құм терапиясы да қарқын алып келе жатқаны баршаға мәлім.

 

Құммен сурет салу өнері Қазақстанға 2009-2010 жылдары келді. Ал Павлодар өңіріне осыдан алты жыл бұрын ғана осы өнер жаңалық болып енді. Оны алғаш жан-жақты дамытқан — театр суретшісі, графикалық дизайнер, акварель суретшісі Светлана Кравченко.

Қылқалам шебері бейнелеу өнерінің жаңа түрін ғаламтордан көріп, қатты қызығыпты. Сөйтіп, өз бетінше үйрене бастайды. Нәтижесі жаман емес. Әйнекке құммен сурет салуды кәсіби тұрғыда меңгерді. Бүгінде ол акварельмен сурет салуға машықтандыратын «Немалевичи» атты үйірмені ашып, шәкірттер тәрбиелеуде.

— Қаламызда құммен сурет салу үйірмесін ашу идеясы 2018 жылы жазда пайда болды. Балалардың бос уақыты көп болған кезде оларға қызықты нәрсе ұсынғым келді. Үйірме ашу идеясы орындалған соң студияны жабдықтап, бөлмені толығымен қараңғы етіп жасау керек болды. Ол жерде тек арнайы үстелдер жарықтандырылды. Соның нәтижесінде балалар басқа әлемге саяхаттай алады. Алғашқы сабақ техникалық әдістерді жаттықтыруға, сызықтар мен қарапайым фигураларды салуға арналады, — дейді С.Кравченко.

Жас суретші балалардан бөлек, осы шығармашылық түрін үйренуге жасына қарамастан кез келген ниет білдірген адам қатыса алатындығын жеткізді. Қазір үйірмесінде отыз бала тәлім алып жатыр. Әрі күннен- күнге қатары көбейіп те келеді. Сурет салуға әуес жеткіншектер бұл өнердің ғажайыптарына қанығып өсуде. Кейде оларға Светлана ертегілердің желісін құммен бейнелеп көрсетеді.

— Оқушыларымның көмегімен «Бір кездері орманда», «Жабысқақ әңгіме» және «Шикотан аралындағы достық», «Жақсы ертегі» атты 4 әңгіме құрастырылды. Мен сценарий авторы, режиссер және суретші болдым. Жаздың екі айы ішінде мультфильммен жұмыс істеу кезінде мағынасы бар әңгімені ойлап табу, сюжетті құрастыру, кадрлар арасындағы ауысуларды ойластыру, құммен сурет салуды үйрету, дұрыс музыканы таңдау және көптеген басқа маңызды нәрсе жүктелді. Қатысушылар аптасына бір рет мультфильмнің кадрларымен танысты. Келесі сабақта олар алдыңғы кадрды қайталады, ал біз жаңасын оқыдық. Құм оқиғасын құруға екі ай, сегіз сабақ қажет болды. Әңгіме бір-бірін алмастырып, мультфильмге айналған сегіз кадрдан тұрды. Мен балалардың қалай сенімді түрде сурет сала бастағанын және белгілі бір орындау жылдамдығына ие болғанын байқадым. Екі айдың соңында біз балалардың ата-аналарын мультфильмнің премьерасына шақырдық. Олар балаларының техниканы қаншалықты оңай және тез меңгергенін байқады, — дейді ол.

Жалпы, құммен сурет салу өте қызықты, сонымен қатар пайдалы өнер.

– Аалдымен көркем ойлауды дамытуға ықпал етеді. Адамның қиялын, кеңістікті қабылдауын, есте сақтау қабілетін дамытып, әсіресе балалардың дұрыс жетілуіне, саусақтарының епті болуына әсерін тигізеді. Әрі шығармашылығын шыңдайды. Сондай-ақ, құм бойдағы жағымсыз энергияны сіңіріп алады. Құммен сурет салу – жалпыға ортақ өнер дегенмен, бүгінде зейінді арттыру мақсатында көбіне сәбилерді, сал ауруымен ауыратын балаларды баулып жүр. Себебі, саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан әрбір клетканы оятады екен. Жүйке жүйесін де тыныштандырады. Балаларға сол ішкі жан дүниесін толығымен ашуға мүмкіндік береді. Ауылда құмға аунап, ойнамаған бала кемде-кем шығар. Қалада ондай мүмкіндік жоқ. Ал ата-аналар балаларына құмда ойнауға немесе құммен сурет салуға жағдай жасағаны абзал, – дейді Светлана.

Театр суретшісінің айтуынша, шыны бетіне құмның көмегімен көрініс тапқан суреттерді болмашы қимыл әп-сәтте бұзып кетуі әбден мүмкін. Яғни, ол күнделікті санаулы минуттың ішінде қайталанбас композициялар жасайды. Басқа бейнелеу өнерінің түрлерінен ерекшелігі де осында. Сондықтан фотосуретке немесе бейне-
камераға түсіріп алу керек. Саусақтың сиқырымен салынатын мұндай әдемілік пен нәзіктікке толы өнерден кез келген жанның әсерсіз қалмасы рас. Сол себепті, бейнелеу өнерінің жаңа түріне жұртшылық қызығушылық танытуда. Светлананы жиын-тойларға, мерекелік шараларға шақырушылар көп екен. Онда ол үлкен экранға құммен сурет салып, көпшілікке қуаныш сыйлайды. Тақырыпқа сай өз қиялынан туындаған бейнелерді аз уақыттың ішінде әйнекке түсіріп шығады. Себебі, суретші құмды сезіне
біледі.

Батыс елдерінде кең қанат жайған, Қазақстанда, оның ішінде біздің аймақта енді дами бастаған құммен сурет салу өнерінің осындай қыр-сырлары бар. Қысқасы, құммен сурет салу – әрі кәсіп, әрі өнер, әрі дерттің шипасы. Құм терапиясының негізін қалаушы швейцариялық психолог Дора Кальф: «Құмға салынған сурет – адам жан дүниесінің бір көрінісі. Тіпті, сол арқылы ешкімге айтылмаған ішкі сырды ақтаруға болады», – деп бекер айтпаса керек.

Айдана БОРАНБАЕВА