Құнды жәдігерлермен толықты

Мам 2, 2025

Биыл әйгілі жерлесіміз Майра Шамсутдинованың туғанына 135 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында М.Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейі 17 сәуір күні Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Ән еркесі — Майра» атты жылжымалы көрмесін көпшілік назарына ұсынды.

Көрмеге белгілі әншіге тиесілі құнды жәдігерлермен қатар, Майраның ізбасары, Ертіс ауданының тумасы, дарынды әнші әрі актриса Хафиза Әбуғалиеваның және музыкалық аспаптар жасаудың шебері, органолог ғалым Қамар Қасымовтың жеке заттары қойылды.

Шараның ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, әнші, композитор Ағайша Исағұлова, Хафиза Әбуғалиеваның ұлы Бауыржан Әбуғалиев пен қызы Каспий халықаралық медицина мектебінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмайра Чумбалоева мен күйеу баласы Мұхтар, өлкетанушы, шежіреші Қуаныш Мұхитұлы және тағы басқа бірқатар белгілі тұлғалар келіп, ыстық ықыластарын білдіріп, үлкен қолдау көрсетті. Әншінің ұрпақтары құр қол келмей, әйгілі жерлесіміздің сахналық көйлегі мен аккордеонын Майра музейінің қорына тарту етті. Бұл жәдігер — біздің музей үшін де, өңіріміздің өнерпаздары үшін де аса құнды әрі таптырмас дүние.

– Анамыз алыс-жақын шетелдерде талай сапарда болды. Солардың көбінде осы аспапты қолынан тастамаған. Бұл – анамыздың сүйікті аспабы, – дейді ұлы Бауыржан.

Аккордеон Германияда жасалған. Сапасы жоғары болғандықтан, қаншама уақыт өтсе де, көне аспаптың сыртқы қалпы жақсы сақталған. Біздің ерекше назарымызды аударғаны – сырнайды көзі тірісінде Хафиза апай жылтыр тастармен көмкеріп, қапталдарына қазақы оюлар салып, өз қолымен әшекейлегені. Бұл жәдігер музейге келушілердің көзіне бірден түсетін ерекше әрі құнды дүниелердің бірі болатыны сөзсіз.

Қарап отырсаңыз, әрбір жәдігер – өткен өмірден сыр шертетін, өзіндік тарихы бар баға жетпес мұра. Осы орайда, аталған тарихи жәдігердің иесі жайлы қысқаша тоқтала кеткен орынды болар.

Хафиза Әбуғалиева 1924 жылы Ертіс ауданында дүниеге келген. Ол – әнші, киноактриса, ақын, музыкант, ән мен романс орындаушысы. «Қазақконцерт» бірлестігінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. 1943 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық училищені, 1948 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищенің вокал бөлімін тәмамдаған. Барлық еңбек жолы «Қазақконцерт» ұжымымен тығыз байланысты болды. Хафиза Әбуғалиева – қазақтың көрнекті әнші-музыканты, халық композиторы Майра Шамсутдинованың шығармашылық жолын жалғастырушы. Ол Қытай, Үндістан, Моңғолия секілді елдерде өнер көрсеткен. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Кремль сахнасында өнер көрсетті. Үндістанның Дели қаласындағы этнографиялық концертте Б.Байқадамовтың «Ертіс вальсі» әнін қазақ және үнді тілдерінде орындады. Ұлттық музыкалық өнердің дамуына қосқан үлесі үшін ол «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

 Ерлан РАХИМОВ, М.Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музей-үйінің басшысы.