Құрақ көрпе -құндылық

Қаз 2, 2025

Қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы, ұлттық болмысының айнасы. Ол – тек тұрмыстық қажеттіліктен туған кәсіп емес, халықтың талғамын, дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, тіпті мінез-құлқын айшықтайтын өнер. Ал осындай ерекше өнердің жібін үзбей, бүгінгі күнге жеткізіп, оны жаңа қырынан дәріптеп жүрген шеберлердің еңбегі баршылық. Солардың бірі – павлодарлық қолөнер шебері Дина Ержанова.

Дина Ерболатқызының өнерге баулуында анасының рөлі ерекше. Ол бала күнінен анасынан жүн түтіп, ұршық иіруді, құрақ құрауды және кесте тігуді үйреніп өскен. Сөйтіп, осындай сәттерден бастап қолөнерге деген шынайы қызығушылығы ояна бастаған.

— Қолөнерге деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Бастауыш сыныпта ине, жіп, матаны қолымнан тастамайтынмын. Қуыршақтарға да киім-кешек, төсек-орын көп тіктім. Осылайша қолөнер менің жанымның бір бөлшегіне айналды, — дейді Дина.

Шебер, негізінен дәстүрлі қолөнердің бір түрі – құрақ құраумен айналысады. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы жастықтар, шоппер сөмкелер, тақия, үй тұрмысына қажет сыпыра мен алжапқышты да тігеді. Бұйымдарында қазақи ою-өрнектер мен заманауи стильді ұштастырып, күнделікті тұрмысқа жарамды әрі ұлттық болмысты сақтайтын өнімдер дайындап шығаруға тырысады. Жұмыс барысында жиі қолданатын материалдары – велюр, бархат және дак. Әр бұйымды жасауға шамамен кем дегенде 2–3 сағат кетеді. Ал шабыт көзін ол ұлттық мәдениетімізден, табиғаттың түс үйлесімінен және күнделікті өмірден алады.

— Көне кілемдер мен тұскиіздердің өрнектері, шежірелі оюлар – менің басты шабыт көздерімнің бірі. Кейде бір түстің өзі немесе кездейсоқ көрген сурет жаңа жобаға бастама болуы мүмкін. Сонымен қатар, заманауи сән бағыттарын да қарап отырамын. Этностиль мен заманауи трендті ұштастыру арқылы ерекше дүниелер пайда болады, – дейді шебер.

Динаның жасаған алғашқы бұйымы – «қошқар мүйіз» оюымен тігілген құрақ көрпе болған. Ол кезде оның қолында көп материал да, тәжірибе де болмағанымен, бойындағы шабыт пен ниет оны қатты қанаттандырған. Қазір де ол көрпенің Дина үшін орны бөлек.

— Ол кезде қолымда көп материал да, тәжірибе де жоқ еді. Бірақ шабыт пен ниет мол болды. «Қошқар мүйіз» – терең мағынасы бар, қазақтың ең танымал әрі мәні зор оюлардың бірі. Сол ою арқылы алғашқы көрпемді құрап шыққанда бойымды зор қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді. Сол сәт менің қолөнерге деген сүйіспеншілігімді одан әрі тереңдете түсті. Қазір де сол көрпе мен үшін ерекше, — дейді ол.

Кейіпкердің айтуынша, ол бұйымдарын жасау барысында дәстүрлі әдістерді қолдануға аса мән береді. Сонымен қатар, заман талабына сай заманауи элементтерді енгізуден де қалыс қалмайды. Мысалы, шоппер сөмкелер мен этножастықтарды тіккенде ұлттық өрнектерді заманауи маталармен, түстермен және дизайнмен үйлестіріп, күнделікті өмірге бейімделген стиль қалыптастыруға тырысады. Яғни, оның бұйымдарында дәстүр мен заманауи үрдіс қатар үндесіп тұрады.

— Мәселен, жұмыстарымда «қошқар мүйіз», «түйетабан», «ботакөз» секілді қазақы оюларды жиі қолданамын. Құрақ құрауда да бұрыннан келе жатқан әдіс-тәсілдер мен ою үйлесімін ұстануға тырысамын.

Жалпы, қазақ қолөнері – халқымыздың рухани мұрасы, ұлттық болмысының көрінісі. Қазіргі қоғамда қазақ қолөнері қайта жанданып, заманауи сән әлемімен, интерьер дизайнымен ұштаса бастады. Сондай-ақ, жастар арасында этностильге деген қызығушылық артып келеді. Мысалы, бүгінде құрақ көрпелер, оюлы жастықтар, шоппер сөмкелер, тақиялар мен ұлттық нақыштағы киімдер тек егде жастағы адамдардың қолданысында емес, сонымен қатар, жастардың күнделікті өмірінен де орын алып отыр, – дейді ол.

Шебердің ендігі мақсаты – ұлттық мұрамызды сақтап қана қоймай, оны қазіргі өмірмен байланыстыру, жастарға жақындату және күнделікті тұрмысқа енгізу.

Айдана БОРАНБАЕВА.