Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылында Сәбит Дөнентаев атындағы орта білім беру мектебі бар. Бұл қазақ әдебиетіне кең тыныспен келген құлагер ақынға құркөлдіктердің жасаған ең үлкен құрметі десек артық айтқандық емес. Себебі, ақын дәл осы ауылда дүниеге келіп, балалық кезеңінің бір бөлігін өткізген.

С.Дөнентаев орта мектебі — болашақ ұрпақ үшін демократ ақынның шығармашылық мұрасын дәріптеу және есімін ұлықтап, еңбегін насихаттау жұмысын үздіксіз жүргізіп жатқан жалғыз білім ордасы. Аталмыш мектепке ақынның есімі 1989 жылы берілген екен.

Осы қосымшаны әзірлеу барысында туған жері Құркөл ауылындағы С.Дөнентаев атындағы орта мектепке арнайы барып, қаламгерден қалған мұралармен, басқа да атқарылған жұмыстармен таныстық. Мектепке кіреберісте қара сөздің хас шебері болған ұлы қаламгердің алып тұлғасы көзіңізге оттай басылады. Бұл ескерткіш мүсіні білім ордасының ауласына 1991 жылы орнатылыпты. Ескерткіштің тұғырына:

Қызмет көрсет халқыңа,

Игі ат қалсын артыңа.

Пайдалы басқа өнерден,

Ұлт керегі дегеннен,

Жан қиналып жолыңда,

Бас кетсе де тартынба,

деген бір шумақ өсиет өлеңі қашалып жазылған. Мектепте Сәбит Дөнентаевтың шағын мұражайы бар. Онда қаламгердің бұған дейін ешбір жерде жарияланбаған суреттері, қолжазбалары сақталған. Сонымен қатар, әрбір бес жыл сайын өткізілетін мерейтойына орай ақын жайлы жазылған мақалалар, естеліктер жарияланған газеттер бар. Осы мектепте ақын Сәбит Дөнентаевтың шығармашылығына байланысты тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырушылардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қорлан Сүйіндікова. Мұғалім әңгіме барысында ақынның қазақ қоғамына етене жақын әрі ақиқатшыл болуының себептеріне де тоқталды.

— Біздің мектеп — ақын Сәбит Дөнентаевтың есімін иеленген облыстағы жалғыз білім мекемесі. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен мақтаныш және абырой. Біз ақынның мұрасын тек мерейтойында ғана емес, тұрақты түрде насихаттауға, оқушыларымыздың санасына сіңіруге тырысамыз. Атап айтсақ, ақынның шығармашылығын талдауға арналған түрлі сынып сағаттары, ашық сабақтар өткізіліп тұрады. Одан бөлек, Ақсуда өтетін қалалық «Дөнентаев оқулары» байқауына жиі қатысып, жүлделі орындар алып жүрміз. Сәбит Дөнентаевтың шығармалары балалардың оқуына өте ыңғайлы, ол төгілтіп көп жазбаған, яғни, аз және саз жазатын қаламгер ретінде ерекшеленеді. Жазушы қазақ халқының әлеуметтік жағдайына, соның ішінде балалар мен әйелдердің құқығы, теңдігі мәселелеріне жіті назар аударып, бірқатар шығармасына арқау еткен. Ақынның тағы бір ерекшелігі, ол Абайды ұстаз тұтуында. Яғни, қазақтың бас ақынының реалистік бағытын ұстанған қаламгер. Міне, өзге қаламгерлерден ерекшелігі осында, — дейді Қорлан Сүйіндікова.

Мектеп ұжымы жерлес ақынның мерейтойын танымдық конференциямен түйіндепті. Конференция тақырыбы — «Ұлтын ұлықтаған — ұлы тұлға». Бұл шара жазушы мұрасын бағалау, бүгінгі ұрпаққа өнеге ету жолындағы маңызды қадам болды дейді.

— Шараға Павлодардан, Ақсудан және Май ауданынан қонақтар келіп, Сәбит ақынның қазақ халқына бергенін және болашақ ұрпаққа берер тағылымы тұрғысында сөз қозғап, пікір алмасты. Ақсу қаласының Құрметті азаматы  Қаршыға Шаяхметов қатысып, «Сәбит  Дөнентаев туралы жалпы  естеліктер» тақырыбында баяндама жасады. Осы мектептің түлегі, Марғұлан университетінің баспасөз қызметінің басшысы Бәкіжан Кәкім «Сәбит Дөнентаев шығармаларының стильдік ерекшеліктері: Көркемтай образы» тақырыбында өз ой-пікірін ортаға салды. Сонымен қатар, тарих пәнінің мұғалімі Данияр Ақылбеков «Сәбит Дөнентаев – Ақсу өңірінің ұмытылмас нартұлғасы» тақырыбында  баяндама оқыды. Болашақта осы конференцияда айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, ақын мұрасын насихаттау жұмыстарын жалғастыратын боламыз, — деді мектеп директоры Сайлау Тоқтасынов.

Тілеуберді САХАБА, Құркөл ауылы, Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.