С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада архив саласы қызмет-керлерінің кәсіби мерекесі тойланды. Осыдан төрт жыл бұрын 22 желтоқсан «Архивші күні» деп бекітілген болатын.

 

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан және аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген архив қызметкерлері қатысты.

1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң өз күшіне енген. Бүгінде облыс аумағында архив ісін 13 мекеме жүзеге асырады. Онда 172 маман еңбек етеді. Осы уақыт аралығында жергілікті мұрағатшылар Павлодар өңірінің 1 миллион 349 мың тарихи маңызды құжатын жинаған.

Мереке иелерін Айгүл Қайыртасқызы құттықтап, мамандардың қызметтегі ерен еңбегін атап өтті.

— Архив – өткеніміз бен бүгінімізді табыстырып, тарих жолында болған елеулі еңбектер мен сындарлы сәттерді, оқиғаларды жаңғыртатын басты рухани байлық, құнды дүние. Ел тарихын, том-том кітаптар мен құжаттарды бір жүйеге келтіру – асқан білікті талап ететін жауапты еңбек.  Аймағымыздың архив мекемелері жыл сайын 30 мыңнан астам түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіп, 250-ден астам көрме, семинар сияқты өзге де шараны ұйымдастырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Павлодар облысының архив құжаттары негізінде 30-ға жуық кітап пен жинақ басылып шыққанын атап өту керек. Архив – тұтас елдің тарихы сақталған қастерлі орын. Осы ретте, «Архив – 2025» жобасы саланың айтарлықтай жаңару, жаңғыруына өз септігін тигізді. Атап айтқанда, компьтерлік кешендер, заманауи сканерлер, т.б. техникалық жұмыстың тиімділігі арттырылуда.  Келесі жылға да жоспар аз емес. Ең маңыздысы – Павлодар облысы архив қызметінің 100 жылдығы аталып өтіледі. Осыған байланысты облыстағы орталық архив күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Қазіргі уақытта конкурстық құжаттар әзірленуде.

Сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қажымас қайрат, зор денсаулық тілеймін, — деді А.Мәлікова.

Салтанатты шарада көп жылғы адал еңбегі, еліміздің архив саласына қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар сала қызметкерлері марапатқа ие болды. Бұл ретте оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар, архив ісін дамытуға қосқан ерекше үлесі және ұзақ жылдар бойы архив саласын жетілдіруге белсене атсалысқаны үшін жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық архивінің басшысы Гүлия Омарова «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен мараптталды. Бұдан бөлек, бірқатар қызметкер мәдениет және архив саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен қажырлы еңбегі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына лайық деп танылды. Мерейлі мерекеде Павлодар облысы архив саласының дамуына зор үлес қосқаны үшін Павлодар облысы мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Күләш Есімхановаға табысталды.

Марапат иелерін жергілікті өнерпаздар құттықтап, ән мен күйден шашу шашты.

Гүлия ОМАРОВА, «Архив саласының үздігі» төсбелгісінің иегері:

— Жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық архивіне басшылық етемін. Архив саласында 2006 жылдан бастап еңбек етіп келемін, басшылық қызметте бір жылдан астам уақыт жұмыс істеудемін. Бүгінгі марапат осы 18 жылдың ішінде атқарған еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Қызметімді бағалаған әріптестеріме ризамын. Мамандығым бойынша мұғалім едім. Мұрағат саласына кездейсоқ келіп, қызметке деген қызығушылығым бірден артты. Біздің мұрағатта 153 мыңнан астам құжат сақталған. Оның бәрі облыс аумағында жұмысын тоқтатқан кәсіпорындармен байланысты. Біз сұралым білдірген азаматтарға солар туралы деректер тауып ұсынамыз. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыста толағай табыс тілеймін.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.