Үздіктер бас қосқанда…

Ақп 27, 2025

Көп жылдан бері қазақтың ұлттық өнер мен музыкасын көпшілікке танытып жүрген мәдени мекемелердің бірі — облыстық Иса Байзақов атындағы филармония. Бүгінде осы мақсаттан таймаған өнер ордасы жергілікті ақын-сазгерлердің де шығармаларын насихаттауды қолға алған. Жуырда сондай жобалардың бірі филармонияның концерт залында ұйымдастырылды. 

Филармонияның басшысы Амангелді Қожанов облысымызда Кеңес Одағы және тәуелсіз Қазақстан кезеңінде өз шығармашылығымен көпшілікке танымал болған ақын-композиторларымыз аз емес екендігін айтады. Сондықтан олардың туындыларын бүгінгі өнерсүйер қауымға дәріптеу мақсатында «Алтын бесік – туған ел» атты жоба дүниеге келгенін атап өтті.

— Филармонияның әр маусымында тың дүниелерді дайындаймыз. Солардың бірі – «Алтын бесік – туған ел» жобасы. Мақсаты – үлкен сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндігі бола бермейтін жергілікті ақын-сазгерлердің жұмыстарын анықтау, қолдау және насихаттау. Аталмыш жоба биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Өткен жылы бұл концертке тек филармонияның ұжымы қатысса, осы жолы үлкен сахнаға облыстың бірнеше қала мен аудандарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан әртістер жиналды. Олардың қатарында Дәуренбек Слямғали, Шыңғыс Асығатұлы, Серік Сыздықов, баянауылдық «Беу, жігіттер» ансамблі бар. Олар Рүстембек Омаров оркестрінің сүйемелдеуімен Естай Беркімбайұлы, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мейрам Ермеков, Алмагүл Жүгінісова, Бақтияр Шақпақбаев, Қайырбек Сәтиев секілді ақын- сазгерлердің әндерін орындады. Концертке филармонияның жетекші солистері де қатысты. Болашақта бұл жоба жалғасын табады деген ойдамыз, — дейді А.Қожанов.

Амангелді Хасенұлы, сонымен қатар өнер ұжымы бұдан бөлек тағы бірнеше жобаны дайындап жатқанын атап өтті. Олардың қатарында филармонияға есімі берілген белгілі ақын, әнші әрі сазгер Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай ауқымды шараларды өткізу ойда бар.

— Алдағы уақытта ақынның туған жері Ертіс және өзге де аудандарда концерттік бағдарламаларымызды өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Максим Хлемов есімді талантты өнер иесі Иса ақынның Желдірмесіне фантазия жазған болатын. Бұйырса, бұл шығарма осы жылдың соңына қарай өткізетін концертімізде орындалады. Одан бөлек, музыкалық мектептерде білім алатын балаларды қолдауға арналған «Самға», «Тағылым», облысымыздағы талантты да өнерлі жастардың басын қосатын «Ән аманат» секілді жобалар бар. «Ән аманат» жобасы алғашында үш жылда бір мәрте өткізіліп отыратын. Енді жыл сайын қорытынды кеш ретінде өтеді. Оған қоса, балалар мен қарттар үйіне барып қайырымдылық шараларын өткіземіз. Жылына екі, үш мәрте қалалар мен аудандарды қамтып, қайырымдылық концерттерін ұйымдастырамыз, — дейді А.Хасенұлы.

Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімовтің сөзінше, аймағымызда көпке танылмаған ақын-сазгерлер жетерлік. Сондықтан оларға қолдау көрсету керектігін айтады.

— Облысымызда талантты музыканттар көп. Олардың шығармалары ерекше лирикаға, романтикаға және күш-қуатқа толы. Ал олардың таланттарын одан әрі ашуға көмектесу және көпшілікпен таныстыру – біздің міндет. Сондықтан екінші жыл қатарынан ұлттық музыканы дамыту және насихаттауға бағытталған жобамызды жалғастырып келеміз, — дейді Т.Кәрімов.

Баянауылдық «Беу, жігіттер» ансамблінің мүшесі Жандос Адамов мұндай ауқымды концерттік бағдарламалар өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік екендігін тілге тиек етті.

— Концертке Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шақыртуымен қатыстық. Кеш барысында Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен бірнеше шығарманы орындадық. Мұндай жобаларға қатысу – біз үшін зор мүмкіндік. Себебі, деңгей көтерілген сайын мол тәжірибе жинақтай бастаймыз, — дейді ол.

Концерттік бағдарлама барысында Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Шернияз» би ансамблі, камералық хор, «SAMIYAN» вокалдық тобы, «Ретро» вокалдық ансамблі, филармонияның жеке орындаушылары, Ақсу қаласынан Ерболат Бортыбай, Екібастұз қаласынан Арман Рай, Алтынгүл Бақытхан, Аққулы ауданынан Есім Бейбітхан, Баянауыл ауданынан «Беу, жігіттер» халық ансамблі, «Шаңырақ» орталығынан «RUH» этно-микс ансамблі, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Сыздықов, жас музыканттар Айтмұхамет Айрузи, Садовник Алиса, дәстүрлі әншілер, кеш қонақтары Дәуренбек Сләмғали, Шыңғыс Асығатұлы өнер көрсетті.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.