С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Үздік оқырман» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сайыс барысында қатысушылар 2 айда 40-қа жуық кітапты оқып шықты. «Үздік оқырман» атанғандар велосипед пен самокат ұтып алды.
Байқау 10 маусым және 10 тамыз аралығында өтті. Қатысушылар 7 мен 14 жас аралығындағы балалар арасында ұйымдастырылды. Облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова бұл байқау балалар арасында кітап оқудың маңызын арттыру және насихаттау мақсатында өткізілгенін атап өтті.
— Жарыс талабы бойынша әрбір оқылған туындыға қатысушы шағын аннотация жазуы керек болды. Байқау шарты бойынша әр үміткер кемінде 15 кітап оқып, оның мазмұнын сапалы түрде ұсыну керек еді. Оған жеткізе алмағандар да болды. Дегенмен, барлық қатысушыға Алғыс хаттар табысталды, — деді Ш.Шахметова. Байқау қорытындысы бойынша 7 жастан 10 жасқа дейінгі аралықта Ясмин Шахмұрат самокат, ал 11-14 жас аралығында Лучезара Кузина велосипед жеңіп алып, үздік оқырман атанды. Жеңімпаздардың бірі Ясмин Шахмұрат аталмыш уақыттың ішінде 41 кітапты оқып үлгерген.
— Маған кітап оқыған ұнайды. Осы байқауда 41 кітапты оқыдым. Олардың желісі әртүрлі. Маған әсіресе, ертегілер ұнады, — деді Ясмин. Еске сала кетейік, «Үздік оқырман» жобасы жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық кітап-ханаларда ұйымдастырылады.
Айдана БОРАНБАЕВА.