Биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай аймағымызда алғаш рет 20-25 қыркүйек аралығында «Ертіс-Баян» республикалық театрлар фестивалі өтеді. Фестивальдің маңыздылығы қандай? Оған кімдер қатысады? деген сауалдар төңірегінде Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбекпен тілдескен едік.
— Арман Темірбекұлы, өңірімізде алғаш рет театр фестивалі өткізілгелі отыр. Оған қоса, бұл шара театрға есімі берілген ірі тұлға Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай өтеді екен. Бұл шараның мақсаты қандай?
— Фестивальдің басты мақсаты — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығын мерекелеп, оның есімін және шығармашылығын ұлықтау. Одан бөлек, отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау және театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізгелі отыр.
— Байқаудың іріктеу кезеңі қалай өтті? Қатысушылар қандай критерийлер бойынша сыннан өтті?
— Фестивальдің конкурстық бағдарламаға қатысатыны туралы ақпарат театр ұжымдарына осы жылдың 25 маусымына дейін хабарланды. Іріктеу кезеңі 10 мамыр — 15 маусым аралығында өтті. Бұл фестивальдің негізгі талабы – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс болды.
Арнайы театртанушылар мен режиссерлерден құрылған эксперттік комиссия мүшелері драма және музыкалық-драма театрлары арасында 30-40-тан астам түскен өтінімнің ішінен 11 спек-такльді таңдап алды. Атап өтсек, «Ricard III», «Сәке-Мәке», «Абай айтқан Еңлік-Кебек», «Шинель», «Қарагөз», «Ақан сері туралы аңыз», «Войцек», «Тартюф», «Күйеу бала», «Ulken ui» және «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымы.
— Фестивальде кімдер бақ сынайды?
— Фестивальде іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен еліміздің өзге өңірлерінен келген 11 өнер ұжымы бақ сынайтын болады. Олар — Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жас көрермен труппасы және Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры.
Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне қарық болады деген ойдамыз. Бұл біздің өзге әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.