Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда үш баритонды әншінің шығармашылық кеші өтті. Бұл — филармонияның көпжылдық тарихында үш баритон қатар қатысқан алғашқы концерт. Олар — республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары — Алмас Мұқатай, Айбар Ашкеев және Әлижан Қазыбеков.

Концерттік бағдарламаның режиссері әрі скрипкашы Малике Катайдың сөзінше, бұл — оның екінші жобасы. Бұған дейін ол өткен жылы белгілі сазгер Муслим Магомаевты еске алуға арналған «Махаббат әуені» атты сазды кешін өткізген.

— Бір жыл бұрын үш баритонды әншінің шығармашылық кешін беру ойы келген болатын. Сөйтіп, филармонияның басшылығымен келісіп, осы маусымның басында өткізуді ұйғардық. Дайындыққа көп уақыт кетті. Неге десеңіз, бағытын, репертуарын таңдау аз уақытта шешілмейді. Сондықтан көрермендерге ерекше әсер сыйлау үшін концертті үш бөлімге бөлдік. Алғашқы бөлімге өздеріңізге белгілі «Дудар-ай», «Аққу домбыра» және танымал композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри енді. Екінші бөлімде әлемге белгілі Джованни Капурроның «’O sole mio», Арно Бабаджанянның «Сұлулық патшайымы», Бенни Андерсонның, Бьорн Ульвеус пен Стиг Андерсонның «Dancing Queen», Рой Орбисонның «Oh, Pretty Woman», Консуэло Веласкестің «Besame mucho» әндері орындалса, соңғы бөлімде Қазақстанның мәдениет қайраткері Виктор Шейкиннің жетекшілігіндегі джаз оркестрінің сүйемелдеуімен «Sway», «Синяя вечность», «Омаха», «Quizac, Quizac, Quizac» cекілді әндер шырқалды, — деп атап өтті М.Катай.

Үш баритонды әншілердің бірі Айбар Ашкеев дайындық барысында шығармаларды бірлесіп орындауда қиындықтар болғанын жасырмады. Өйткені, бүгінге дейін үш әнші де жекелей өнер көрсетіп келген.

— Бір дауысты үш әншінің концертін өткізу туралы ұсыныс түскенде бірден қабылдадық. Себебі, тәжірибе жасағанды жақсы көреміз. Репертуардағы әндерді өзіміз таңдадық. Олардың қатарында тыңдармандардың жанына жақын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі танымал туындылар бар. Концерт барысында трио болып 13 әнді, ал жекелей 1 ән шырқадық. Дайындыққа 1 айға жуық уақыт кетті, — дейді ол.

Кеш барысында филармонияның солистері көпшіліке таныс «Дудар-ай», «Аққу домбыра», «Қарағым-ай» және қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың лирикалық композицияларынан әр буынның әйгілі әрі сүйікті әндерін орындады. Концерт-мейстер – саусағынан бал тамған пианиношы, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Ерлік Сайырхан. Әндерді Қазақстанның мәдениет қайраткері Виктор Шейкиннің жетекшілігіндегі джаз оркестрі сүйемелдеді.

Айта кетейік, бұл концертке келе алмаған тыңдармандарға өнер ұжымы тағы бір мәрте өткізуге дайын.

Айдана БОРАНБАЕВА.