Үш ұрпаққа жеткен әуендер

Ақп 12, 2026

Қазақтың ұлттық ән өнерін насихаттап, дәстүрлі музыканың мәйегін ұрпақ санасына сіңіріп келе жатқан баянауылдық «Беу, жігіттер» халық ансамблі 1986 жылдың 16 желтоқсанында өнер жанашыры Жүрсінбай Мұқаевтың бастамасымен негізі қаланды. Құрылған күннен бастап ансамбль ұлттық өнерді дәріптеуді басты мақсат етіп, халық әндерінің қадір-қасиетін ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да таныта білді.

Алғашында 12 өнерпаздан құралған ансамбль таза инстру-менталды топ болып өнер көрсеткен. Уақыт өте келе ұжымның шығармашылық ауқымы кеңейіп, халық әндерін орындаумен қатар авторлық шығармаларды да сахнаға шығара бастады. Осылайша, «Беу, жігіттер» ансамблі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Ансамбль тарихында бірнеше шығармашылық буын алмасып, әр кезеңде ұлттық өнерге адал қызмет еткен өнерпаздар шоғыры тәрбиеленіп шықты. Ұжым Өзбекстан, Ресей елдерінде өткен мәдени шаралар мен халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі әндерін кеңінен насихаттады. Бұл сапарлар ансамбльдің тәжірибесін арттырып қана қоймай, шетелдік көрермендерге ұлттық өнердің тереңдігін танытты.

Бүгінде ансамбльдің үшінші құрамындағы жас буын өкілдері облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Олардың өнерге деген ынтасы мен жауапкершілігі ансамбльдің болашағына зор үміт ұялатады. Ансамбльдің бұрынғы мүшелері де бүгінгі буынға оң бағасын беруде.

– Қазіргі жастарға қарап сүйсінесің. Мүмкіндіктері мол, барлығы білімді, әрқайсысы — осы өнер саласында арнайы оқыған азаматтар. Концерттерінде көріп жүрміз, репертуарлары да жақсы. Алда зор жетістіктер күтіп тұр деп ойлаймын, – дейді «Беу, жігіттер» халық ансамблінің 1990 жылдардағы мүшесі Дәулетбек Бабиев.

Қазіргі құрамда өңірімізге кеңінен танылып үлгерген Мерхат Қайыркен, Мереке Олжатай, Тілек Мағұлов, Жақсылық Тәңірберген, Мадияр Ахаев, Жандос Адамов, Мәди Есмақаев өнер көрсетеді. Олар домбыра, үш ішекті домбыра, сырнай, шертер, даңғыра, сылдырмақ секілді ұлттық аспаптарда ойнап, халық әндерін заманауи нақышта орындап келеді. Айта кету керек, дәл осы құрам Омбы қаласында екі мәрте өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын.

Ансамбльдің жетекшісі Мерхат Қайыркен ұжымның шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдерге тоқталды.

– Мен 2010 жылдары екінші толқын ағалармен бірге домбырашы ретінде жұмысқа кірдім. Сол жылдары Самарқанд қаласына, Ресей елдеріне сапарлап, түрлі байқауға қатыстық. Авторлық әндер бойынша лауреат атанып, облыстық деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтижелер көрсеттік, – дейді ол.

Қазіргі таңда ансамбльдің репертуарында төрт авторлық ән бар. Одан бөлек, халық арасында кеңінен танымал «Маралдым», «Баянауыл вальсі», Иса Байзақовтың «Желдірмесі» және Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндеріне жаңаша өңдеу жасап, орындап жүр. Бұл туындылар ансамбльдің орындауында жаңа тыныс алып, көрермен көңілінен шығып келеді.

Мерхат Қайыркен ұжымның қазіргі шығармашылық бағытына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ансамбль заман талабына сай жаңаша бағытқа бет бұрған.

– Қазіргі уақытта көрерменнің талғамы өзгеріп келеді. Сондықтан біз дәстүрлі ұлттық өнерді сақтай отырып, эстрадалық бағытқа біртіндеп көшіп жатырмыз. Халық әндерін заман ағымына сай өңдеп, жастарға жақын нұсқада ұсынуды көздейміз. Бұл – ұлттық өнерден алыстау емес, керісінше, оны жаңа буынға жақындатудың бір жолы. Алдағы уақытта осы бағыттағы жаңа авторлық әндерімізді тыңдарманға ұсынамыз, – дейді ол.

Ансамбльдің шығармашылығына жергілікті әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Ұжым ұлттық сахналық киімдермен және қажетті музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, демеушілер де қолғабыс жасап, ансамбльдің дамуына өз үлестерін қосуда.

Биыл «Беу, жігіттер» халық ансамблі өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр. Осыған орай, ауқымды шығармашылық кеш ұйымдас-тырылмақ. Кеш барысында дәстүрлі халық әндері мен авторлық шығармалар орындалып, ұлттық өнердің құндылығы тағы бір мәрте насихатталмақ. Ұжым алдағы уақытта да тыңдармандарын жаңа туындыларымен қуантып, ұлттық өнердің биігінен көрінуді мақсат етеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.