Осы жылдың басында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әр айдың он бесі күні ұлттық күн болып жарияланды. Осыған орай, сол күндері мекеме қабырғасында қазақ халқының ұлттық құндылықтарына қатысты шаралар өтіп отырады.

Кітапхананың креативті шығармашылық орталығының басшысы Марал Тәженованың айтуынша, олардың арасында дәстүрлер фестивалі, ұлттық киім мен әшекей бұйымдар, ұлттық тағамдар, ертегілер, жеті қазына, ұлттық ойындар, ұлттық аспаптар, қазақ тілі, би және ою-өрнек секілді күндер бар.

— Кітапханамызда жыл басынан бері әр айдың 15-і күні қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеу мақсатында түрлі шара өтуде. Мәселен,
15 ақпанда қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдары күнін ұйымдастырдық. Онда жастарға әшекей бұйымдарын дайындау бойынша шеберлік сағаттары өтті. Осы жолы ұлттық би күнін де атап өттік. Шара барысында бидің тарихына үңіліп, пайдасы туралы сөз еттік. Ал желтоқсанның 15-інде қазақ ұлттық ою-өрнегін дәріптеу мақсатында шара өткізіп, жобамызды қорытындылаймыз, — деді М.Тәженова.

Кешке Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының және М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Жұлдыздар» би студиясының бишілері қазақтың ұлттық билерін биледі.

А.БОРАНБАЕВА.