Наурыз мейрамы қарсаңында Ақсу қала-сындағы Абай атындағы орта мектепте «Көктем келді – әлемге» атты фестиваль өтті. Шара жанұялар арасында ұлттық мерекенің мән-маз-мұнын дәріптеу мақсатында және «Құқықбұзушылықсыз мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылды.

 

Абай атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынар Қасымханованың айтуынша, бұл фестиваль аталған жоба аясында мектеп қабырғасында бастау алған.

— Бұл фестиваль жасөспі-рімдердің арасында құқықбұзу-шылыққа жол бермей, жастарды жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге негізделген. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаныңда ұйымдастырылған шараға ұстаздар мен ата-аналар бірігіп, «Бауырсақ party» мерекесін өткізді. Біздің мақсатымыз – ата-ана мен оқушылар арасында ұлттық мерекені және қазақ халқына тән ұлттық құндылықтарды насихаттау, — дейді ол.

«Бауырсақ party» алаңында ата-аналар бауырсақтың түр-түрін дайындаған. Олардың арасында ши, ұсақ, бұрама, сәукеле, май, домалақ, шай, қиғаш, бармақ секілді түрлері бар.

— Мұндай шаралар білім ордасында жыл сайын өткізіліп келеді. Ата-ана ретінде біз де жиі белсенділік танытамыз. Осы акцияда бір сыныптың ата-аналары болып бауырсақтың 10-нан аса түрін дайындадық. Құрамдары ұқсас болғанымен, дайындалу процестері әртүрлі. Бірі – ұсақ, жіңішке болса, бірі – дөңгелек, қиғаш нұсқада әзірленді. Солардың бірі – сәукеле бауырсақ. Бүгінде бұл бауырсақтың түрі көпшілік арасында танымалдылыққа ие. Жасалу жолы да оңай, — деді ата-ана Айнұр Әлиева.

Келесі «Ұлттық салт-дәстүрлер» алаңында Ақсу қалалық «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі мен ата-аналар бірлесіп «Сырға салу» дәстүрінен көрініс көрсетті.

— Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Халқымыз қашан да қыз баланың тәрбиесіне аса назар аударып, төрге отырғызып құрмет көрсеткен. Себебі, қыз — болашақ ана, ақжаулықты әже. Осы фестиваль шеңберінде дәстүрлер арасында «Сырға салу»  дәстүрін көрсеттік. Сырға салу – қыз ұзату, келін түсіру жоралғыларынан бұрын жасалатын дәстүр. Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді. Алдымен жігіттің ең жақын төрт-бес туысы қыздың үйіне келіп,  қалыңдықты алып кететін күнді белгілейді. Қыздың ата-анасы мал сойып, құдаларды дастарқан жайып қарсы алады.

Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі, қазақ халқы қыз баланы «алтынға» балаған. Қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Осы кезде жігіттің жеңгелері «Құлағың жамандықты естімесін» деп қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйген. Сондай-ақ, жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді, — дейді «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шәмшия Құсайынова.

Аталған шарада ұлттық киім де ұлықталды. «Ұлттық киім» шеруінде ата-аналар мен оқушылар қазақы нақыштағы киімдерді киіп, көптің ықыласына бөленді.

Фестиваль барысында ата-аналар арқан тарту, гір тасын көтеру, теңге алу, армресслинг сынды спорт түрлерінен сынға түсті. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделі орындарға ие болды.

Айдана Боранбаева, Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген — Есенжол ИСАБЕК.