Қазақ өнеріне өзіндік із қалдырып, әсіресе, ұлттық театрдың қалыптасуы мен шығармашылық жолында рухани ерлік жасап, тарих беттерінде қалған кәсіби сахна саңлақтары — Шаниндер әулеті екені баршаға айқын. Жұмат Шанин бір төбе болса, Әкіш, Қасымхан, Атығай Шаниндер жеке-жеке бір төбе. Биыл сол ағайынды Шаниндердің бірі — өнер қайраткері, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, актер, режиссер, драматург Атығай Құрманбайұлы Шаниннің туғанына 120 жыл толып отыр.
Атығай Құрманбайұлы Шанин 1905 жылы Баянауыл ауданының бұрынғы Южный, қазір Ж.Шанин деп аталатын ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен әкесінің айтқан жырларына, шешендік сөздеріне, ауыз әдебиетінің асыл қазынасына ерекше зейін қойып ер жетеді.
Білім нәрін ауылынан бастаған Атығай Құрманбайұлы оқуын әрі қарай Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында жалғастырады. Семейде оқыған жылдары ағасы Жұмат Шаниннің режиссерлігімен «Ес-аймақ» драмалық группасы қойған спектакльдерді, соның ішінде Ж.Шанин жазған «Арқалық батырды» да көреді. Бұдан соң Алматы театрының әртістері, оның ішінде Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков сынды тарландармен танысуы оның бойындағы өнерге деген құштарлығын арттырады.
Бойдағы туа біткен талант пен асқақ арман жетелеген Атығай Мәскеу кинематография институтының режиссура факультетіне түсіп, екі курсын бітірген соң отбасы жағдайына байланысты кері қайтады. Елге оралған ол 1932-1934 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы жұмысшы жастар театрында актер әрі драматург, ал 1934-1938 жылдары Павлодар театрының көркемдік жетекшісі әрі газет қызметкері болып жұмыс істейді. 1938-1943 жылдары Қарағанды драма театрында актер әрі екінші режиссер болып тағайындалып, театр сахнасында көптеген белді рөлдерде ойнап, бірқатар спектакльдерді сахналап, халықтың шынайы ықыласына бөленеді. Оны кәсіби дара тұлға ретінде танытқан «Қарқаралы халық театры» еді. Ол осы театрда 1943 жылдан бастап 1956 жылға дейін режиссер болып қызмет атқарады. 1956 жылы театрдың жабылғанына қарамастан, мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі әрі драма үйірмесінің жетекшісі болып қызмет істейді. Театр көптеген аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанып, сексеннен астам спектакльді сахналаған. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Қамар сұлу», «Ажар мен ажал», «Қос анар», «Жалғыз ағаш орман емес», «Беу, қыздар-ай», «Той боларда», «Шұға», «Қызыл сұңқарлар», «Жау тылындағы бала», «Біз де ғашық болғанбыз», «Досымның үйленуі», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мұхиденнің тағдыры», «Қанат талды» және тағы басқа да көп туындыларды сахналап, ел қошеметіне бөленген. Атығай Шаниннің 90 жылдығына орай «Атығай Шанин атын Қарқаралы халық театрына беру туралы» Қарқаралы ауданы әкімінің №363 шешімі қабылданып, 2005 жылдың 14 шілдесінде Қарқаралы аудандық мәслихатының ұсынуымен Қарқаралы халық театрына Атығай Шанин аты берілген. Ал 1967 жылы Атығай Шанин Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген құрметті атаққа ие болады. 1969 жылы «Салтанат» ән-би ансамблінің негізін қалаған. 1970 жылы Қарағандының «Кеншілер» Мәдениет сарайында өткен облыстық байқауда «Салтанат» ансамблі бас жүлдені жеңіп алған.
Осындай абыройлы іс атқарып, бар ғұмырын қазақ өнеріне арнаған ол 1986 жылы қайтыс болып, Қарқаралыда жерленген. Халық алдында қалтқысыз қызмет еткен, қазақ театрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Атығай Шаниннің есімі мәңгілік ел есінде сақтала бермек.
М.НҰРБАЕВА, С.Торайғыров мемориалдық музейінің басшысы, Баянауыл аудан.