Қазақ халқының бай мәдени мұрасы оның ән-күй, жыр-терме, дәстүрлі орындаушылық өнерінде жатыр. Сол рухани байлықты бүгінгі ұрпаққа жеткізуде фольклорлық ансамбльдердің алар орны ерекше. Осы орайда Май ауданындағы «Май әуендері» фольклорлық ансамблі — ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шығармашылық ұжымдардың бірі.
Ансамбль 2004 жылы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылды. Ұжымның негізін қалаған — ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-сазгер, халыққа кеңінен танымал «Ақ сәулем» әнінің авторы Амангелді Ыдырысов. Ұлт өнерін ұлықтауға үлкен үлес қосқан бұл азамат ансамбльдің шығармашылық бағытын айқындап, сапалы репертуар қалыптастыруда зор еңбек сіңірді.
Ансамбль құрамында 22 жастан жоғары әртүрлі буынның өкілдері өнер көрсетеді. Ұжым мүшелері – мәдениет саласының білікті қызметкерлері. Репертуарда қазақ халық әндері, терме-толғаулар, күй өнері, заманауи халық әндері, сондай-ақ жергілікті сазгерлердің авторлық туындылары қамтылған. Бұл бағыт ансамбльдің ұлттық сипатын сақтай отырып, қазіргі заман талғамына да сай өнер көрсетуіне мүмкіндік береді. Әр қатысушының өзіндік үні, дара орындау мәнері бар. Бұл ұжымға көркемдік әр берумен қатар, көрерменге әсерлі өнер ұсынады.
2016 жылы ансамбльге «Халықтық» атағы беріліп, бұл мәртебе 2019 жылы қайта расталды. Сол жылы Павлодар қаласында өткен «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» атты облыстық жобада ансамбль бас жүлдені жеңіп алып, өңір мақтанышына айналды.
Бүгінде ансамбльге Мәдениет саласының майталманы, білікті маман Дулат Мұхамедияров жетекшілік етеді. Жетекшілік қызметте ұжым жұмысын жүйелі ұйымдастырып, әрдайым тың идеяларымен ерекшеленіп келеді. Оның басшылығымен ансамбльдің шығармашылық тынысы кеңіп, репертуар жыл сайын жаңарып, көрермен талғамына сай өрістеп отыр.
Ансамбль аудандық және облыстық мәдени шаралардың бел ортасынан табылып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі есептік концерттерге қатысып, Алғыс хаттармен марапатталады.
Биыл ансамбльдің алдында үлкен мақсат тұр. Ол — «Халықтық» атағын қайта қорғау. Бұл жолда ұжым ерекше дайындық үстінде. Репертуар жаңартылып, орындаушылық шеберлік шыңдалып, сахналық мәдениет пен киім үлгісі толықтай жүйеге келтірілуде.
Айдана БОРАНБАЕВА.