Ұлт мұрасын ұлықтаған

Қаз 16, 2025

Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейінде әйгілі жерлесіміз, талантты музыкант, сазгер, «Үкілі домбыра» республикалық байқауының жеңімпазы Шәкен Рақышевтің  90 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» атты еске алу кеші өтті.

Шара барысында өмірін қазақтың ұлттық музыкасына арнаған шебер тұлғаның өнер жолы мен мұрасы кеңінен дәріптелді. Кешті музейдің жетекшісі Ерлан Рахимов ашып, Шәкен Рақышевтің өңір мәдениетіне қосқан зор үлесін атап өтті.

— Шәкен ағамыз консерваторияны толық бітірмесе де, бар ғұмырын музыка өнеріне арнады. Ол – домбыра, қобыз, шертер, бастон сияқты ұлттық аспаптарды жасауда ерекше қолтаңбасын қалдырған шебер. Бүгінде оның жасаған аспаптары мен жеке заттары музей қорында сақтаулы. Шәкен Рақышевтің музыкалық аспаптарын, жеке мұраларын музейге оның немере інісі Нұрлан Рақышев табыс еткен, — деді музей басшысы.

Іс-шараға Шәкен Рақышевтің туыстары, шәкірттері және өңір шеберлері қатысты. Солардың қатарында домбыра шебері Бауыржан Барлықов, прима қобыз шебері Бауыржан Ысқақов, ағайын-туыстары Қайнарбек Махмет және Нұрлан Рақышев, сондай-ақ ұстаздық жолын жалғастырып жүрген шәкірттері болды.

Кеш барысында Шәкен Рақышевтің өз қолымен жасаған домбырасы мен аккордеоны музей қорына ресми түрде тапсырылды. Ал атадан қалған көне бесік туыстарының қолында сақтаулы, олар оны осы кеш барысында көрермендерге арнайы әкеліп көрсетіп, көпшілік назарына ұсынды. Марқұмның шәкірттері мен замандастары естеліктерімен бөлісіп, оның адамдық болмысы мен ұстаздық жолындағы еңбегін ерекше ықыласпен еске алды.

— Шәкен ағай өте қарапайым, сабырлы, биязы адам еді. Ән мен күйді жаны сүйіп, шәкірт тәрбиелеуге бар күшін арнады. Оның әрбір жасаған домбырасы – бір тарих, — деді шәкірті Рымкеш қажы Сапарбекқызы.

Ұлттық қолөнерші, Шәкен Рақышевтің немере інісі Қайнарбек Ерназарұлы да ағасы туралы өз естелігімен бөлісті.

— Ауылымызда ағамыздың туған інісі Болат деген кісі болатын. Сол кісі екеуі домбыра жасайтын. Інісі ауылда домбыра жасаса, Шәкен ағамыз қалада жасайтын домбыраны. Мен кейде олардың шеберханасына барып, жұмыс барысын қызықтап тамашалайтынмын. Әсіресе Шәкен ағамыздың түрлі жаңа материалдарды, бізге таңсық ағаш түрлерін әкеліп, шеберлікпен қолданатыны есімде. Домбыра беттеріне арналған «шпон» сияқты материалдарды ерекше өңдеп, аспаптарға өз қолтаңбасын қалдыратын, — деді ол.

Шәкен Рақышев – қазақ қолөнерінің алтын қазығын ұстаған, өнер мен өмірді бір арнаға тоғыстырған тұлға. Оның мұрасы – ұлттық рухтың мәңгілік белгісі.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.