Той – халықтың қазынасы. Биыл елімізде көптеген ұлы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтуде. Облыс көлемінде Ғабдыл—Уахит Хазірет, Естай, С.Торайғыровтың мерейтойлары тойланды. Жуырда ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына арналған ауқымды шаралар жоспарлануда. Осы ретте халық арасында тойларды өткізу деңгейіне қатысты сан түрлі пікірлер қалыптасқан. Жалпы, ұлылар тойы өз деңгейінде ұйымдастырылып жүр ме? Атақты адамдардың мерейтойларын қалай өткізген дұрыс? Осы сауалдарды «Алаңда» талқылап көрелік.
Социал Әйтенов, Қазақстанның Құрметті журналисі:
— Ұлыларымызды ұмытпай, есімдерін ұлықтап жүргеніміз өте орынды. Алайда, атақты адамдардың мерейтойын туып-өскен топырағында ғана тойлау дегенге келісе алмаймын. Қазаққа ортақ тұлғалардың есімдерін ел көлемінде ардақтап, еңбектерін насихаттау қажет. Ақын болса, оның шығармашылығы, қоғам қайраткері болса, елге еткен қызметі кеңінен насихатталғаны жөн. Тойларды атап өтудің жастарды тәрбиелеуде маңызы зор. Сондықтан ақын-жазушылардың мерейтойында кітаптарын басып шығарып, сол кісі туралы мол мағлұмат беретін кітапшалар таратқан да артық болмас еді.
Тойдың тек сауық құрып, ішіп-жеу мақсатында емес, елдің есінде қалатындай, халық рухани ләззат алатындай деңгейде ұйымдастырылуы маңызды. Мәселен, Естайдың мерейтойы туған ауылында ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінде аталып өтіп, қорытынды ретінде үлкен шара ұйымдастырылса, Естайдың шығармашылығы кеңінен насихатталар еді. Тойды өткізудің формалары көп. Әсіресе, қазақтар аз тұратын елді мекендердің мейлінше қамтылғаны жөн. Ұлы тұлғалардың мерейтойларын мәдениет бөлімі немесе басқармасына артып қоймай, ел болып атсалысқан абзал.
Шолпан БАЙҒАЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
— Біздің өңірде ұлылардың мерейтойлары түрлі деңгейде аталып өтуде. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығы өз елінде өткені дұрыс деп есептеймін. Өйткені тойдың алдында тойға келген қонақтар кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштап, рухына тағзым етеді. Алыстан келген қонақтар кесенесіне барып, бір минут еске алып, ақындар өлең оқиды. Одан кейін сценарий бойынша сахна құрылып, ақынның өмірі туралы баяндамалар, естелік айтылады, ұлттық ойын-сауықпен жалғасады.
Негізі, мұндай тойлар ұлылардың елінде өткені дұрыс. Оған елдің адамдары да барады. Мен Шарбақты ауданында өткен Ғабдыл-Уахит Хазіреттің дүбірлі тойында болдым. Маңайдағы ауыл тұрғындары ат-арбамен, жаяу-жалпылап та келді. Бәрінен бұрын ел риза болды. Менің ойымша, елдің абыройы мен мерейін көтерген дұрыс. Болашақ ұрпақ біздің елдің қасиетті адамы деп мақтанышпен айтады, ұлылардың есімі таныла түседі. Облыс орталығында онсыз да көптеген шаралар өтіп жатады.
Әйгерім ЖАЛБЫРОВА, Екібастұз қаласының тұрғыны:
— Атақты адамдардың мерейтойларын өткізгенде әкім-қаралар мен депутаттарды, басшы-қосшыларды күтуге арналған шара ретінде шеңберін тарылтпай, кең көлемде өткізген жөн деп ойлаймын. Жақында Екібастұз қаласында әйгілі композитор Естайдың 155 жылдық мерейтойы, Баянауыл баурайында демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бір байқағаным, қазіргі тойларда халықтық сипат аз. Тойдың құрметіне тігілген көрікті киіз үйлерге алдын ала белгіленген тізімдегі адамдар ғана кіреді.
Той белгілі бір тұлғаларды төрге шығарып, қарапайым жұртшылық сырт қалып қояды. Мәселен, Торайғырда өткен той кілең лауазымды, мандатты тұлғаларға айналған шара іспетті болды. Көбіне қарапайым халық сырттағы мәдени шараларды ғана тамашалап, киіз үйлерді айналсоқтап, тамақты саудагерлерден алып, бала-шағамен кіре алмай қайтады. Есесіне бұл күні саудагерлердің саудасы қызып, су мен сусынды екі есе бағаға сатып, қалталарын қампайтады. Тойда ең алдымен халықтың алғысына бөлену маңызды.
«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.