Ұстаз салған дара жол

Қаз 16, 2025

Қазақтың зиялы әйелдерінің ізін жалғаған, Ертіс-Баян өңіріндегі ұлт руханиятын дамыту ісіне айрықша үлес қосқан Зара Қожахметованың туғанына 85 жыл толды. Осынау айтулы күні өңірімізде ұлағатты ұстазды еске алу кеші өтті.

Зара Қожахметова еңбек жолын Павлодар қаласындағы №10 Абай атындағы қазақ орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастап, 30 жылдық өмірін ұстаздыққа арнаған. Ұзақ уақытқа ұласқан адал ұстаздық қызметі үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағы мен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Ол кісінің жетекшілігімен халықтық салт-дәстүрді зерделеу, аға ұрпаққа құрмет көрсету, жастар мен балаларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылған. 1991 жылы Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы Павлодар облыстық филиалының негізін қалаған. Мемлекеттік және қоғамдық өмірге сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталған. 2012 жылы елге сіңірген еңбегі үшін «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Жуырда өңірде асыл тұлғаны еске алу шарасы өтті. Атап айтқанда қазақ әйелінің қоғам-дағы рөлін айшықтау, ұлттық салт-санамызды жаңғырту мақсатында «Асыл әже» байқауы ұйым-дастырылды. Байқауға өңіріміз-ден он шақты ақ жаулықты әже қатысты. Аналар байқау барысында өз парасатымен ерекшеленіп, жас буынға ақыл- кеңестерін жаудырды. Тағылымға толы іс-шара марапаттау рәсімімен аяқталды.

Еске алу кешіне арнайы шақырылған қонақтардың ішінде Зара Қабдышқызының ұлы Асқар Қажыкенов те болған еді.

— Бұл шара тек біздің отбасымыз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Мұнда үлкен тәрбиелік мән бар. Анамыздың өмір жолы бәрімізге үлгі, ол бізге оптимизм мен өмірге деген құштарлық сыйлады. Ең бастысы, адалдық пен мәдениеттің не екенін өз ісімен көрсетті, — деді ол.

Сонымен қатар, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеде Зара Қожахметованың жеке заттары, естелік суреттері қойылды. Шараға облысымыздың «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, өнерпаз жастар қатысты.

— Зара апамызды үлкен сағынышпен еске аламыз. Ол өз жолын, ұмытылмас, дара жолын салып кетті. Демек, ол өлген жоқ. Оның ұстаздығы — бір төбе, жеке адамгершілігі — бір төбе. Халық жадында мәңгі сақталатынына сенімім мол. Осындай біртуар тұлғаларымызды еске алып жүретін Бұқар жырау музейінің басшылығына мың алғыс білдіремін. Артында ұмытпайтын ұрпағы болса, әр адам емес-ау, әр ұлттың болашағы мәңгілік болмақ, — деді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максиолва.

Айта кетейік, осы күні қоғам қайраткерінің есімі өзі ұстаздық еткен Абай атындағы гимназияда да қайта жаңғырды. Әріптестері, көзін көрген замандастары және тағылымын тарихынан түсінген жас буын асыл бейнені сағына еске алып, оқу орны ғимаратында орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сара АВДОЛ.