Биыл ақын әрі журналист Мүбәрәк Жаманбалиновтың туғанына – 100 жыл. Осығар орай, Павлодар қалалық көркемсурет мектебінде сурет салу бойынша шеберлік сағаты өткізіліп, ақынның шығармаларынан көрме ұйымдастырылды.

Ақынның шығармаларынан иллюстрациялар көрмесін ұйымдастыру – балалар көркемсурет мектебінің жазғы бағдарламасының бір жобасы. Бұл жобаға  қаланың  орта білім беретін мектебінің  жазғы мектеп жанындағы лагерлерінен 1600 оқушы  қатысты.

Балалар көркемсурет мектебінің педагогтерімен графика және кескіндеме бойынша сабақтарға қатысып, ақынның шығармаларын суреттеді. Олардың арасынан «Мода», «Дархан жер»,  «А дегенің Ана..»,  секілді туындыларды атап өтуге болады.

Көрме барысында оқушылар балалар ақыны Мүбәрәк Жаманбалиновтың туған жерге, Отанға арнаған өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, Павлодар қалалық №27, 7, 6, 26, 35, М.Әуезов, Б.Момышұлы, М.Жүсіп атындағы орта мектептердің тәрбиенушілері белсенділік танытты.

— Бұл жобаның балалар үшін пайдасы зор. Себебі, біріншіден, Мүбәрәк Жаманбалиновтың өмірімен және шығармашылығымен таныса алды. Сондай-ақ, өлеңдерін жатқа оқудан бөлек, оны суреттеді. , — деді Павлодар қалалық балалар көркемсурет мектебінің басшысы Ләйлә Мағзамова.

 

Өз тілшіміз.