Әдемі әлем — әдемі көздермен

Ақп 27, 2025

Қазақстандық суретші әрі қолөнерші Лейла Ахмет Османның есімі әлемге белгілі. Ол өзінің бойындағы талантының нәтижесінде көрмелерін шет елдерде ұйымдастырып жүр. Сондай-ақ, Lucky Turtle (яғни, бақытты тасбақа) атты жаңа экспозициясын жарыққа шығарған. Жуырда қылқалам шебері өзінің «Сапар сазы» атты көрмесін облыстық көркем-сурет музейінде ашты. Онда 30-дан аса әртүрлі техникада орындалған туындысы қойылды.

Суретшіге даңқ гобеленге деген құштарлығының арқасында келді. Оның станокта тоқылған пейзаждары мен композициялары көздің жауын алып, көпке белгілі бола бастады. Туындылары танымал бола бастаған соң шетелдік көрмелерде ұсынды. Ал көрермендер тарапы мұндай сұлулыққа таңданысын жасыра алмады. Нәтижесінде 2012 жылы халықаралық гобелен көрмесіне (Мәскеу, Ресей) қатысқаны үшін Триенналда диплом иегері атанды. Бұл төрт баланың анасы үшін шығармашылық пен жеке өмірдегі қол жеткізген жетістіктердің бірі ғана еді. Кейін өзінің әйгілі «бақытты тасбақа» немесе «Lucky Turtle» атты жеке брендын қалыптастырады.

— Бұл — тас сауытында сандар бейнеленген тасбақа мүсіні. Кезінде мен осы тасбақаның суретін салып, кейін гобеленін тоқығанмын. Содан бастап менің өмірім күрт өзгерді. Жолым ашылды десем, артық айтқаным емес. Кейін достарым: «Өзіңе сәттілік әкелген дүниені өзгеге де сыйлап көр» деп ұсыныс білдірді. Бұл ой маған қатты ұнап, мен өз брендімді ашуға бел будым. Мақсатым — пайда табу емес, өзгенің өмірінің өзгеруіне ықпал ету, — дейді ол.

Суретші үшін ежелгі мифология мен көне таңбалар айрықша мәнге ие. Оның ғажайып гобелендерінен осы тақырыптағы нышандар айқын байқалады және өнер жолына келуінің негізгі қайнар көзі осы кезеңдермен тығыз байланысты. Сонымен қатар, шеберлігін үнемі жетілдіріп, біліктілігін үздіксіз көтеріп отырады.

Лейла Ахмет Османның жұмыстары Корея, Түркия сынды елдердің ауқымды көрмелерінде, сонымен қатар еліміздің Астана мен Алматы қалаларында ұсынылды. Бүгінге дейін көптеген марапат пен дипломдардың иегері атанды.

«Сапар сазы» атты көрмеде қолөнершінің 1996 жылдан бері жасап келе жатқан жұмыстары қойылды. Олар символизм мен концептуалды өнер, фигуративті өнер және заманауи абстракционизм атты бөлімдерді қамтиды. Аталмыш көрме ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.