Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Осынау қанатты сөздің ақиқаттығына өмірде сан мәрте көз жеткізіп, әкенің ісін абыроймен жалғастырғандарды, ананың ісін өнеге тұтқандарды да көрдік. Сондай жандардың бірі — әкесінің өнерін жалғастырып жүрген Мақсат Өнербаев. Бүгінде қоңыр үнді әнші 10 жылға жуық көрермендерді сазды да көңілді әндерімен қуантып жүр. Таяуда гастрольдік сапармен Кереку өңіріне келген өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында әншінің шығармашылығы туралы сөз қозғадық.

— Мақсат Нұрланұлы, Ертіс-Баян өңіріне хош келдіңіз! Бұл сіздің Павлодар қаласына алғаш келуіңіз бе?

— Қош көрдік. Жоқ, өткен жылы әкемнің 60 жасқа толуына орай еліміздің Семей, Өскемен өңірлерін гастрольдік сапармен аралаған болатынбыз. Кейін көршілес Павлодар қаласына да келіп шығармашылық кешті өткізу жоспарда болды. Әрине, алғашқы да бұл аймақта көрермендер жинала ма деген күдік болды. Себебі, адамдардың кейбірі бұл өңірді «орыстанып кеткен» деп айтып жатады. Алайда бұл пікірдің концертті өткізгеннен кейін жансақ екендігін түсіндік. Концерт барысында тыңдармандардың қазақтың әндерін сағынғандығын түсіндік.

Алғашқы сапарда қаланың тыныс-тіршілігін, көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік болмады. Дегенмен осы жолы сәті түсті. Бұл қалада болған адамдар «Павлодар – таза қала» деп айтатын. Шынымен де таза екен. Адамдары жылыжүзді, қарапайым.

— Өнерлі отбасында дүниеге келгеніңізді білеміз. Өзіңіз де бала кезден өнерге жақын болған шығарсыз…

— Балалық шағым Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан) өтті. Ата-әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан, қазақтың ежелгі салты бойынша сол кісілердің қолында болдым. Мектеп жасына келгенде қалаға кеттім. Ауылдағы кеңістікке, еркіндікке әбден үйреніп қалғандықтан ба, әр демалыс сайын сол жаққа аңсарым ауып тұратын.

Негізі, бала кезден ән айтамын десем де болады. Себебі, әкем Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында әртіс болып еңбек етіп жүргенде белгілі әрі тәжірибелі өнер адамдарының сомдаған рөлдерін тамашалап өстім. Оларды бойыма сіңірдім. Оған қоса, әкем әнші де болды. Осы қаладағы Республика сарайында өтетін концерттерде ән шырқап жүрді. Сол концерттік бағдарламаларда әкем мені үнемі өзімен бірге ертіп жүретін. Арасында республикалық, халықаралық ән байқауларына қатысып жүрдім. Солардың арасынан халықаралық «Айналайын» фестивалін ерекше атап өтуге болады. 15 жасымда сол байқауға қатысып лауреат атанған жайым бар. Осылай бала кезден өнер жолында жүргендіктен, бұл сала бойыма келуіме еш қиындықтар болмады. Алайда кәсіби деңгейде осы салада жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болыпты.

— Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін өнер жолына келуіңізге әкеңіз қарсы болған жоқ па?

— Әнді жүрекпен сүйіп, нағыз өнердің қадірін танып білуіме әкемнің септігі мол. «Етікшінің баласы етікші болады» — деп әкем бізге әзілдейтін. Осы жолды таңдауыма қарсы болмаса да, бастапқыда сәл күмәнмен қарағаны бар. Алайда бүгінде талабым мен талғамымды таныған соң, зор сеніммен қарайды, үлкен сенім артады. Қазіргі уақытта шығармашылығыма жәрдемін беріп, талантты ақындармен таныстырып, деңгейлі әндерді ұсынып отырады. Әкем – мен үшін мәңгілік идеал.

— Бір қызығы, негізгі мамандығыңыз әнші емес, экономист екен. Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз…

— Иә, негізгі мамандығым экономист болса, екінші мамандығым – заңгер. Осы салалар бойынша Алматы қаласындағы әкімшілік-терде бірнеше жыл жұмыс істедім. Дегенмен өз ісіңнен, өз кәсібіңнен береке таппасаң, оны жалғастыру қажет емес екенін түсіндім. Ал егер әкеңнің кәсібін жалғастырсаң, берекені осыдан табуға болатынын аңғардым. Сондықтан өзімнің көңіліме жақын әрі әкемнің өнер жолын ары қарай жалғастыруды жөн санап, әншілікке түбегейлі бет бұрдым.

— Тыңдармандардың талғамы әртүрлі екені сөзсіз. Бірі лирикалық әндерді сүйіп тыңдаса, кейбірі классикалық әуендерді тыңдауға әуес. Өзіңіз бүгінде қай бағыттағы әндерді орындап жүрсіз?

— Менің табиғатым әкеме ұқсас. Яғни, эстрададағы лирикалық әндерге жаным жақын. Бірақ көпшілік жиналған ортаның талғамын құрметтеуге тырысып, олардың сұрауындағы түрлі бағыттағы әндерді шырқап жүрмін. Әсіресе, тыңдармандар соңғы кезде талантты жас өнерпаздардың орындауындағы әндерді сұрайды. Осыған қарап, бүгінгі жас өнерпаздардың ізденісі мықты екендігін айта аламын.

— «Әннің де естісі бар, есері бар» деп ұлы ақын Абай айтқандай, бүгінде кей отандық әншілердің шырқап жүрген әндерінің құндылығы жоғалып бара жатқан секілді. Себебі, әндерінің мәтіні сын көтермейді. Ал өзіңіз әнші ретінде әндеріңіздің сөзіне қаншалықты мән бересіз?

— Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, әр тыңдарманның талғамы әртүрлі. Біреуі ырғақты әндерді тыңдаса, екіншісі лирикалық, ал үшіншісі классикалық әндерді ұнатады. Соған қарай, өзінің жанына жақын әндерді орындайтын әншілердің тұрақты тыңдарманына айналады. Сондықтан, біреуге сын айтып, қаралағым да, біреуді мадақтап мақтағым да келмейді.

Әуені мен сөзі үйлесімін тапқан ән міндетті түрде тыңдармандардың жүрегінен орын алары анық. Сондықтан өз басым әннің мәтініне зор мән беремін. Сөзі де, әуені де тақырыпқа сай болуы тиіс. Сонда нағыз ән болады.

— Қазақ эстрадасының өткені мен бүгініне қатысты не ойлайсыз?

— Қазақ халқы қашаннан да әнге құмар. Ән бұрын да болған, қазір де бар және болашаққа мұра болып жететіні — ақиқат. Өткеніміз өшпей бізге жетті емес пе? Дегенмен қазіргі эстрада мүлде басқаша. Мұны заманның өзгеруімен байланыстыруға да болатын шығар. Бірақ мен жастардан гөрі аға буынның әндерін тыңдағанды жөн көремін. Себебі, ол кездің өнерпаздары — нағыз өнердің майталмандары.

— Көпшілік сізді Нұрлан Өнербаевтың ұлы ретінде таниды. Ал жеке өзіңізді танып жататын адамдар бар ма?

— Енді көпке танымалмын деп айта алмаймын. Алайда өзімнің ортамда танып жататын адамдар бар. Басты мақсатым – көпке танымал болу емес, керісінше адам болу. Ал танымалдылық, жүлде, атақ бәрі — екінші орында. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Әнші – халық адамы. Сол себепті, әншіні өсіретін де, өшіретін — халық.

— Тойларға шығып тұрасыз ба?

— Қазақта «Шақырған жерден қалма» деген сөз бар. Сондықтан шақырған жерден қалмауға тырысамын. Егер той иелерінен ұсыныс түсіп жатса, тойға шығып тұрамын. Сондай-ақ, бос кезде мерекелік шараларда, концерттік бағдарламаларда ән айтамын.

— Алдағы уақыттағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

— Алға қойған жоспарлар көп. Бірақ жақын арада жеке өзімнің шығармашылық кешімді беремін деп айта алмаймын. Өйткені, әнқоржынымдағы авторлық әндерім саусақпен санарлық қана. Әлі де ізденіс үстіндемін. Бүгінде Жарылқасын Дәулет, Халық Ризабек, Ұлықпан Жолдасов секілді сазгерлермен бірлесіп жұмыс істеудемін. Сондай-ақ, болашақта әкемнің бүгінде айтылмай жүрген әндерін түрлендіріп шырқасам ба деймін.

— Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз…

— Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген бұл сөздері қазіргі уақытта да өз маңызын жойған жоқ. Адамдар қанша жерден ғаламтор желісіне шырмалғанымен, бәрібір мерзімді басылымдардан қол үзбек емес. Сондықтан, жазар мақаларыңыз, айтар жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын! Газет оқырмандарына ұзақ ғұмыр, жақсылық пен бақыт тілеймін!

— Әңгімеңізге рақмет! Өнердің биік шыңдарынан көріне беріңіз.

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.