Облыстық филармонияның жанынан құрылған камералық хордың кезекті концерті өтті. «The Greatest Show» атты музыкалық бағдарламада өнер иелері әлемдік мюзиклдер мен отандық авторлардың танымал шығармаларын жоғары деңгейде орындады.
Хордың репертуары кең және саналуан. Концерт барысында шырқалған әндердің көпшілігін хорда өнер көрсеткен белгілі музыкант Қанат Әбдіғомар ұжымға арнап аударған.
— Әр концерт барысында алдымызға жоғары талаптар мен жаңа міндеттер қоямыз. Себебі, көрермендер алдында өнер көрсету – біз үшін зор жауапкершілік. Олардың алтын көңілінен шығу үшін барымызды салдық. Оларға өнеріміз ұнады деген ойдамыз. Көркемдік жетекшіміз Мәдина Қанатқызына айтар алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Концерт барысында отандық «Дос-Мұқасан», «Тақиялы періште» секілді фильмдердің және қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындалды. Сонымен қатар, әр тілдегі әндер концерттік бағдарламада үйлесімін тапты.
Камералық хордың жетекшісі Мәдина Нұрғожинованың айтуынша, бұл кеш бұрынғы кештердегідей көп уақытты, күш пен жігерді, кәсіби білімді, вокалдық мүмкіндіктерді және өте нәзік музыкалық талғамды қажет ететін зор еңбек етілген.
— Концерттік бағдарламада камералық хордың әр мүшесіне жекелей өнер көрсетуіне мүмкіндік бердік. Нәтижесінде олардың қатысуымен бірқатар қойылым көрсетілді. Өнер көрсеткен барлық әншіге көп рақмет! Одан бөлек, техникалық жағынан да көптеген идеяны жүзеге асыра алдық, — деп атап өтті камералық хордың жетекшісі.
Кешке көрермендер, сондай-ақ аты аңызға айналған Бродвейдегі «Нью-Йорк, Нью-Йорк», «Ла Ла Ленд», «Опера елесі», «Анна Каренина» мюзиклінің және басқа да көптеген танымал мюзиклдің әндерін тыңдады. Бағдарламаға барлығы 15 нөмір енді.
— Адамды шығармашылық қызықтырса, оны еш қиындық жеңе алмайды. Керісінше, өнер адамы шабыттанып, бойындағы күш, қуатын іске қосады. Ал өнерінен көрермен ләззат алады. Мәселен, мен үшін әйгілі «Джуно және мүмкін» рок-операсының әні жаныма жақын, — дейді хор солисі Айвар Дүйсекеев.
Осы кеште филармонияның концерт залы лық толды. Тұрақты көрермендер мен жанды музыканың шынайы білгірлерінен бөлек, хор музыкасы әлемін алғаш рет ашқан тыңдармандар да бар.
– Концерттен ерекше әсер алдық. Өнерпаздар ән айтумен қатар аспаптарда ойнап, кештің көрігін қыздырды. Жалпы облыстық филармонияда өтетін шығармашылық концерттерден қалмауға тырысамын. Асхат және Динара Таушевтардың өнеріне тәнтімін. Өзге өнерпаздарды да сүйіп тыңдаймын. Павлодар өңірінде осындай дарындардың барын мақтан етемін, – деді Павлодар қаласының тұрғыны Жазира Айтбаева.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.