Әншінің өнері дәріптелуде

Қаз 2, 2025

Соңғы жылдары аймағымызда қазақтың дәстүрлі ән-күй өнері, әсіресе Майра Уәлиқызының әндерін жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Осы орайда облыс орталығында республика көлемінде алғаш ашылған «Майра» мектебін ерекше атап өткен жөн. Аталмыш мектеп осыдан үш жыл бұрын облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған. Мақсат –
қазақтың дәстүрлі ән өнері мен Майра Шамсутдинованың әншілік өнерін насихаттау және балалар шығармашылығын дамыту.

Өнер мектебінде дәстүрлі ән өнері мен сырнай аспабын меңгеру ғана емес, сахналық мәдениет, қазақ әнінің табиғаты, халық композиторларының мұрасы сынды бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, домбырамен сүйемелдеу, дауысқа дұрыс жұмыс істеу, сахнада өзін-өзі ұстау секілді дағдыларды меңгеру үйретіледі.

Үйірменің жетекшісі әрі Майра Уәлиқызының ізін жалғастырып, өнерін паш етіп жүрген Салтанат Қисатованың айтуынша, осы мектеп арқылы көптеген жас өнерпаздар Майраның әндерін меңгеріп, оның өнерін жалғастыруға мүмкіндік алады.

— «Майра» мектебінің қатысушылары дәстүрлі ән-терме, жыршылық өнердің қыр-сырын меңгеруде. Бүгінде 5 оқушы сырнай аспабын меңгеру үстінде. Үйірменің басты ерекшелігі, балалардың баянмен ән айтуды үйренуі. Оларды үйірмеге қабылдағанда музыкаға, сырнай, домбыра секілді ұлттық аспаптарға деген қызығушылығына және бойындағы талантына баса назар аударамыз. Біздің үйірме – балаларды сахнаға, өнер жолына дайындайтын алғашқы баспалдақ.

Жалпы, Майраның біздің өңірге сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан әншінің мұра етіп қалдырып кеткен әндерін қайта жаңғырту – біздің міндетіміз. Өзім дәстүрлі әнші болғанмен, сырнай аспабымен Майра апамыздың өнерін жалғастырып жүрмін. Бұл —
мен үшін зор бақыт. Ал осы аспаппен ән айту қажырлы еңбекті талап етеді, — дейді Салтанат Тасболатқызы.

Осы үш жылдың ішінде үйірменің қатысушылары түрлі деңгейдегі байқауда топ жарды. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын үйірменің қатысушысы Ақнұр Айтбай «Қазақтың жүз әні» республикалық байқауында бірінші орынға ие болды. Айта кетерлігі, Ақнұр бойындағы талант-ының нәтижесінде сырнай аспабын бір айдың ішінде меңгерген екен. Үздік оқушылардың арасынан Ақнұр Айтбай, Жанель Қисатова және Арғын Ақылбекті атап өтуге болады.

Үйірме репертуарында Майра Шамсутдинова мен халық композитор-ларының туындылары, сондай-ақ ұлттық тәрбиелік мәні бар қазіргі заманауи шығармалар бар. Балалар бұл әндердің сөзін түсініп, мағынасын бойына сіңіріп отырып орындайды.

«Майра мектебі» — ұлттық өнердің бастау бұлағы. Бұл үйірмеде өсіп келе жатқан әр бала – болашақ әнші, болашақ тұлға. Олар тек өнерді үйреніп қоймай, қазақы рухты бойына сіңіріп өсіп келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.