Әнші Арман ХАСЕНОВ: «Тыңдаушы талғамы – өнерпаздың қолында»

Қаз 23, 2025

Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті мен өнерінде өзіндік орны бар азаматтардың бірі – эстрада әншісі, Еуразиялық музыкалық премия жүлдегері Арман Хасенов. Өнер әлемінде талай хит әндерді жарыққа шығарып, тыңдарманның жүрегін жаулаған әнші бүгінде ұстаздыққа бер бұрып, университетте оқытушы қызметін атқарады. Әнші һәм ұстаз деген қос бірдей атақты арқалаған өнер өкілімен жолығып, емен-жарқын әңгіме өрбіткен едік.

– Арман аға, бірер күнде еліміздегі ең маңызды дата-лардың бірі – Республика күнін қарсы аламыз. Сіз өнер мен мәдениет саласының өкілі болғандықтан, сұхбатымызды осы саладағы жетістіктерден бастасақ…

– Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде өнер мен мәдениет саласында
үлкен өзгерістер орын алып, қазақ халқын әлемге айшықтаған оқиғалар болды. Барлығын жіпке тізіп айта берсек бүгін бітіре алмаймыз. Мысалы, қарапайым қазақ отбасы-
нан шыққан бір Димаштың өзі бүкіл әлемге қазақша ән салғызып жүр. Мақтаныш екені шындық. Қарапайым жұмысшы болып жүрген жерлесіміз Иманбектің музыкалық жетістігі де әлемді бағындырып, Ақсудың атын алты құрлыққа жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары телеарналардағы қазақ эстрадасының үлесі 50/50 болды. Қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін көтерілді. Бұл біздің елдегі мемлекеттік тіліміздің дамуына белгілі бір деңгейде үлесін қосты деуге болады. Басқа да ауыз толтырып айтар жетістігіміз көп. Әр өңірде әзіл-сықақ театрлары ашылып, елдің сөзін әзіл-қалжыңмен жеткізе бастады. Біз де осы бағытта азды-көпті еңбек еткенімізді жерлесте-ріміз жақсы біледі. Павлодарда алғаш рет «Ойна» деп аталатын
әзіл-сықақ театрын құрып, төрт рет үлкен шығармашылық концерті-
мізді бердік. Біздің шығармашы-лығымызды қазақ театрының саң-
лақтары Бауыржан Ибрагим, Ұлан Нүсіпәлі, Асқар Наймантаев, Дархан Дайырбек сынды ағаларымыз қолдап, кешімізге қатысты. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Петропавл қаласында екі күн концерт ұйымдастырдық, халық өте көп жиналды. Одан кейін Омбыдағы қандастарымызға бір кеш сыйлап қайттық.

— Енді балалық шақтың қызығына оралсақ. Сіз кішкене кезіңізден атқа құмар болған екенсіз, аттың сынын да жақсы білетін шығарсыз?

— Иә, жүйрік болар жылқыны құлынынан танитын қазақтың қатарынанмын. Бұрын шаруаның малын бағатын малшыларға жылқы таратады ғой. Сондай күннің бірінде біздің ауылға бір сүліктей қара құнан келді. Көрген кезден «ғашық болып қалдым». Қазіргі тілмен айтсақ жануардың сыртқы пішімі тура «Lexus 570»-тей елестететін едім. Өзі бір шәлкездеу жануар екен, мінезіне қарап ауылда ешкім алғысы келмеді-ау деймін. Сол
менің тақымыма бұйырды. Жақсылап үйретіп алдым, тек жәйдақ мінемін. Оның шабысын енді құстың ұшқаны деуге болады. Бірақ, сол құнан біздің ауылға бұйырмай кетті, тіл тиді ме деп ойлаймын кейін. Біз түгел малды тапсырған кезде
әлгі қара құнанды ауылдағы тағы бір ағайынға бердік. Сол кісінің қорасында жүрген кезде өзінен-өзі ауырыпты да, дәл біздің аулаға келіп өліпті. Ешкімнің оған пышақ тигізіп, сойып алуға қолы бармады ғой.

— Жазғы демалыс кезінде басыңыздан өткен қызықты немесе бір қорқынышты оқиға есіңізде бар ма?

— Бірде мынадай жағдай болды. Ауданда бір туысымыз қайтыс болып, әкемдер сол жаққа кететін болды. Жайлауда бір бөлем екеуіміз ғана қалатын болдық. Ол менен екі-үш жас қана үлкен. Шамамен бесінші-алтыншы сынып оқитын кезіміз. Қырда екеуіміз ғана қалатын болдық дегенді естігенде бөлем еңіреп жылап қоя берді. Мен жылайын десем, әкемнен қорқып тұрмын. Содан әкем тұрып: «Онда мынаны да алып кетейік, біреудің баласы қорқып қалса пәле болады. Арман өзі жүре берсін осында» деді. Менің екі көзім тас төбеме шықпай ма?! Бірақ, қарсыласатын жағдай жоқ. Бөлем екеуіміз бір аттың үстінде мінгесіп жүрген болатынбыз. Ол аттан түсіп жатып маған ақырын сыбырлап: «Сен де жыла, сосын екеуімізді де алып кетеді» дейді. Маған жаны ашып тұрған түрі ғой. Енді мен жыласам, таяқ жейтінімді біліп тұрмын және ол жерде менен басқа таңдау жоқ. Іштей тынып қалдым, олар көліктеріне отырып алып кетті. Әкемнің ескі «Москвич» машинасы бар еді. Көлік жүре менің де шерім сыртыма шығып, өкіріп жыладым. «Таз ашуын тырнаудан алады» дегендей, астымдағы атымды ұрып жүрмін, қасымдағы итім – «Мұхтарды» ұрып жүрмін. Бірақ басқа амал жоқ. Жалғыздыққа үйрену керек. Сонымен күн кеш болды. Қырдағы қыстақта ток та жоқ, май шам жағып қоямыз. Түнде бірдеме қылып көз шырымын алып, таң атыру керек. Содан қойды қоралап, «Мұхтарды» үйге кіргізіп, қасыма алып жатқам. Тастай ұйықтап қалыппын. Міне, осылай қаршадай жасымнан қырда жалғыз қонуды да үйрендім.

— Бүкіл балалық шағы ат құлағында өткен Арман эстрада саласына қалай келіп жүр. Жылқышы болып кету ойыңызда болған жоқ па?

— Мен кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. 4-сыныпта жаттамалы айтысқа шығып, мектеп сахнасында өнер көрсетіп жүрдім. Тіпті аудан оталығына дейін барып, айтысқан кезім болды. Одан кейін жыр-терме жаттап, жыр байқауларына да қатысып, бақ сынадым. Бір сөзбен айтқанда өнерге кішкентайымнан ғашықпын. Домбыра мен гитарада қатар ойнап үйрендім. Одан кейін бозбала жасқа жеткен кезде ауыл кештерін «жандырып» жүрдік. Әскерге аттанған жігіттерді шығарып салу кештерінде, басқа да түрлі той-жиындарда өнер көрсетіп, ауыл кешінің сәнін кіргіздік. Содан менің болашағым осы өнер екеніне көзім жетті. Бірақ менің бұл саланы мамандық ретінде таңдап, оқуға түсуім оңай болған жоқ. Негізі мен Алматыдағы консерваторияға түскім келген. Бірақ қаржылық жағдайымыз мүмкіндік бермеді. Әкем тоғызыншы сынып бітірген соң зоотехник боласың деп, совхоз-техникумға алып келді. Бірақ оны соңына дейін жеткізе алмай, оқудан шығып қалдым. Шынын айтқанда, менің оған талпынысым болған жоқ. Ауылға қайттым. Бірге оқып жүрген достарым ауылға шығарып салды. Мен енді осымен болды, ауылда қалдым ғой деп ойладым. Автобусқа отырып жатып, қалада қалып жатқан достарыма қызығып бір жылап алдым. Неге дейсіз ғой, бұлардың бәрі бір-бір мамандық иесі атанып, қалада тіршілік істейді, ал мен осымен біттім, қалдым ауылда деген ой жүрегімді тілгілеп, жанымды жеп барады. Мүмкін, балалықтан ба, осыдан кейін ешбір оқу алмайды деп ойлап жүрмін. Ауылда онда 10-11-сыныптар жоқ. Бір аптадан кейін әкем аудан орталығындағы қазақ мектебінде оқуыңды жалғайсың деді. Мен бұлай да бола ма деп, таңданып жүрмін. Сонымен, Ертіс ауданында 11-сынып бітіріп, Торайғыров университетіне түстім. Мұнда  музыка мамандығы бойынша білім алып, диплом иесі атандым.

— Сізді Ертіс-Баян жұрты «Жеңеше-ай» тобы арқылы таныды. Осы трионы құру идеясы қалай басталды?

— Біз университет қабырғасында жүргенде Саят Сапаров екеуіміз бірге ән айтып жүрдік. Кейін қатарымызға Батыр келіп қосылды. Ол кезде эстрадаға домбыра араластырып айту хит болып тұрған. Алғаш сол «Жеңеше-ай» әнін үш дауыспен айта бастадық. Өзімізге ұнады, тыңдағандар да жоғары баға бере бастады. Содан бір күні концертке шығатын болдық. Ол кезде тобы-мыздың аты да жоқ. Дәл концерт кезінде жүргізуші сахнаға шығып, бізді «Жеңеше-ай» тобы деп хабарлап жібереді. Сол күйі солай аталып кеттік. Біз 2008 жылға дейін бірге ән айттық. Бірақ одан кейін топқа деген сұраныс азая бастады. Оның үстіне тыңдармандарды қуантатын жаңа әндер де шықпай қалды. Ал халық арасында сұраныс азайса, оны тойға ешкім шақырмаса, ол топты ұстап тұру өте қиынға соғады. Себебі, әрқайсымыздың жеке шаңырағымыз, отбасымыз бар дегендей…

— Сіз үшеуіңіз де кәсіби әншісіздер. Біздің үлкен эстра-дада жүрген жерлестеріміз неге қолдап, үлкен сахнаға шығуға ықпал етпеді?

— Біздің өңірден шыққан өнер адамдарында ондай түсінік жоқ. Қолдамақ түгілі, аяқтан тартуға тайынбайды. Мен бір қызық айтайын. Бір жылы халықаралық «Muz-tv» телеарнасы ұйымдастырған Еуразиялық музыкалық премия жобасына қатыстым. Соған мен «Біз екеуіміз» деген әнімді ұсынып, ол ең көп қаралым жинаған хит әндердің үздік үштігінен табылды. Атап айтқанда, үш ай бойы Авто-радионың хит-парадының көшін бастап, бірінші орыннан түспей тұрды. Жобаның қорытындысы бойынша «Алматы аренада» гала концерті өтетін болып, мен де қатыстым. Жобаның бас продюсері – Баян Мақсатқызы. Сол концерт үстінде осы эстрада саласында, соның ішінде продюсерлік жобаларымен танымал болған өзіміздің бір жерлес ағамызды жолықтырып қалдым. Сол кезде әлгі ағамыз мені құттықтаудың орнына «бұл жобаға қалай кіріп кетіп жүрсің» деген сыңайлы әңгіме айтқаны әлі есімде. Тіпті, Баян Мақсатқызының өзі осындай үлкен жобада менің  әнімді қолдап, жақсы бағасын беріп жатқанда өзіміздің жерлестерімізден бір ауыз жылы пікір естімей қайтқаным жаныма батты. Бұл – бір. Ал тоқсаныншы жылдары бүкіл Қазақстанды аузына қаратқан жерлесіміз жетелеп жүріп
кімнің жолын ашты?! Мен осы салада қанша жыл жүрсем де естіген жоқпын. Міне, біздің үлкен эстрадағы жерлестеріміздің деңгейі…

— Сіздер алғаш эстрадаға аяқ басқанда бүгінгідей ақпараттық технологияның көмегіне сүйенбедіңіздер. Ал бүгінгі «жұлдызбыз» деп жүргендердің көбі интернет-маркетингтің жемісі деп ойлаймын.  Сіз бұны шынайы өнер, шынайы еңбек деп бағалайсыз ба?

— Жоқ, мен мұны табиғи талант, немесе төккен тердің жемісі деп айта алмаймын. Себебі, қазіргі ақпараттық технологияның заманында әлеуметтік желі арқылы, соның ішінде Instagram, TikТok-пен танылу — ең оңай тәсіл. Былай айтқанда бұл жерде оның өнері емес, маркетингті қалай тиімді пайдаланғаны маңызды рөл атқарып тұр. Екіншіден жұрттың талғамы сол болып тұр. Талғамға талас жоқ дейді. Халық өзі сондай арзан-қол, жеңіл-желпі, мәнсіз-мағынасыз әндерге үйір болып кетті ғой. Бір жағынан өзімізден де бар, олардың осындай мағынасыз ән шығаруына мүмкіндік беріп қойдық. Сондықтан тыңдаушының талғамын көтеру  шын өнер иесінің негізгі міндеті болу керек.

— Шоу бизнес өкілдерін тойсыз елестете алмаймыз. Өзіңізді де тойда жиі өнер көрсететініңізді білеміз. Той — қазақтың қазынасы дейміз, тәрбие алаңы дейміз. Бірақ небір сорақыны осы той сахна-сында көрсетіп жүрміз…

— Дұрыс айтасыз. Тойдан мән кеткелі қашан. Асабалардың арасында да
түр-түрі бар. Қазір шоумен көбейді. Олар тойды микрофон мен музыка-
ның көмегімен ғана басқарады. Ал бір минут жарық өшіп қалсыншы, олар да өшеді. Себебі, оның өзінде сөздік қор жоқ, тіл байлығы жоқ. Содан кейін халықтың көңілін көтеру мақса-
тында неше түрлі әдепсіз дүние-лерге орын береді. Иә, мен де той жүргіземін. Бірақ тойдың басында ашығын айтамын. Бұл тойда басқалары секілді әдепсіз дүниелер болмайды, қазақтың танымы мен тәрбиесіне қайшы ойын ойналмайды. Барлығы біздің салтымыз бен дәстүрімізге сай болады деймін. Міне, халықты солай да өзіңе қаратып, солай да қызықты басқаруға болады. Тіпті, соңымнан ерген асаба жігіттерге де осыны жиі айтамын. Той үстіндегі сайыс, конкурстарды да қазақтың салтына, тарихына, Алаш арыстарына қатысты құрамыз. Жақында бір тойда болдық. Қонақтар қатарында отырмыз. Бір кезде асаба жақындап келіп, «бір ән айтып бересіз бе?» деп сұрады. Ал менің жанымда менен де мол тәжірибесі бар дәстүрлі өнердің майталман өкілдері отыр. Сондықтан той төрінде осындай ағаларымыз отырғанда мен кіммін деп бірден бас тарттым.

— Қазір шығармашылығы-ңызда қандай жаңалық бар? Ұстаздық жолға түсіп, өзіңіз білім алған Торайғыров университетінде шәкірт тәрбиелеу ісіне кіріскен екенсіз…

— Менің репертуарымда қазір 40-қа жақын ән бар. Қазір де бірнеше ән жазылып, өңделіп жатыр. Жақында тыңдарманға жолдаймыз. Соның бірі — ерлі-зайыптыларға арналған «Өзіңсің» деген ән. Алматыда тұратын танымал клипмейкерлерден клип түсіруге жақсы ұсыныс  түсіп жатыр, сәтіне қарай әрекет етеміз. Иә, университеттен ұсыныс түскен соң ойланбай қабыл алып, өзімнің білгенімді, бұған дейін үйренгенімді кейінгі жастарға да беруді жөн санадым. Осы мақсатта ұстаздық жолымды бастап, қызмет істеп жатқан жайым бар. Торайғыров универ-ситетінде өнер әлемін таңдаған жастар үшін үлкен мүмкіндік бар. Бұрын біздің тұсымызда жалпы музыкалық білім берсе, кейін кәсіби деңгейде оқытатын эстрада-вокал топтары құрылды. Бұл жерде білім алған жастар кәсіби әнші немесе кәсіби актер болып шығады. Бір сөзбен айтқанда консерваториямен тең дәрежедегі диплом алып шығады. Мұндай мүмкіндік облыстар арасында екі университетте ғана бар.

— Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.