1985 жыл. Бар болғаны 11 жастағы бала қара домбырасын қолына алып, белгілі ақын, әнші Иса Байзақовтың «Желдірмесін» танымал композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің алдында шырқайды. Әуен әуелеп, жүректен шыққан таза дауыс үй ішін тербеп өтеді. Ұлы композитор баланың өнерін үнсіз тыңдап отырып, соңында маңдайынан сипап, батасын береді. Сол батамен бірге әнші, сазгер Қайырболат Нұрғалиевтің де өмірі өнермен өріледі.
Жылдар өте ол сахна төріне шығып, көптің сүйіктісіне айналды. Бірақ өмірдің өз заңы бар – биікте жүрген жанды да тағдыр сынайды. Бір сәтте жүрек тоқтап, үнсіздік орнады. Алайда өнерге ғашық жүрек тынбайтыны секілді кейіпкеріміз де сол үнсіздіктен қайта оянып, домбырасына жан бітіріп, тыңдарманымен қайта қауышуға бет алды. Жуырда әнші, сазгердің өзімен тілдесудің сәті түсті.
– Қайырболат Шаймар-данұлы, сіздің кезінде небары 11 жасыңызда әйгілі композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің алдында Иса Байзақовтың «Желдірмесін» орындап, оның ақ батасын алғаныңыз жайлы естіп едік. Сол сәтті қайта еске түсіріп, тарқатып айтып берсеңіз…
– Бұл оқиға менің өмірімнің ең бір естен кетпес, тағдыр жолымды айқындаған сәті болды. Жалпы, мен өзге де өнер адамдары секілді өнерге бала күнімнен жақын болып өстім. Бұл – Алланың маған берген сыйы әрі қанмен дарыған қасиет деп ойлаймын.
Атам Нұрғали қарапайым шаруа болғанымен, оның інісі Нұрым ел ішінде белгілі әнші болыпты. Кезінде Естай Беркімбаев, Иса Байзақов сынды әйгілі өнер иелерінің қасында жүріп, жұрттың ықыласына бөленген деседі. Сол бір өнерге бай, рухы биік замандардың ізі біздің әулетте өшпей сақталып қалған сияқты.
Арада жылдар өткен соң, қазақ музыкасының белгілі тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиев «Павлодарда Нұрым деген әнші болған. Ол кісінің бүгінде ұрпағы бар ма екен?» – деп сұраған екен. Кейін Баянауыл өңіріне арнайы іздеп келеді (Айта кету керек, Нұрғиса ағамыз еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халқымыздың біртуар тұлғаларының зиратына барып, Құран бағыштайтын дәстүрі болған.
Бірақ сол сапарында біздің атамыз Нұрымның зиратын таба алмайды. Кейін облыстық мәдениет басқармасына хабарласып, мән-жайды түсіндіреді. Алайда ол жақтағылар да ондай адамның бар-жоғынан хабарсыз болып шығады. Біраз уақыт өткен соң бұл әңгіме Нұрым атамыздың туған жері – Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданына жетеді. Сол тұстағы мәдениет бөлімінің басшысы ауыл ақсақалдарынан сұрастырып, соңында атамыздың зиратын табады.
Содан көп ұзамай Нұрғиса ағамыз атақты «Отырар сазы» оркестрімен бірге Баянауылға келіп, үлкен концерт қояды. Кейін атамыздың туған жеріне сәлем беріп, біздің шаңыраққа ат басын тірейді. Дастархан басында ата-анама қарап:
– Нұрымның өнерін жалғастырып жүрген ұрпағы бар ма екен? – деп сұрайды. Сонда анам үйдің кенжесі мені көрсетеді.
Нұрғиса ағамыздың мейірімге толы жүзіне қарап тұрғанымда, ол мені өз алдына отырғызып алып:
– Ал, балам, өзіңе ұнаған бір әніңді айтып берші, – деді.
Сол сәтте еш кідірместен Иса Байзақовтың «Желдірмесін» шырқай жөнелдім. Домбыра үні үй ішін тербетіп, дауысым өз-өзінен еркін шыға бастады. Ән аяқталған сәтте Нұрғиса ағамыз орнынан тұрып, маңдайымнан сипады да:
– Сенің болашағың жарқын екен, балам. Тәттімбеттің аруағы қонсын! Алла қаласа, халық сүйетін әнші боласың, – деп ақ батасын берді.
Бұл 1985 жылдың жаз айы болатын. Арада қаншама жыл өтсе де, сол сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ал 1984 жылы Ялтада өткен өнерлі балалар байқауына қатыстым. Онда осы Иса Байзақовтың «Желдірмесін» орындап бас жүлдені иеленіп, лауреат атанған болатынмын. Кейін де түрлі додаларда жүлдегер атандым.
Кейіннен Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Сол жерде қазақ өнерінің бірқатар майталманынан – соның ішінде семейлік ұстазым Дүйсен Омаровтан тәлім алдым. Халық әндеріне де ерекше қызығушылық білдіріп, Иса Байзақовтың шығармашылығын тереңнен зерттей бастадым. Тіпті, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан қазақтарының музыкалық мұрасымен толықтай таныстым. Мәселен, қырғыз халқының «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы» атты туындысын алғаш рет домбырамен орындаған да мен болдым. Осылайша, жыр мен әнді қатар алып жүруді жөн санадым. Ал ұстаздарым болса менің табиғи жыршылық қабілетімді байқап, батасын берді. Алғашында Махамбет Өтемісұлының жырларын жаттап, көпшілік алдында орындадым. Кейін өз әндерімді жазып, эстрада бағытында да өнер көрсете бастадым. Бүгінде әнқоржынымда бірнеше әнім бар.
— Өкінішке қарай, біраз уақыт сахнадан алыстап қалғаныңызды білеміз. Дегенмен, нағыз өнер адамының жүрегіндегі оттың сөнбейтіні анық болар…
– Иә, өмір жолы үнемі гүлмен көмкеріле бермейді. Алланың сынағы болар, осыдан бес жыл бұрын жүрегім қатты сыр берді. Сол кеселдің салдарынан бір бүйрегімнен айырылып, өмірім түбегейлі өзгерді. Тіпті, тілім күрмеліп, бұрынғыдай ән сала алмай, домбыраны қолыма ұстауға батылым жетпейтін күндер де болды. Сол сәттерде ішімде алапат күйзеліс пен сағыныш қатар жүрді. Әнге, сахнаға, халыққа деген сағыныш.
Бірде қолыма домбыраны алып, саусақтарымды ішектерге тигізіп көрдім. Бірақ үнім шықпай қалмасы бар ма? Сол сәтте көзіме бірден жас үйіріле бастады. Бірақ мен сынбадым. Керісінше әр сынақтың артында мың қайыр бар екенін аңғарғандаймын.
Алматыда ұзақ уақыт ем қабылдадым. Қазір де емімді жалғастырудамын. Осы жылдар ішінде мені қайта өмірге әкелген – отбасымның мейірімі. Жұбайымның, балаларымның және анамның қолдауы мені жігерлендіріп, рухани тұрғыдан қайта түлеткендей болды. Қазір баяу болса да, қалыпқа келе бастадым. Әлі де домбыраны бұрынғыдай толық тарта алмаймын, бірақ жүрегімде үміт бар. Сол үміт маған өмір береді. Қазір жүректен шыққан жаңа әндер жазып жүрмін. Ән – менің екінші тынысым.
Арасында түрлі мәдени шара мен шағын отбасылық мерекелерге барып, ән шырқаймын. Әр орындаған әнімде бір кезде жоғалтқан өз дауысымды қайта тапқандай боламын. Алла қаласа, жақында сахнаға қайта оралып, тыңдарманмен қауышатын күннің алыс емесіне сенемін.
– Соңғы уақытта өзіне тыңдарман тартып, елдің назарын аудару үшін сүйкімсіз сазға үйір боп жүргендер бар. Осы жеңіл-желпі ән көбейіп кеткен жоқ па?
– Әр әннің өзінің тыңдайтын ортасы бар. Ешкімге «Сен ананы тыңда, мынаны тыңдама» деп шек қоя алмайсың. Барлығы қолынан келгенше жасайды. Халық өзі қандай ән керек екенін таңдап алады. Жеңіл тыңдалатын, сөзі де бірден жатталып қалатын әндерден әлі дұрыс бет бұра алмай жатқан секілді. Қазір классикалық бағыттағы әндерге де жұртшылықтың ықыласы артып келеді. Келешекте әр ән өз орнын табады деп ойлаймын.
– Әннің бағын ашатын ақын ба әлде сазгер ме?
– Негізі, ән мен сөз әдемі жарасым тауып тұруы қажет. Ал соны әнші халыққа жеткізе білуі керек. Сонда ғана әннің бағы ашылады. Бұған біржақты қарауға болмайды. Ақынның да, композитордың да орны зор деп айтар едім. Қалғаны әншінің шеберлігіне байланысты.
– Әнші демекші, кей әншілердің бойына қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз?
– Көп әншілердің бойында «өзім білем» деушілік көп. «Тәкаппарды Тәңірім сүймес» деген бар. Кейбір әншілерде өркөкіректік басым. Сені әнші қылып көтеретін де — халық, саған қол соғатын, қошеметтейтін де — халық. Егер сахнада тұрып, халықтың бір қошеметін алмасаң, онда кімге керексің?! Сондықтан халықтан биік емес екенін ұмытпағаны ләзім. Саған баға беретін — сол жерде отырған екі-үш қазы емес, тыңдарман.
— Әңгімеңізге рақмет! Сізге зор денсаулық, сарқылмас шабыт тілейміз. Өнеріңіз өрлей берсін!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
