Ән еркесі — Майра

Мам 15, 2025

Биыл Халық әншісі, композитор Майра Шамсутдинованың туғанына 135 жыл толмақ. Осы орайда Бұқар жырау атындағы облыстық өнер және әдебиет музейінде «Күміс көмей әнші — Майра» атты әдеби сазды кеш өтті.

Аталмыш кешке ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, композитор Асан Әбдікәрімұлы мен ҚР Мәдениет саласының үздігі, Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей-үйінің басшысы Ерлан Рахимов қатысты. Шара барысында кеш қонақтары сөз сөйлеп, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Майра» мектебінің оқушылары Айтбай Ақнұр мен Ақылбек Арғын Майраның әндерін орындады. Сонымен қатар, музей қызметкерлері Мизан Жұмәлі мен Назымгүл Шапағат та композитордың туындыларын шырқады.

Айта кетейік, Майра Шамсутдинова — қазақтың атақты әншісі, композиторы және алғашқы кәсіби актрисаларының бірі. Ол 1890 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 1927 жылы сол жерде қайтыс болды.

Майра жас кезінен-ақ ерекше музыкалық қабілетін көрсеткен. Мәселен, өздігінен гормоньда ойнап, 13 жасында халық арасында кеңінен танылған. Оның дауысы — контральто — сирек кездесетін тембрге ие болып, ерлер мен әйелдер әндерін бірдей шебер орындай алған. Майра тек қазақ тілінде емес, сонымен қатар татар және орыс тілдерінде ән айтқан.

1926 жылы белгілі этнограф Александр Затаевич Майраның орындауындағы бірнеше әнді жазып алған. Оның белгілі шығармаларының бірі — «Майра» әні. Сондай-ақ, Майра қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы театр әртістерінің бірі саналады. Оның есімімен Павлодар қаласында көше аталып, ән өнеріне арналған музей ашылған.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.