Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры Павлодар қаласына гастрольдік сапармен келді. Бұл астаналық өнер ұжымының біздің өңірдегі алғашқы сапары емес. Олар өткен жылы театр фестивалі кезінде жергілікті көрермендерді қызықты қойылымдарымен қуантып кеткен еді.
Алдымен театр әртістері кішкентай көрермендер назарына «Ертегі түннің әуені» атты қойылымын ұсынды. Аталмыш спектакль әлемге белгілі жазушы Г.Андерсеннің, Э.Гофманның және әр елдің халық ертегілерінен тұрады. Олардың қатарында көпке танымал «Ұсқынсыз үйрек», «Бұршақ үстіндегі ханшайым», «Шақылдақ» секілді шығармалар бар. Қойылымның режиссері – театр және кино актері Олжас Дәлелхан.
Ал кешкі уақытта павлодарлық көрермендер жанды дауыстағы әндер мен музыканың, театр өнерінің үйлесімінен туған «Кешкі 7…» қойылымын тамашалады. Театрдың «QALLEKI» лабораториясы ұжымы танымал ақындардың поэзиялық туындыларын оқып, оны әсем әнмен үйлестірді. Сөйтіп, бұл туынды көрермендерді өнер әлеміне жетелей алды.
Театрдың әкімшісі Таңшолпан Имантаеваның айтуынша, бұл спектакль театрдағы әртістердің шынайы оқиғаларына негізделген. Орындалған әндердің әні мен сөздерін де өздері жазған. Сондай-ақ, бұл шығарма арқылы актерлердің іштегі толғанысын жеткізу басты мақсат болғандығын айтады. Қоюшы режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы.
— Театрымыздың репертуарында көрермендерге ұсынар спектакльдеріміз көп. Алайда гастрольдік сапар болғандықтан олардың арасынан үздік деген туындыларды таңдап алдық. Олар — кішкентай көрермендерге арналған «Ертегі түннің әуені» ертегісі және «Кешкі 7…» спектакль-концерті. Бұл қойылымдар соңғы уақытта көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр, — дейді Т.Имантаева.
Айжан ЛЕСПЕК, театр көрермені:
— Қойылымды тамашалау барысында оның шынайы оқиғаларға негізделгенін байқадым. Театр әртістері әр оқиғаны монологпен жеткізіп, өлеңмен және әнмен байланыстыра алды. Олардың арасында өзім де бірге жүргендей сезіндім. Спектакльді көре отырып жыладық та, күлдік те. Актерлармен бірге мұңайдық. Бұл дегеніміз актерлік құрамның деңгейі биік екенін көрсетеді. Ерекше сезім сыйлаған өнер ұжымына алғыс.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.