Биыл қазақтың бірегей композиторы, КСРО-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына — 100 жыл. Қазақ музыкасының алтын дәуірін қалыптастырған тұлғаның ғасырлық мерейтойы жыл бойы тойланбақ. Осы орайда жуырда Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның қабырғасында «Құстар әні» атты концерт ұйымдастырылды.
Саф өнердің саңлағы саналы ғұмырында 500-ден астам ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет, 40-тан астам пьеса мен 20-дан астам фильмге музыка жазған. Осындай мәңгілік мұра қалдырған, қазақ өнеріне құбылыс болып келген композитордың 100 жылдығы аясында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ертіс–Баян өңірінің өнерсүйер қауымына ұмытылмас әсерлі кеш ұсынды.
Кеш қонақтары – көрнекті музыканттың қызы, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дінзухра Тілендиева және халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова.
Кеш барысында филармония әншілері Серік Рысбек, Жібек Айтпаева, Мадияр Бақтияров, Әлижан Қазбеков, Алмас Мұқатай және музыкалық коллеждің студенттері Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен белгілі сазгердің «Құстар әні», «Өз елім», «Қайран менің жүрегім», «Баянауыл вальсі» сынды әндерін шырқады. Сонымен қатар, «Әлқисса», «Ата толғауы», «Махамбет», «Көш керуен», «Аққу» секілді күйлері орындалды. Оркестрге кеш қонағы Дінзухра Тілендиева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов жетекшілік етті. Концерт жергілікті өнерсүйер қауымға ұмытылмастай әсер сыйлады.
— Әкем халқын қатты сүйді. Сондықтан барлық музыкасын халқы үшін жазды. Ол кісі жұмыста қатал, ал үйде жұмсақ болатын, – деп әкесін еске алды Дінзухра Тілендиева.
Айта кетейік, қазақ музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы — халықтың рухани мұрасы, бай қазынасы. Композитордың 100 жылдығына арналған іс-шара биыл 24 қаңтарда Ұлттық оркестр ұйымдастырған ауқымды концертпен басталған болатын. Қазіргі уақытта компози-тордың мерейтойы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдардың қолдауымен әлемдік деңгейде аталып өтуде.
Нұрғиса атамыздың шығарма-шылығы — ән мен күй ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани жадын сақтап қалған өнер мұрасы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.