Ән мен саз үйлескен кеш

Нау 13, 2025

Астаналық Еркеғали Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрі аймағымызға гастрольдік сапармен келді. Сапар барысында ұжым жергілікті тыңдармандарға әлемге әйгілі композиторлардың шығармаларын ұсынды. Олардың сүйемелдеуімен орындалған әр музыкалық туынды көрерменнің қошеметіне ие болды.

Жергілікті Иса Байзақов атындағы облыстық филармония астаналық ұжыммен үнемі тәжірибе алмасып, шығармашылық жоспарларымен бөлісіп отырады. Оған қоса, бірлесіп ауқымды мәдени жобалар жүргізіп келеді. Жуырда екі ұжым меморандумға қол қойды. Алғашқы шаралардың бірі осы ұжымның гастрольдік сапары болды.

Аталмыш оркестрдің дирижері Арман Жайым Павлодар өңірінен белгілі өнер адамдары шыққанын және қазір де мәдениет саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтады.

— Өзіме Павлодар қаласы ерекше ұнайды. Әсіресе, жаз мезгілі ұнайды. Ал мәдени өміріне келетін болсақ, бұл жерде өнерден хабары бар, музыканы мұқият тыңдай алатын көрермендер баршылық. Сондықтан шығармашылық процестерді үнемі бақылап отырамын. Мәселен, филармонияның өзінің де симфониялық және джаз оркестрінің өнерімен жақыннан таныспын. Олар осындай талантты өлкенің сұлулығын, табиғатын әнге қосып орындауда, — дейді ол.

Елордалық филармонияның жетекші солисі Фируза Рахметова Екібастұз қаласында туып-өскен. Жергілікті музыка мектебінің және Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Үш жылдан бері Е.Рахмадиевтің мемлекеттік академиялық филармониясында солист ретінде еңбек етеді. Өнер көрсеткеннен соң өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізді.

— Көңіл-күй керемет! Өйткені туған жерде өнер көрсету — мен үшін зор бақыт. Ал филармония сахнасында алғаш рет өнер көрсеттім. Бұл туралы бұрыннан бері көп армандайтынмын. Концерт барысында көрермендер бізді жылы қабылдағанына қуаныштымын. Олардың қолдауын сезіндік. Осыдан-ақ олардың классикалық музыканың шынайы білгірлері екенін түсіндік. Мен мұны үнемі мақтан етемін, — дейді Фируза.

Концерттік бағдарламаға өнер ұжымы тыңдармандарға жағымды әсер сыйлайтын таңдаулы шығармаларды енгізді. Шымылдықты Вольфганг Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» туындысымен ашты. Одан кейін олар норвегиялық композитор Эдвард Григтің «Холберг заманынан» туындысын екі стильде ұсынды. Бұл композицияның сұлулығын көпшілікке терең әрі нәзік жеткізе алды.

Еуропалық классиктер мен отандық композиторлардың танымал шығармаларын қамтыған бір жарым сағаттық концерт лезде өтті. Осындай ерекше кешке куә болған көрермендер де өз әсерлерімен бөлісті.

— Концерт ұнады. Өзіме ұмытылмас сәт пен жағымды әсерлер алдым. Кеш барысында өзімізге белгілі Людвиг ван Бетховен, Иоганн Себастьян Бах, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың туындылары орындалды. Осындай музыкалық бағдарламаның өтуіне себепкер болған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — дейді көрермендердің бірі танымал дәрігер Инна Гловакка.

Павлодарлық көрермендер үшін тағы бір тосынсый ол оркестр дирижері Арман Жайымның авторлық туындысының тұсаукесері болды. Ол елордалық филармонияның симфониялық оркестрін шебер басқарып қана қоймай, музыка жазумен айналысады. Музыканттар автордың «Аңшылық» шығармасын көркем түрде жеткізе алды. Автордың айтуынша, шығармада сұңқар, тазы және төбетпен аң аулау туралы айтылады. Зал бұл ерекше, сиқырлы фольклорлық элементтерге бай композицияны аса қызығушылықпен және зор құрметпен қабылдады.

— Классикалық шығармаларды көп адам тыңдай бермейді. Себебі, оны түсіну оңай емес. Алайда павлодарлық тыңдармандардың әр шығармаға ден қойып тыңдағаны бізді қатты қуантты. Сондықтан алдағы уақытта одан да керемет туындыларымызды ұсынуды жоспарлап отырмыз, — деп атап өтті дирижер.

Алдағы уақытта өзге де өңірлердегі музыкалық ұжымдар облыстық филармонияда өнер көрсетпек. Жергілікті өнер ордасы да басқа облыстарға гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттер И.Байзақов атындағы облыстық филармониядан алынды.