Ән падишасы — Шәмші Қалдаяқов

Там 14, 2025

Еліміздің Мемлекеттік Әнұраны орындалғанда көкірегімізді рух кернейді. Сол сәтте ел мен жерге деген сүйіспеншілікпен қатар авторының да есімі аталады. Ол — Шәмші Қалдаяқов. Қазақ вальсінің падишасы атанған композитордың туғанына биыл 95 жыл. Сазгердің жүректен туған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде Тәуелсіз елдің Әнұранына айналды. Ол өмірден өтсе де, оның әндері әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Ол өзі жайлы көп айтпады, бірақ әр қазақ оның әр әуенінен жүрек үні мен жан сырын ести алды.

Әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамыз күні Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Сазгер шығармашылық жұмыспен 1950 жылдардан бастап айналысқан. 1956-1962 жылдарда Алматы консерваториясында оқыған. Ш.Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық туынды жазған. Танымал туындыларды дүниеге әкелген композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алған. Ал 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық артисі атағы берілген.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді. Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Ш.Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.

Композитордың «Теңізде — толқында», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Ақ ерке — Ақ Жайық», «Арыс жағасында» және т.б. әндері қазақ сахнасында әлі күнге дейін шырқалып келеді. Ал 1991 жылы композитор туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсірілді.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әні Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Сазгердің шығармаларындағы басты ерекшілік – қарапайымдылық, халықтық әуен мен ұлттық бояудың терең үйлесімділігі. Ол махаббатты, сағынышты, Отансүйгіштікті шынайы сезіммен жеткізе білді. Оның әр туындысы халықтың жан-дүниесімен үндесіп жатыр.

Осы орайда, сазгердің тағдыры мен ғұмыры жайлы 10 деректі ұсынамыз.

 

***

Шәмшінің әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікпен әуестігі жоқ болады. Сондықтан бұл қасиет бала бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек.

***

— Шәмші Қалдаяқов пианиноны да, домбыраны да жетік меңгерген.

***

— Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше, 300-ге жуық әні бар. Лирикалық әндеріне қарай Шәмшіні «Қазақ вальсінің королі» деп атап кеткен.

***

— Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», — деген екен.

***

— Шәмші «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихын Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырады.

— Қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезеді. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні туады.

                                 ***

— 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Байқау талай таланттың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді.

***

— Шымкент қаласында облыстық филармония, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларында көше аттары, композитор туған өлке — Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі — Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған.

***

— 1991 жылы Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді.

***

— Сазгердің әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындары қалам тербеген.

***

— Шәмшінің екі ұлы әкелерінің жолын қуып, бүгінде кәсіби музыкант ретінде еңбек етуде.

А.БОРАНБАЕВА.