Наурыз — жаңарудың белгісі және ұлттар бірлігі мен татулығының бастауы. Жуырда Наурызнаманың онкүндігі аясында «Достық үйінде» «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты мәдени шара өтті.
Мерекелік жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының мүшелері Наурызнама онкүндігінің әр күндігінің тақырыбын ашып, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан тағамдарын таныстырды.
Шараға мәдениеттанушы, публицист, жазушы, педагогика ғылымдарының магистрі, «Елсана Аманат» қоғамдық қорының президенті Серік Ерғали, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова және Ассамблея мүшелері қатысты.
«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова аталмыш шара барысында Наурыздың нышанына айналған жолтеректі жиналған қауымның назарына ұсынғандықтарын алға тартты.
— Наурызнаманың алғашқы күнінде тұңғыш рет Наурыз айын бейнелейтін жолтеректі таныстыруды жөн санадық. Одан бөлек, облыстық Аналар кеңесінің мүшелері бүгінде көп әзірлене бермейтін ұлттық тағамдарды дайындады. Олардың арасында қарын бүрме, жылқының жүрегінен жасалған үлпершек, қарын май, жылқының шегінен жасалған моншақ әсіп секілді тағамдар бар, — дейді Б.Максилова. Ал Наурызды 25 жылдан бері зерттеп жүрген астаналық мәдениеттанушы Серік Ерғалидің сөзінше, жолтерек – мифологиялық мазмұн. Бәйтерекке ұқсас болып келеді. Аңыз бойынша Бәйтерек – кеңістік символына, Айдаһар уақыт нышанына айналған. Жыл сайын самұрық құс жұмыртқасының желінуі жыл алмасу үдерісін білдірген.
— Ежелгі прототүркілік сенім бойынша дүние 3 қабаттан тұратын әлемдерден құралған. Олар — жерасты, жер беті және аспан. Бұларды байланыстыратын — Бәйтерек немесе Йол – жолтерек. Басты мерекелерде осы жолтерек арқылы түркілер тілегін, арман-аңсарын көкке жөнелткен, — дейді С.Ерғали.
Жолтеректің басына көк күмбезі ретінде көгілдір шаңырақ орнатылған. Күмбездің астын ала әшекей баулар бекітілетін шығыры бар сегізбұрыш және төменгі тұсынан да сегізбұрыш бекітілген, екі сегізбұрыш арқылы 21 баумен, құрмен немесе таспамен әшекейленген, өне бойына жеті түсті таспа оратылған бақан немесе сырық.
Шара барысында әр этномәдени бірлестіктің өкілдері Наурызнаманың онкүндігіне тоқталса, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын таныстырды. Алдағы уақытта «Достық үйі» Наурызнаманың әр күніне орай ауқымды шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Еске сала кетсек, әр күнде бір құндылықты насихаттайтын онкүндік 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталады.
Айдана БОРАНБАЕВА.