Өзіміздің Ахат…

Қыр 18, 2025

Жасыратыны жоқ, осы күндері арамыздан алыстаған ардақтылар түгілі, жанымызда жүрген қаламдас-әріптестеріміздің белгілі дәрежедегі мерейтойлары тұсында да білгенімізді қағазға түсіруден аз-кем тартыншақтайтын болып алдық па, қайдам?! Иә, естелік еріккеннен жазылмайды. Байқағаным, кейде сенің азды-көпті жазған-сызғаныңа жанашырлық тұрғыдан тілеуқорлық танытып, салғаннан мақтай ала жөнелмесе де сыртыңнан іш тартып, азаматтық тұлға-бітімін аласартпай, қашан көрсең де сенімен жылы амандасып жүретін алдыңғы толқын ағаның жарқын бейнесін бір сәт еске түсірейікші дегенде, қалам шіркіннің кідіріссіз жосылып сала беретіні-ай!

Өзгелерде шаруам не, өзім ерекше сыйлайтын қаламдас ағамның бірі – Ахат Жақсыбаев. Ахаңның өлшеулі ғұмырында қазақ руханиятының қара шаңырағы – Жазушылар одағында табан тайдырмай отыз жыл қызмет істегендігін бірге жүрген дос-жарандарынан бөлек, кейінгі інілері де тамсана айтудан жалықпайды және Ахаң жайлы қағазға түскен, түспе-
ген аңызға бергісіз әңгімелер де құлаққа жағымды естіледі. Биыл мамыр айының соңына таман балалары, Клара жеңгей бас болып, Ахаңның 85 жылдығына орай Алматыда марқұмның аруағына құран бағышталып, ас беріліп, «Өмір – өнер үйлесімі: А.Жақсыбаевтың әдеби әлемі» атты жазушыны еске алу шарасы аншлагпен өтті.

Уақыт ырғағы солай болды ма, әлде шығармашылық үйлесімділіктің әсері ме, әйтеуір, тоқсаныншы жылдардың аяғы, үшінші мыңжылдықтың басында «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымында өңшең, «сен тұр, мен атайын» қабырғалы қаламгерлер қызмет істеді. Қызық, қызық болатын себебі, басқаны қайдам, шығармашылық еркіндікті осы жерде анық сезіндім. Бас редакторымыз – Ахат Жақсыбаев. Жазушылық қырынан елге кеңінен танылған және таланттыларды жазбай тани білетін Ахаңның жүріс-тұрысынан, істеген ісінен, тіпті киім киісінен де жинақылық пен шалт қимылдың иісі аңқып тұратын.

Редакцияның күн батыс бетіндегі шеткі бөлмесінде Иранбек Оразбаев, Исрайыл Сапарбаев, Әмірхан Меңдеке, төртеуміз тізе қосып, бірнеше жыл бірге қызмет істедік. Көрші бөлмеден Мейірхан Ақдәулетов пен Әлия Бөпежанованың жарқын-жарқын дауыстары естіліп жататын. Сірә, Зейнолла Серікқалиев ағамыз төбе көрсетті-ау деп топшылаймыз. Жүсіпбек Қорғасбек — бас редактордың орынбасары, Еркін Жаппас – жауапты хатшы.

Айтайын дегенім, сол кезде шағын ұжымдағы еркіндік, шығармашылық аура аспан тірейтін. Газетке керекті мақала үйде жазылатын еді де, сол шағын бөлмеде әдебиетке қатысты арғы-бергі бел-белестер; әлдекімнің жаңа шығармасы жөніндегі «ыстығы көтерілген» пікірталас, әзіл-қалжың, ертеңгі күні жарыққа шығатын поэзия бетіндегі жас ақындардың өлеңдер топтамасы; тосын ойлы, биліктің назарына ілігетіндей ащы шындықты ашық айтқан публицистика, әлем әдебиетіндегі мойны
озық туындының өмірге келуі… қойшы, құрысын, сол қуықтай бөлмеде не айтылмады дейсің?! Марқұм Исрайыл ағамыздың жаңадан өмірге келген әндерін жүректері езіліп тыңдайтындығы былай тұрсын, автор рұқсатын берсе жанын салып, сахнаға алып шығуға дайын екендіктерін аңғартып, бір топ бойжеткендер келер еді сызылып… Сол бөлме маған әркез ыстық. Жолым түсіп, одаққа бара қалғанда өзім отырған үстөлге отырып, қазіргі таңда қызмет істеп жүрген жас әріптестеріме: «міне, мына жерде
Ирағаң, Иранбек ақын түнде қағазға түскен өлеңін бұрқыратып оқып тұратын еді» деп еске түскен штрихтарды айтып, кәдімгідей жеңілденіп қаламын.

Әрі бас редакторымыздың батылдығын айтсаңызшы, ұмытпасам, Әмірхан Меңдекенің жаңа ғасырымыздың басында «Қазақ әдебиетінің қасіреті неде?» деген сын мақаласы газеттің екі нөмірінде жарқ ете қалды. Мақалада көтерілген өзекті мәселелер мынау деген атан түйеге жүк боларлықтай-ды: тәуелсіздіктің әлі толық тамыр жайып, бел тіктей қоймаған шағында осынша ащы және осынша өткір проблемаларды оқырман талқысына ұсыну – «жүрек жұтқан» басшының ғана қолынан келетін шаруа еді. Сөздің келер жағында, өз басым шығармашылық еркіндікті Ахат ағамыздың тұсында «Қазақ әдебиеті» редакциясынан кезіктірдім дегем-ді. Ахаңның: «мен газеттің бас редакторымын ғой, ұжым басшысымын ғой» деп шіренгенін, өзін өзгелерден жоғары қойғанын бір сәт, жалқы сәт көрсем не дейсіз; бәрімізбен тең дәрежеде пікірлесетін, күлтелектемейтін, ойын барынша ашық айтатын, егер жазған-сызғаның ұнамаса, қолжазбаны дереу өзіңе қайтып беретін. Ал сен ұсынған дүние Ахаңның көңілінен шықса, ұжымда кездесетін анау-мынау көңілсіздіктердің бәрін ұмытып, құдды сол мақаланы өзі жазғандай сенің жаныңа кеп, сол тақырыпты тағы бір қаузап, ол қашан газет бетіне басылып, оқырман қолына тигенше езуінен күлкі жиырылмайтын.

Ол кісінің «Жұлдыз» журналындағы жауапты хатшылығын, жұмысқа жан-тәнімен берілетін әбжілдігін, редакцияға сан түрлі шаруамен келетін қаймана қазақтың да көңілін табу үшін, өзінің күнделікті қат-қабат шаруасын жиып қойып, ол толыққанды жауап алғанша сонымен бірге болатындығын жазушы Қуандық Түменбай жыр ғып айтатын-ды. Қазір қайдам, о кезде қолынан жазу-сызу келетін пендеңіз газет-журнал редакцияларын жағалайтындары бір бөлек, одан арғысы ішіндегі буырқанған «желді» қайтып шығарарын білмей, менің аласұрған жан-әлемімді бір түсінсе осылар түсінер-ау деп, одаққа салып ұрып жетіп келетіндер саны тым қомақты болатын. Және төмендегі қайран «Қаламгер»-дің есігі қашанда ашық. Шөліркегендер «сусын-
дарын» ішіп, жағдайларын біршама түзеген соң, жоғары қабатқа көтерілер еді. Жазушылар одағындағы жұмыс кестесі белгілі, түні бойы шығармашылықпен айналысатын ағайынға мұнан артық қамқорлық қайда?! Қызметкерлер ырғалып-жырғалып, түс ауа бір шаң береді.

Ал «Жұлдыз» журналының емен есіктері әдеттегідей жабық, тек ортаңғы бөлмеде ғана тірлік бар секілді. Иә, тірлік бары бірден сезіледі, себебі, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы Ахат Жақсыбаев — тумысынан қатаң тәртіптің адамы. Жұмыс уақытында сымдай тартылып, шалбарының қыры сынбаған күйі, өзге қылтың-сылтыңды басы бүтін ұмытып, қызмет орнынан табылғанды жөн көреді. Сондықтан амал нешік, редакцияға жолы түсіп келгендерді алғаш қабылдайтын да — Ахаң, олардың бұйымтайларына толыққанды жауап беретін де — Ахаң. «Қалқам, бүгін шаруа шаш-етек, қолжазба оқудан мойын босамай жатыр, журналдың кезекті санын баспаханаға тапсыру керек, ертең немесе арғы күні келсеңіз қайтеді» дейтін сүйретпе жауап, «ұзын арқан, кең тұсау» — жауапты хатшыға мүлдем жат мінез. Әрқашан уақытылы жұмыс орнынан табылатын осы табандылық кейін өзге әріптестерін де біраз «тәртіпке» бейімдеген тәрізді. Ал одақ басшыларының Жақсыбаевтың іскерлігі мен ыждағаттылығына айтар алғыстары шексіз. Журнал бірде-бір мәрте баспахана графигінен кешіккен емес.

Сол кезде «Жұлдыз» журналының таралымы 240 мың дана болған екен. Ертегі секілді кәдімгі. Міне, осы тираж мәселесіне келгенде де Ахаңның көл-көсір жанқиярлық еңбегі барлығын ішім сезеді. Бірде Ахаң тираж шаруасымен Қарақалпақстанға іссапармен барған екен. Көп оқырмандарымыздың сол өңірде тұратыны белгілі. Сол мақсатпен «Қазақ әдебиетінен» марқұм Рақымжан Отарбаев досымыз да сол жақта жүріпті. Екеуі шүйіркелесе қалып, бірден сол кездегі өлке басшысы, өзіміздің қадірменді ақын ағамыз Кәкімбек Салықовтың қабылдауына жазылыпты. Бірінші хатшы жерлестерін бірден қабылдаған, қабылдап қана қоймай, келген шаруаларының мінсіз орындалуы үшін тиісті мекемелерге мұқияттап тапсырған. Мұндайда шығармашылық адамының қуанышында шек бола ма?! Бұл жайды кейіннен Рақымжанның естелігінен оқыдым. Оқыдым да Ахаңның журнал үшін жанын беретін жауапкершілігіне тағы да қайран қалдым.

Иә, қазір күллі дүние өзгерісте. Әдебиетке деген көзқарас та өзгерді. Баяғыдай кіреқарыс кірпіш кітаптардың күні өтті дейтін пікірлер де аракідік айтылып қалып жүр. Әрине, бұған бірден құлай кету қиын шығар. Ал жаңа тұрпатты әдебиет жасау біздің мойнымызға жүктелген міндет деп те қояды кейбір жас перілер. Пікір алуандылығына кім қарсылық жасай қойсын, десе де, осының бәрі туған әдебиеттің пайдасына шешіліп жатса, шіркін-ай дейсің ғой баяғы. Рас, кейіпкер психологиясындағы арпалысты сезімдерді көп сөз шығындамай, кәдімгі майдан қыл суырғандай, шеберлікпен қағаз бетіне түсіре білсеңіз, рақметтен басқа айтар тілек бола ма?! Оның үстіне оқырманның да талғамдары күрт өзгерді. Қалың кітаптарды оқып отыруға уақыт жетпейтіндігін ылғи алға тартады. Интернет, электронды кітап дегендеріңіз, іздесеңіз үнемі жаныңыздан табыла кетеді. Оған бола күш шығындаудың қажеті шамалы. Шетел әдебиеттері кітап сөрелерінде сыймай тұр. Жарнамаларына елең етпеуіңіз және мүмкін емес.

Міне, осындайда отыз жылын одақтың ащы ішектей созылған қат-қабат шаруасына арнаған және шаршадым, шау тарттым дегенді өмірі ауызға алмайтын Ахаң еске түспегенде қайтеді?! Бұл неткен табандылық дейсің және де.

Былайғы әңгіме, повестерін, публицистикалық мақалаларын айтпағанда, «Егес», «Бөгет», «Қорған» секілді әрбірі бір кісіні ұрып жығатындай романдарды дүниеге әкелген Жақсыбаев неткен еңбекқор жазушы еді демеске шараң қайсы?! Иә, қабілет-қарымы бар әркім-ақ кітапты жазуын жазар ғой, бәрінен бұрын оның оқырман жүрегін жалқы сәт болса да, бір дір еткізетіндей құндылығын айтсаңызшы! Бір ақиқаты – қазақ әдеби өмірінде өндіріс тақырыбына қалам тартқан, қалам тартып қана қоймай, жұмысшы әулетінің психологиялық ахуалын тамыршыдай тап басып, оқырман ойынан шыға білген тұлғалы қаламгерлеріміз – С.Ерубаевтан кейін, Ғ.Мұстафин, Ш.Мұртазадан кейін Ахат Жақсыбаевтың тұрғаны ешкімге дау тудырмайды. Жақсыбаев шығармаларының әлі талай ұрпақ тұшынып оқитындығы — жазушының өндіріс тақырыбын бүге-шігесіне дейін жатық білетіндігі, өзінің де өндіріс орнымен біте қайнасқаны, сол ортаның «кухнясын» өзгелерден анағұрлым толық түсінетіндігі. Оның үстіне биылғы жыл — ел Президентінің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» атанып отыр. Екібастұз қаласында алғашқы еңбек жолын шахтерліктен бастаған жазушы кейін бұл «шешіміне» өкінбейтін болған шығар. «Егес» романындағы басты кейіпкер – Батырбекті қалай дегенде де, Ахаңның өзіне ұқсатамын да тұрамын. Үнемі көз алдыма Батырбек — Ахаң болып елестейді.

Жақсыбаевтың өмірінің соңына дейін аса жауаптылықпен қолына алған шығармасы әрі полиграфиялық нақышпен әсем безендіріліп, «Мереке» баспасынан жарық көрген – «Иса ақын» дилогиясы. Иса ақын – алдыңғы толқын ағалардың естерінде жатталып қалғанымен, соңғылар ептеп ұмыта бастаған әдебиетімізде өлместей өз орнын мықтап шегелеген тағдырлы талант иесі. Ахаң бұл тақырыпқа жайдан-жай бармаған секілді.

Алдымен айтарымыз, Иса ақын — Ахаңның жерлесі, екеуі бір өңірдің тумалары. Жазушы оны ілгеріден зер салып, індете зерттеп жүргенге ұқсайды. Ақынның көзі тірі туыстарымен жақын араласқан. Ақын өміріне қатысты деректерді молынан жинаған, яғни, бір сөзбен айтқанда, ақын болмысына бойындағы бар қуат-күшін аямастан, аса шабытпен кіріскені романды оқи бастағаннан-ақ анық сезіледі. Шығарма бір деммен оқылады, жазушының ешкімге ұқсамайтын айрықша қолтаңбасы бірден байқалады.Ахаңның мерзімді басылымдарға бірген бір сұхбатында: «Әр он жыл сайын Әуезов туа бермейді» дейтін қанатты сөзі барды. Және «Иса ақын — 100 жылда бір рет дүниеге келетін тұлға» дегені тағы бар. Соған қарағанда Иса ақын тақырыбына дайындықсыз, жүрдім-бардым кірісу – әр қаламгердің азаматтық арына сын болмақ дегені болар, сірә!

Ахаңның жақын досы, сырласы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай роман жайлы былай дейді: «Ахаттың жаңа туындысы «Иса ақын» романына келісінде, оны орындауында жинақылық бар. Автор романға ойдан ештеңе қоспай, болғанды болған күйінде баян етеді. Романда әлеуметтік сілкініс, соқталы оқиғалар сирек. Автор аса дарын иесі болып дүние есігін ашқан Исаның мінез құбылыстарын, жан-дүние бұлқынысын қалт жібермей қадағалауды машық еткен. Демек, роман лирика-психологиялық арнада қалыпталған…». Жақсыбаев саналы ғұмырында «Жұлдыз»-дан бөлек, «Ақиқат» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редакторлық қызметтер атқарды. Соңғы қызметі республикадағы балалар басылымдарын басқарды. Клара жеңгемізді жанындай жақсы көретін адал махаббаты — әркімге үлгі боларлықтай ерекше құбылыс. Жай көшеде қыдырып бара жатса да, жеңгеміздің қолынан ұстап жүретін. Біз мұнысына сырттай қызығатынбыз. Жеңгеміздің де ағамызға деген кіршіксіз көңілі ешкімге ұқсамайтын. Екі жақсының қосылып, өмір сүретіндігіне анық көзіміз жетті. Жеңгеміздің Ахаңмен қалай танысқанын, қыз-жігіт боп бірге қыдырғанын, қиындық көрсе қиналмай, керісінше қайраттана түсетіндігін, күллі қазақ зиялылары секілді Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп жүргендерін, бала-шағаларына қалай тәрбие бергендерін қаламгер Ж.Аупбаевтың Клара жеңгеймен болған сұхбатынан оқып білгем-ді. Бір ғажабы, Ахаң «Иса ақын» романының алғашқы бетіне айшықты әріптермен «Кларама арнадым» деп жазыпты! Бұдан артық не дерсің?!

Өзім жақсы көретін, сыйлайтын үш жеңгеме бек ризамын. Оның екіншісі — Қажығали Мұханбетқалиев ағамыздың үйіндегі айдай сұлу Сұлухан жеңгем. Жігерлі, бастарына қаншалықты қайғы түссе де жасыған емес, тез арада бойларын тіктеп, тіршілік ауанына жылдам бейімделді. Үшіншісі – Шөкеңнің (Ш.Сариевтің) үйіндегі – Жұмагүл жеңгем. Ағаларымыздың артында қалған шығармаларының басын біріктіріп, кітап шығару үшін жанталасады, есімдерінің ел есінде қалуы үшін қолдарынан келген бар мүмкіндікті аянбайды. Естеліктер жинағын ұйымдастырады. Халық санасына әбден сіңісті болған әндерін атақты әншілердің естеріне қайта салып, шапқылап, шығармашылық кештерін өткізуге кіріседі. Қашан бір нәтижеге қол іліктіргенше кері бұрылмайды, өжет, дегендеріне жеткенше шаршамайды, шалдықпайды. Асыл жеңгелеріміз аман-есен, арамызда жүре бергей!

Ахаңмен «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеген жылдары ол кісінің біреуге қатты ашуланғанын, біреудің сыртынан бөгде сөз айтқанын, біреуге ұрысып-жекіргенін көрмеппін. Қашанда бірқалыпты, жайдары. Орнымен әзілдесе білетін. Жұмыс барысында Ахаңның кейде бас редактор екендігін есінен шығарып ап, «маған келіп кетіңізші» деп бөлмемізге жетіп келетіні барды. Ондайда біз де ағамызға еппен еркелеп қалатынбыз: «Аха, алдыңызда хатшыңыз отыр, өзіңіз жүгіре бергенше, соны жұмсамайсыз ба?». «Сен де қызық екенсің! — Ахаң риясыз күлер еді. – Ол саған барып келемін дегенше, мен саған екі барып, екі келмеймін бе…». Арғы жағын түсіне қоямыз. Қалай дегенде де Ахаң ауыз толтырып айтарлықтай, үлкен жүректі азамат-ты.

Ахаңның соңғы демі таусылғанға дейін аптасына бір мәрте телефон арқылы болса да хабарласып, хал-жағдай білісіп тұрдық.  Өмір сүруге деген құштарлығы, құлшынысы керемет еді: «Жер үйге көшіп алдым. Ерте тұрамын, гүлдерді суғарамын, жеміс ағаштарының түбін қопсытамын. Бұл рақат екен, уақытың тез өтеді, әрі демалыс, әрі жаттығу…».

85! Мың жерден шүкіршілік айтқанымызбен, бүгінгі өлшеммен қарағанда аса таңғалатындай, аса таңдай қағатындай жас емес! Әлі де алшаң басып, ортамызда жүре тұрғаны жақсы еді. Меншіктеп, өзіміздің Ахаң деуші едік… Алла Тағала бізбен санаспайды, есептеспейді. Жарқын бейнеңіз әрдәйім жадымызда!..

Қуаныш ЖИЕНБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы.