Баянауылдың төрінде өңіріміздің руханияты мен өнеріне айрықша еңбегі сіңген айтыскер ақын, Баянтаудың бөрікті ақсақалы Жұмкен Сейітовтің шығармашылық кеші өтті. Әдеби-сазды кеш барысында Сейітовтер әулетінің бірнеше буын өкілдерінің өнерін қамтыған «Өлең ұя салған шаңырақ» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Айтыс сүйер қауым үшін арқалы ақын — Жұмкен Арқалықұлының есімі жақсы таныс. Ол — өзінің жалынды жырларымен, өткір тілімен, байыпты болмысымен, салмақты сөз саптауымен көпшіліктің жүрегіне жол таба білген ақын. Ізденімпаздығының, еңбекқорлығының, табиғи дарынының арқасында талай шыңды бағындырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Ақын мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашылық кештің құрметті қонағы болған облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс-Баян өңірінде талантымен танылған айтыскер ақындардың арасында мерейтой иесінің орны ерекше екенін айтып, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Сейітовтер әулетіне өнер, мәдениет саласына сіңірген орасан зор еңбегі үшін алғыс айтып, 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

— Табиғи дарынымен, ақындық алымымен айтыс өнерінде Жұмкен ағаның орны ерекше. Біз Жұмкен аға екеуіміз бір ауылдың тумасымыз. Бала күнімнен ағамыздың өнеріне тәнті болып, ерен еңбегінің куәсі болып өстім. Жұмкен Арқалықұлының айтыс өнерінде есімі ерек. Оның ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мәдениет саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз, — деді облыс басшысы.

Мұнан соң республикалық «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы Аспанбек Шұғатаев жырдан шашу шашып, көрермен-дерді ерекше әсерге бөледі. Кеш барысында Бейсенбі Мұқажанов, Қанат Шайғазин, Таңат Ахатов, Шолпан Байғалы сынды үзеңгілес достары, ардагер айтыскерлердің құттықтаулары мерейтой иесінің абыройын биіктете түсті. Кеш барысында Сейітовтер әулетінің ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын «Өлең ұя салған шаңырақ» атты кітаптың тұсауы кесілді. Аталмыш кітапқа Сейітовтер әулетінен шыққан айтыскер ақындардың өлең-жырлары, айтыс үзінділері топтастырылған. Жинақтың жарыққа шығуына ұйытқы болған Жұмкен Сейітовтің ұлы, айтыскер ақын Тілек Сейітовтің айтуынша, жыр-жинақ бір жарым айдың көлемінде жинақталып дайын болды. Кітаптың редакторы әрі құрастырушысы – ақын, журналист Бейбіт Бөжен.

Салтанатты шарадан соң шығармашылық кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Ақбеттаудың баурайына жиналған қалың көрермен әуелеген әнге тербеліп, жалынды жырлардан моншақ тізді. Осылайша айтыскер ақындар мен ұлттық өнердің жанашырлары өлең ұя салған шаңырақтың шаттығына куә болды.

Қанат ШАЙҒАЗИН, айтыскер ақын:

— Жұмкен Арқалықұлы – талай мәрте Ертіс-Баян өңірінің атын шығарып, республикалық деңгейдегі байқауларда марапат мінберінен көрінген ақын. Ширек ғасыр бұрын қадам басқан киелі сахна арда өнердің ағымына бойлатып, халықтың қошеметіне бөледі. Шығармашылығын шыңдап, жетістікке жетті. Бала кезден қара өлеңге құмартып, қара домбырасын жанына серік еткен ол жүрек сөзін жырлаумен жартығасырлық ғұмырдариясын жүзіп өтіп, абыройдың асқарынан танылып келеді.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.