Дәл осындай атаумен Ертіс-Баян өңіріне есімі танымал айтыскер ақын, жыршы-термеші, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз Таңат Қуанұлы Ахатовтың 50 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Игі шараға өнер иесінің туыс-туғандары, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, достары мен шәкірттері тегіс қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Кештің шымылдығын ақынның өнерге өзі баулып, қанаттарын қатайтқан шәкірттері арна-уымен ашты. Баянауылдық «Беу, жігіттер!» ансамблі әннен шашу шашты. Сондай-ақ, шараға жиналған қауымның назарына мерейтой иесінің өнер өлкесіне қадам басқан жас шағындағы шығармашылық өмірінен сыр шертетін бейнекөрсетілім ұсынылып, үлкен айтыс сахнасына алғаш рет шыққан сәтінен үзінді көрсетілді.

Осылайша, шығармашылық кеш барысында ақынның өнері дәріптеліп, өлеңдері оқылды. Мерейтой иесінің шәкірттері мен балалары да бар өнерлерін ортаға салды.

Ер жасы – елуге келген Таңат Қуанұлын құттықтап, түрлі марапаттар тапсырып, сый-сыяпат жасағандардың да қарасы көп болды. Атап айтар болсақ, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан кеш иесіне «Облыс алдына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

— Биыл өңірімізде көптеген белгілі жерлестеріміздің мерейтойлары өтуде. Солардың бірі – Таңат ағамыздың 50 жасына орай ұйымдастырылып жатқан шығармашылық кеші құтты болсын! Бір байқағаным, Баянауылдың азаматтарынан үйренетін үлкен дүние бар. Ол – өзінің тұлғасын жоқтай алатындығы, құрметтей білетіндігі. Міне, осы үрдістен айырылмаңыздар. Өзге жұрттар сіздерден үлгі-өнеге алуы керек. Баянауылдықтар үшін сіздің алар орныңыз ерекше екенін көріп жүрміз. Осылай ел құрметіне бөлене беріңіз, отбасыңыз аман болсын! – деді Медет Алпысбайұлы.

Бұдан кейін жылы лебізін білдірген облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар-масы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының құттықтау хаттарын тапсырып, ақын иығына шапан жапты. «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті Ертай Жүсіпов те құттықтау сөз алып, Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін жас ұрпаққа насихаттауға зор үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, -осы қордың атынан кеудесіне медаль тақты. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев мерейтой иесінің ақындығымен қатар, жазуға да жақындығы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Журналистер одағының мүшесіне қабылданғаны туралы куәлік пен арнайы белгісін тарту етті.

Сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа жерлестері де құрмет көрсетті. Баянауыл ауданы әкімінің аппарат басшысы Мереке Әбдікәрімов ізгі тілегін жеткізіп, «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Аудан әкімінің құттықтау хатын оқып берді. Мерейтой иесіне деген құрмет мұнымен ғана шектелген жоқ. Бір топ жерлесі ақынға ат мінгізді. Сонымен қатар, өнерде жүрген өзге де азаматтар, депутаттар мен жақын достары жүрекжарды тілектерін айтып, сый-сыяпаттарын табыс-тады.

Шығармашылық кеш барысында Таңат Ахатовтың «Жасыбай толқындары» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Онда ақынның өлеңдері топтастырылған екен.

— Мені осы уақытқа дейін не атқардым, не істедім деген сұрақ толғандырды. Соның жауабы ретінде жастық шағымнан бастап бүгінгі күнге дейін жазған өлеңдерімді сұрыптап, осындай кітап шығаруды жөн көрдім.

Негізі, осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1994 жылы институттың 2-курсында оқып жүрген кезімде Шолпан Байғалы апай мені тауып алып, Ақтоғай ауданында өткен айтысқа алып барды. Марқұм Амангелді Асқаров деген ақынмен айтыстым. Сөйтіп, үлкен айтыс сахнасына алғаш рет шығып, жолым ашылды. Ал өмірден өткен Баянауылдың абызы Зекебай Солтанбаев ағамыз мені өнерге, өлеңге дайындады. Сол кісінің ізін басып, таяғын ұстап, ұстаздықтың ұлы жолына қадам бастым. Осындай жанашыр жандардың арқасында адам болып қалыптастық, — деп атап өтті Таңат Қуанұлы. Сонымен қатар, ол қуанышына ортақтасып келген барлық көрерменге, шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған азаматтарға алғыс білдірді.

Ертай ЖҮСІПОВ, «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті:

— «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Таңат Ахатовтың өне бойы өнерге тұнып тұр. Ол — айтыста да, білім-ғылымда да, жалпы, өнердің өзге салаларында да ойып тұрып алар орны бар жан-жақты азамат. Ең жақсы қасиеті – ешқашан ұнжырғасын түсірмей, әрдайым ақкөңіл болып, барға шүкіршілік етіп жүреді. Осындай қасиеті үшін де халық құрметтейді.

Елі үшін ерінбей еңбек етіп жүрген бауырымыз Ертіс-Баян өңірінде өткен көптеген іс-шараның басы-қасында жүреді. Оның еңбекқорлығы мен адамгершілігі жайлы да көп айтуға болады. Ел-жұрты сыйлаған бауырымызды өңірдегі зиялы қауым мен ғалымдардың атынан айтулы мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.