Баянауыл — небір ғалымдардың, әншілердің кіндік қаны тамған өңір. Олардың қайсысы болмасын елдің мерейін асырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кейінгі азаматтарды алатын болсақ, тек сол ауданның емес, республиканың даңқын көтерген, кезінде асқақтаған әнімен танылған «Беу, жігіттер» ансамблін атап өтуге болады. Сол топты құрушылардың бірі Қуандық Қалиевтің туғанына биыл 70 жыл толып отыр. Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өнерпаздың мерейтойына орай музыкалық кеш өтті.
Қуандық Қалиевтің өнердегі еңбек жолы 1975 жылы Лебяжі аудандық халық театрынан басталды. Кейін Май, Шарбақты аудандық мәдениет үйлерінің директоры, Баянауыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1986 жылы республикаға танымал «Беу, жігіттер» халық ансамблін құрып, олардың өнер жолында биік дәрежеге жетуіне қомақты үлес қосты. Көптеген байқауларға қатысып, жинаған мол тәжірибесінің арқасында өзі де облыстық деңгейде өтетін байқауларда әділ бағаларын беріп, көптеген шығармашылық кештерді, ақындар айтысын ұйымдастыруда білек сыбана жұмыс атқарды. Өнертанушы 1992 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қызмет етті. Музейде еңбек ете жүріп, Ертіс өңірінен шыққан әнші, күйші, сазгерлермен танымал болған ұлы тұлғалар жайлы құжаттар жинап, зерттеп, насихаттау мақсатында зор үлесін қосты. Ұлттық өнерді дамытуға қосқан еселі еңбегі үшін 1994 жылы «Павлодар облысының үздік мәдениет қызметкері» белгісіне ие болды. Айта кеткен жөн, осы уақыт аралығында ұжым өнерпаздардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Ең алғашқы құрамда 12 адам болған. Солардың бірі – Болат Тезекбаев.
— Қуандық Әбілқайырұлы секілді азаматтар 1985 жылы тарыдай шашылап жүрген Баянауылдық өнерпаздарды жинап, ансамбль құруды мақсат етті. Әр мәдени мекемелерде
қызмет етіп жүрген біздің басымызды қосты. Бұл кісі тек өнерпаз болмады. Сондай-ақ, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Қуандықтың бастамасымен ауданда 3 бірдей мәдениет үйі бой көтеріп, бірнеше музей ашылды. Барған жерінде өзінің өнерімен сыйлы болды. 5 жылда ансамбльде жұмыс істегеннен соң, тоқырауға ұшырап бара жатқан «Баян сұлу» атты би ансамблінің атағын республикаға танытты. Бүгінде топты үшінші буын жалғастырып келе жатыр, — дейді ол. Ал топтың 1990 жылдардағы мүшелерінің бірі Дәулетбек Бабиевтің сөзінше, бүгінде ансамбльдің мәртебесі одан әрі артқанын алға тартты.
— Қазіргі жастарға қарап сүйсінесің. Оларға көрсетіліп жатқан мүмкіндіктер мол. Топтағы әр адам білімді, әр салада табысты еңбек етіп жүр. Баянауылдық топтың дәрежесін облыстық, республикалық деңгейлерде көтеріп жүр. Әрқайсысынан келешекте зор үміт күтуге болады. Қойып жүрген концерттерін көріп жүрміз. Репертуарлары, әнді таңдау талғамдары жоғары. Жігіттерге шығармашылық табыстар тілеймін. Биіктерден көріне берсін, — деді Д.Бабиев. Қазіргі толқында өңірімізге танылып үлгерген Мерхат Қайыркен, Мереке Олжатай, Тілек Магулов, Жақсылық Тәңірберген, Мадияр Ахаев, Жандос Адамов, Мәди Есмақаев өнер көрсетеді. Олар домбыра, үш ішекті домбыра, сырнай, шертер, даңғыра, сылдырмақ аспаптары мен халық әндерін насихаттап келеді. Айта кеткен жөн, дәл осы құрам Омбы қаласында екі рет өнер көрсеткен. Аталмыш музыкалық кеште 90 жылдары республикаға белгілі болған «Беу, жігіттер» халық ансамблін құрып, топтың өнер жолында биік дәрежеге жетуіне өлшеусіз үлес қосқан топтың мүшелері жиналып, Қуандық Қалиевті еске алды. Қайта ортаға шығып, өнерпаздың сүйікті әндерін шырқады. Шара аясында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өнер қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.