Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркем-сурет музейінде «Өнердегі еңбек бейнесі» атты музей қорынан кескіндеме және мүсін көрмесі ашылды. Аталмыш көрме әртүрлі маман иелері мен жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсете отырып, суретшілердің шеберлігін паш етеді.
Көрме экспозициясында еңбек тақырыбы мен жұмысшы мамандық иелерінің маңыздылығын қолдайтын қазақстандық кескін-демешілер мен мүсіншілердің 33 туындысы ұсынылған. Әр туынды қоғамдағы мамандық-тардың маңызы туралы сыр шертеді.
Көрменің негізін ХХ ғасырдың 60-70 жылдар аралығында орындалған туындылар қамтиды. Авторлары – белгілі суретшілер: Н.Нұрмұхаммедов, Ж.Шарденов, М.Лизогуб, Қ.Есіркеев, К.Шаяхметов, К.Плюхин, З.Соболева, В.Мартынцев сынды басқа да қылқалам шеберлері.
Көрмеде құрылысшылардың, болат қорытушылардың, темір ұсталарының, құс бағушылардың, шопандар мен сауыншылардың, астық жинаушылар мен кеншілердің портреттері көрініс тапқан. Сонымен қатар, қылқалам шеберлері жайлаудың, кең даланың, егіс алқаптарының, Павлодар алюминий зауытының, Екібастұз электр желілерінің, биік ғимараттардың индустриялық қуатын бейнелеген.
ХХ ғасырдың екінші жартысында суретшілер шығарма-шылығында еңбек тақырыбы ерекше орын алды. Әсіресе өнеркәсіп тақырыбы сол кездегі кескіндемешілер мен мүсіншілер шығармаларының басты арқауына айналды. Мәселен, зауыт жұмысшылары мен ауыл еңбеккерлері көптеген туындының басты кейіп-кері болды. Аталған туындылар өскелең ұрпаққа тек ірі құрылыстар мен өндіріс ошақ-тарын емес, алдымен еңбек адамына деген құрметті еске салады.
Еңбек адамы, мейлі ол жұмысшы, колхозшы немесе жаңа интеллигенция өкілі болсын, өнердегі басты тұлғаға айналды. Кәсіби суретшілерді өндіріс ошақтарына, шахталарға, колхоз-дарға шығармашылық сапарларға жіберу тәжірибесі кең тарапта қолданылды. Сапарлар нәтижесінде қарапайым еңбек адамдары бейнеленген жүздеген туынды жарық көрді.
Алпысыншы жылдардағы суретшілер өз туындыларын-дағы көзқарастарын ашық білдіріп, стильдік ізденістерге батыл болды. Сезімдерін қуатты әрі жылы бояу реңктері арқылы жеткізе алды.
Авторлардың 70-80 жылдары орындаған туындыларының басты арқауы – адамның мінезі, оның ішкі жан дүниесі. Қолымен, ақылымен, өнері-мен қоғамды алға жетелеген жандардың бейнесі мәңгілікке суретшілердің қайнар көзіне айналды.
«Өнердегі еңбек бейнесі» көрмесінде әр туынды қарапайым еңбек адамының қоғамдағы рөлін айшықтап, маңдай тердің құндылығын еске салады. Бұл көрме тек тарих пен өнерді тоғыстырмай, еңбектің адамзат өркение-тінің басты қозғаушы күші екенін тағы бір дәлелдейді.
Айта кетейік, аталмыш көрме 31 қазанға дейін жұмыс істейді.
Айдана БОРАНБАЕВА.