Өнерлі жастарды қолдайтын орда

Ақп 20, 2025

Павлодар қалалық көркемсурет колледжі — талай жастың бойындағы талантын ашып, жұлдызын жаққан мекемелердің бірі. Оқу орнынан білім алған түлектер қазіргі уақытта биік белестерді бағындырып келеді. Колледждің де ауыз толтырып айтарлық жетістіктері жетерлік.

Биыл аталмыш колледж өзінің 29 жылдығын атап өтеді. Осы жылдар ішінде өнер ордасынан 600-ден аса түлек білім алды. Олардың қатарында Евгений Фридлин, Светлана Кравченко, Жанар Сәбденова, Анар Әубәкірова, Жанар Амантаева секілді республикалық және халықаралық деңгейдегі танымал суретшілер мен дизайнерлер бар.

Колледж бірнеше жылдан бері С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханамен бірлесе жұмыс істеп келеді. Мұғалімдер кітапхана қабырғасында шығармашылық шеберлік сабақтарын өткізсе, студенттер ұжымдық, жеке және есептік көрмелерге қатысады.

Колледждің басшысы Татьяна Башилова мекеме басшылығы тарапынан әр білім алушыға сапалы біліммен қатар шығармашылығының дамуына баса назар аударатындарын айтады. Сондықтан болар, осы оқу орнында білім алған жастардың 70 пайыздан астамы осы жолды таңдайды.

— «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аймағымызда байқалмаған таланттар әлі де көп. Егерде оларды қолдасақ, талай керемет туынды дүниеге келетіні анық. Біздің колледжде өнерден хабары жоқ жастар да бар. Бірақ олардың бұл салаға қызығушылығы жоғары. Осы орайда біз де олардың осы бағытта білікті маман болуы үшін барынша қол ұшын созамыз. Бастысы, білім алушыдан ниет болса болғаны.

Есептік беру көрмелеріне екі жылдағы үздік деген жұмыстарды таңдап аламыз. Олардың арасында студенттердің жобалық жұмыстары мен суреттері бар. Мұндай көрмелер суретшілерге, өнертанушыларға, мәдениеттанушыларға пікір алмасуға және шығармашылықты анықтауға мүмкіндік береді, — дейді колледж басшысы.

Жуырда облыстық кітапхананың жанынан ашылған «Айна» галереясында аталмыш колледждің есеп беру көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жолы көрмеге білім алушылардың осы оқу жылында дайындаған 100-ге жуық үздік жұмысы ұсынылды. Сонымен қатар, кескіндеме, арнайы технологиялар, графикалық, интерьер дизайнындағы жобалау жұмыстары қойылды. Сондай жұмыстардың бірі – витражды үстел шамы.

Көркемсурет колледжінің оқытушысы Родион Кастеничтің сөзінше, бүгінде елімізде витраж өнері қарқынды дамуда. Алайда бұл өнер түрі Қазақстанда енді дамып келе жатқандықтан аз көлемде зерттелген.

— Витраж — түрлі түсті шыныдан дайындалатын ою-өрнекті немесе сюжетті-декоративті композиция. Әдетте терезеге, есікке және қабырғаларға дербес панно түрінде салынады. Витраж түрлі түсті шыны арқылы өтетін жарық сәулелерінің құбылуы арқылы интерьерге көркем түр береді. Оған қажетті материалдарды көршілес Ресей елінен тапсырыспен алдыртамыз. Көбінесе америкалық үлгідегі шынылар пайдаланылады. Бұл комзоцияны жасау үшін алдымен шыныларды өзіміз қалаған үлгіде арнайы құрылғыда кесіп аламыз. Кейін мозайка үлгісінде жинап, оның сыртын жылтыр қағазбен орап күйдіреміз. Мұндай жұмыстарды жасау үшін жарты жылға жуық уақыт кетеді. Оның ішіне жоспарлау, жобалау және дайындау жұмыстары кіреді, — дейді ол.

Көркемсурет колледжі – бұл әр білім алушының шығармашылығының одан әрі дамуына және өз ісін бастауына себепкер. Мәселен, дизайн бөлімінде білім алатын 4-курс студенті Виктория Клунцова бала кезден сурет салу ісімен шұғылданады. Мектепті тәмамдаған ол бірден осы оқу орнын таңдайды. Оның ойынша бұл жерде болашақ дизайнерлердің шығармашылығын дамытуына ықпалы зор.

— Бұл оқу орнын таңдағаныма өкінбеймін. Себебі, оқуға түскен алғашқы жылдан бері теориялық дәрістермен қатар тәжірибелік жұмыстар да жиі жүргізіледі. Мысалы, осы көрмеге қораптардың макетін дайындап алып келдім. Осы жұмыстарды әзірлеуге жарты жылдай уақыт кетті. Шығармашылықпен айналысатын әр адамға алдымен талант, шыдамдылық, көркемдік талғам және табиғат пен шеберлікті сүю қажет. Сондай-ақ, өз ісінің шебері болуы керек. Болашақта өзімді графикалық дизайнер ретінде елестетемін, — дейді Виктория.

Оқу орнының С.Торайғыров кітапханасындағы көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Айдана БОРАНБАЕВА.