Павлодар облысында дәстүрге айналған ірі мәдени жоба — «Өнер додасы – 2025» байқауының алғашқы кезеңі басталды. Бұл жоба өңірдің мәдени өміріндегі ең маңызды әрі ел ықыласына бөленген бастамалардың бірі саналады.
«Өнер додасы» алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылып, үлкен табысқа жеткен болатын. Биылғы байқау сол дәстүрдің жалғасы ретінде өнерге құштар ауыл-аймақтар арасындағы достық пен бәсекені арттыруды көздейді. Жобаның басты мақсаты — аудан мен қала деңгейіндегі өнерпаздарға қолдау көрсету, ұлттық өнерді дамыту және жас таланттарға сахнаға шығуға мүмкіндік жасау. Байқау облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының бастамасымен, Павлодар облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жоба ережесіне сәйкес, аудандар алдын ала жеребе арқылы анықталып, сайысқа жеті бағыт бойынша қатысады: дәстүрлі ән, айтыс, жыр-терме, күй, қазақ биі, ұлттық көне аспапта орындау және ансамбль өнері. Әр аудан осы бағыттардың әрқайсысы бойынша бір-бір өнерпаз ұсынуы тиіс. Биылғы өнер додасының шымылдығын Ақтоғай ауданы мен Баянауыл ауданы ашты. Екі аудан сахна төрінде ұлттық өнердің барлық түрі бойынша сайысып, өз өңірінің намысын қорғады. Түске дейін Ақтоғай мен Баянауыл өзара бақ сынаса, түстен кейін Аққулы және Шарбақты аудандарының өкілдері өнер көрсетті. Жобаның ерекшелігі — қазақтың көне, сирек кездесетін ұлттық аспаптарын жаңғырту. Көпшілікке таныс домбыра мен қобыз бұл сайысқа есепке алынбайды, өйткені, оларды жетік меңгерген жандар барлық ауданда бар. Оның орнына сазсырнай, шаңқобыз, дауылпаз, шертер, сыбызғы сияқты ұмыт болған аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар бақ сынады.
Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Саяуыш Сәдуақас бұл бағытта ерекше жаңалықпен бөлісті.
— Былтырғы сайыстан кейін жіберілген олқылықтарды ескеріп, биыл жеті бағыт бойынша жақсы дайындық жүргіздік. Ауылдарды аралап, талантты жастарды іздеп, талапқа сай өнерпаздарды баптап әкелдік. Биыл біз өзіміздің көне аспабымыз – шіңкілдекті сахнаға алып шыққалы отырмыз. Соңғы 10-15 жылда бұл аспап қолданылмаған еді. Ауданымыздың өнер мектебі арнайы аспап сатып алып, балаларды үйретті. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көреміз, — деді ол.
Байқаудың қазылар алқасы кәсіби мамандардан құралған. Олардың қатарында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Талғат Кәрімов, сондай-ақ Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің мамандары бар. Әр бағыт бойынша өз саласының білікті сарапшылары бағалайды.
Жоба бір айға созылады. Екінші кезеңге өткен командалар қайта жеребе тартып, жартылай финалға жолдама алады. Финалдық кезең желтоқсанның 5-6 күндері өтеді. 2023 жылы бұл жобада Успен ауданы құрамасы жеңіске жетіп, миллион теңге көлемінде жүлде алған болатын. Биылғы жеңімпаздарға да қомақты сыйақы беріледі.
Айта кетерлігі, Павлодар қаласының кәсіби өнер ұжымдары байқауға қатыспайды. «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының директоры Замира Солтанова Павлодар қаласының қатыспауына қатысты былай деді:
— Биылғы байқауға барлығы 13 команда қатысып отыр. Оның ішінде Екібастұз бен Ақсу қалаларының өнерпаздары бар. Ал Павлодар қаласының кәсіби өнерпаздары сайысқа қатыспайды. Себебі, бұл — облыс орталығы, кәсіби орындаушылар көп шоғырланған аймақ, сол себепті олардың қатысуы сәл әділетсіз болар еді. Есесіне Павлодар қаласына қарасты ауылдар — Кенжекөл мен Атамекен құрама ретінде жеке топ болып шығып жатыр. Павлодар қаласынан бөлек, барлық аудандар биылғы додада бар.
Бұл жоба — өңір мәдениетін жаңғырту мен ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын көрінісі. «Өнер додасы – 2025» өнер жарысы ғана емес, сонымен бірге елдің рухани байлығын ұлықтайтын, ұлт болмысын танытатын сахнаға айналды.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
