Режиссер, драматург, кино және театр актері Қасымхан Шаниннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ кино өнерінің саңлағы» атты көрме өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды.
Қасымхан Шанин 1925 жылы 15 қазан күні Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Шымкент драма театрынан бастап, сахнада «Абай» спектаклінде Михайлов, Ғ.Мүсіре-повтің «Амангелді» спектаклінде Мұңайтпас, К.Симоновтың «Прага каштаны аясында» спектаклінде Жокич, Ә.Тәжібаевтың «Майра» пьесасында Дүрбіт, т.б. көптеген рөлдерді шебер ойнаған. Қасымхан Шаниннің шоқтығы биік жұмысы – Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакліндегі Шоқанның бейнесі. Осы рөлі үшін ол қазақтың Шоқанын сомдаған актер ретінде тарихта қалды. 1958 жылы Алматыда өткен «Театр көктемі» фестивалінде бұл қойылым ерекше бағаланып, лауреат атанады. 1960 жылдан бастап Қасымхан Шаниннің режиссерлігімен «Біздің үйдің жұлдыздары», «Тау қызы», «Сенім
күші», «Шұға», «Жаяу Мұса», «Амангелді» сынды сүбелі шығармаларды қойды. Сонымен қатар актер «Қазақфильм» студиясы түсірген Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» фильмінде Бүркітбай, М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» фильмінде тілмаштың рөлін ойнады, 1964 жылы Шәкен Аймановпен бірге «Алдар көсе» фильміне түсген.
Көрмеге актердің жеке заттары мен құжаттары, сонымен қатар отбасымен түскен сурет-тері, «Сенім күші» атты 4 актілі,
7 көріністі пьесасы, Қарқаралы халық театры жайында жазған баяндамасы, өз қолымен жазған өмірбаяны, қыздары Фатима мен Райханның әкесі жайында жазған қысқаша естеліктері қойылды. Бұл құнды жәдігерлерді 2004 жылы Бұқар жырау әдебиет және өнер музейінің өнер бөлімінің басшысы Қуандық Қалиев облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қорына тапсырған.
Қасымхан Шанин өз заманының өнер жанашыры, жаңалық жаршысы болды. Қасымхан Шаниннің алтын қорда өзінің дауысымен төрт-бес әні ғана сақталған. Жазушы Рымғали Нұрғалиев Шанин әулетін зерттеп, екі кітап жазды. Бірінші кітабы «Талант тағдыры», екінші кітабы «Жұмат Шанин» деп аталады, «Қазақфильмнің» ұйғаруымен режиссер Аяған Шәжімбаевтың «Жұмат Шанин» және 2006 жылы
«Хабар» агенттігінің ұйымдас-тыруымен «Қасымхан Шанин» деген деректі фильмдері түсірілген.
Бұқар жырау әдебиет және өнер музейінің қызметкері Маржан Шайхимова көрменің басты мақсатын былай деп түсіндірді.
— Шана әулетінен көптеген қазақтың атын шығарған ұлы тұлғалар тарады. Солардың бірі қазақ театрының негізін қалаған Жұмат Шанинді айтсақ болады. Қасымхан Шанин – осы Жұмат ағамыздың інісі Әкіш Шаниннің ұлы. Актер жастай өмірден өткендіктен болар бұл кісіге атақ берілмеген. Сол себептен де біз өнер иесінің жүріп өткен жолы тарихта өшпесе екен деген оймен жастарға Қасымхан Шаниннің өмірін насихаттау үшін бүгінгі көрмені ұйымдастырдық, — деді ол.
Өзінің тар жол, тайғақ кешу ғұмырында қасиетті өнерді шыңдап, ұлттық театрдың дамуына атсалысып, іргетасын қалаған біртуар дарын иесі Қасымхан Шанин 1969 жылы небары 44 жаста дүниеден озған. Өзімен бірге арман-мұратын арқалап кеткен өнер иесінің өмірі мен өнері – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
