Таяуда облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Өнер додасы» атты жобасының кезекті маусымы басталды. Бұл жоба аймағымыздағы өнерпаздардың таланты мен шеберлігін танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени шараға айналды.
Биылғы маусым бұрынғыдан да ауқымды. Себебі, байқауға аймақтың барлық қала-аудандарынан 13 өнер ұжымы қатысуға өтініш білдірген. Олар өз өңірлерінің намысын қорғап, ұлттық өнердің түрлі бағытында бақ сынайды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлықтар табысталады. Дегенмен жүлде көлемі әзірге жария етілмейді.
– Командалар жеті аталым бойынша өнер көрсетеді. Бұл – дәстүрлі ән, күй, айтыс, терме, ұлттық би, ұлттық аспаптар ансамблі және сирек кездесетін көне аспаптарда ойнау. «Өнер додасы» – халықтың рухын көтеретін, ұлттық бірегейлікті сақтайтын ауқымды мәдени жоба. Әр жыл сайын осы жоба аясында жаңа таланттар ашылып, өңір мәдениетінің дамуына жаңа серпін беріп келеді, — дейді облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының директоры Замира Солтанова.
Жобаның алғашқы кезеңі ерекше үлгідегі жеребе тарту рәсімінен басталды. Ұйымдастырушылар сахнаға самаурынды әкеліп, қатысушыларға ыстық су құйылған саптыаяқты ұсынды. Қайнаған судың әсерінен ыдыстың түбінде жасырылған нөмірлер көрініп, жұптар анықталды. Бұл креативті тәсіл көрерменнің көңілінен шықты.
Ал аталмыш байқау қараша айында басталып, желтоқсанда ақтық кезең-мен қорытындыланады. Осы уақыт аралығында қала мен аудан командалары жұптасып, өнер бәсекесінде өзара үздікті анықтайды.
Айта кетейік, өткен жылы Успен ауданының өнерпаздары ақтық кезеңде Аққулы ауданының өнерпаздарымен өзара сынға түсіп, жеңіске жеткен еді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
