Биыл Ақтоғай ауданының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл — тарихта қас қағым сәт болғанымен, тұтас аудан үшін қалыптасу мен өркендеудің бір белесі. Сол бір белестен асуы сенбі күні кең көлемде аталып өтті. Ашық аспан астында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама мен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жұрт қызық-қуанышқа кенелді.
Ауданның 85 жылдық мерейтойына осы өлкеде туып-өскен, талай жыл еңбек еткен, бүгінгі күні де елді мекеннің өркендеуі жолында тер төгіп жүрген көпшілік жиналды. Барлығы өткен-кеткенді еске алып, тарихқа бір сәт көз жүгіртіп, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов та барша ақтоғайлықты айтулы күнмен құттықтады.
— Ақтоғай ауданы — киелі Ертіс-Баян өңірінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан қасиетті мекен. Мұнда ұстаздық қызметтен майдан жолына аттанған батыр Серікбай Мүткенов, «Туған жерім — мәңгілік төрім» деп жырлаған ақын Қабдыкәрім Ыдырысов және тағы да басқа ел азаматтары дүниеге келіп, белгілі ақын, әнші Естай Беркімбайұлы мәңгілік мекенін тапты. «Ақтоғайдың қара нары» атанған Бейсенбі Мұқажановтың жолын қазір жас көкжалдар жалғап келеді. Осындай талантты тұлғаларды өмірге әкелген ортаның жері де құнарлы. Өрісі малға толып, мол дән жинап, жердің ырыздығын терген жұрттың бірлігі мен ынтымағы да көпке үлгі боларлық. Осындай айшықты ауданның алдағы уақытта да жетістігі еселене берсін, — деді С.Батырғожинов. Сонымен қатар, Серік Барлыбайұлы ауданның, тұтас аймақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа марапаттар табыстады. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Шаяхмет Сәдуақасов пен аудандық мәслихат төрағасы Жанат Тәшеновке «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, тағы бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Сол сияқты аудан әкімі Қаршыға Арынов талай жыл ауданның ілгерілеуі үшін тер төгіп келе жатқан азаматтарды «Аудан алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Ауданмен құрдас қарияларға да сый-құрмет көрсетілді.
— Тарих үшін 85 жыл бір сәт болса, біз үшін – қарқынды даму кезеңі. Бұл уақыт аралығында талай сынақтан өтіп, көптеген жетістікке жеттік. Тұралап қалған экономикамызды өркендетіп, қираған ғимараттарды қалпына келтіріп, талай тығырықтан тайсалмай өттік. Бүгінде аудан көлемінде шағын және орта бизнес қанатын кеңге жайып, жаңа жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік нысандар ашылуда. Алдағы уақытқа белгіленген міндет-меже одан да көп. Ауданымыздың әр жылы болашаққа жасалған бір қадам деп білемін. Олай болса, еліміз өркендеп, дами берсін, — деді Қ.Арынов. Осы орайда еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауданға басшылық еткен белгілі азамат Әбілхақ Түгелбаев өз естеліктерімен бөлісті.
— Бүгінгі той күллі Павлодар облысының мерекесі десем, артық айтқандық емес. Кезінде осы ауданда 16-17 ауылдық округтің барлығы бірдей шаруашылығын ширатып, кәсібін дөңгелетіп, өңірдің ілгерілеуіне зор үлесін қосты. Қазіргі уақытта да оң өзгерістердің болып жатқаны қуантады. Бұл – еліміздегі игілікті істердің, бүгінде басшылықтағы азаматтардың ұйымдастыру жұмысының, аудан жұртшылығының талаптанып атқарып жатқан еңбегінің жемісі. Ауданның топырағынан көпке үлгі боларлық талай еңбек адамы, талантты біртуар тұлғалар шыққан. Осындай жарқын істерге толы жердің бағындырар белесі, алар асуы әлі де алда деп ойлаймын, — деді Ә.Түгелбаев. Торқалы тойдың аясында аудан орталығында 20 ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтарға ұлттық дәмнің түр-түрі ұсынылды. Аудан тарихынан сырт шертетін, жергілікті қолөнершілердің туындылары қойылған көрмелер де ұйымдастырылды. Күрес, көкпар, аударыспақ, бәйге сынды спорттық сайыстар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Ат жарыстарына тек облысымыздың емес, өзге өңірлердің шабандоздары жиналды. Мәселен, аламан бәйгеде еліміздің Семей, Астана, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды өңірлерінен 21 сәйгүлік қатысты. Бұл бәйгеде Ертіс ауданының Әмір атты шабандозы жүйрігімен бірге бәрінен оқ бойы озық келді. 15 шақырымдық тоқ бәйгеде Семейдің «Айша» атты сәйгүлігі ешкімге дес бермеді. Көкпар да өте тартысты өтті. Ақтық сында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылынан келген «Сайфуллах» командасы мен Ақмола облысынан келген Бестөбе командасы кездесті. Нәтижесінде ақкөлдік шабандоздардың бабы келісіп, бағы жанды. Сөйтіп, жеңіске жетті.
— Ақтоғай ауданының 85 жылдығы аясында төл спортқа құрмет көрсетіліп, ұлттық ойындарымыздың ұйымдас-тырылғанына қуаныштымыз. Шабандоздардың ат үстіндегі шеберлігін байқаған балалардың, жеткіншектердің жанарынан осы спорт түрлеріне деген қызығушылық байқалды. Бұл да бір жеңіс деп білемін. Ал екі күнге созылған көкпар тартысы оңай бола қойған жоқ. Өзіміздің өңіріміз бен көршілес аймақтардан келген командалардың барлығы да мықты. Десе де, бұл жолы сәттілік бізге серік болып, жеңісті облысымызда қалдырдық. Рухымызды көтеретін, төл спортымызды ұлықтайтын осындай тойлар көп болсын деп тілеймін, — дейді «Сайфуллах» командасының шабандозы Еркебұлан Егінбаев. Осылайша, ауданның 85 жылдық мерейтойы кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті. Тойға жиналған қауым жақсы көңіл-күймен тарқасты. Барлығының тілегі бір – ауданның алдағы уақытта да одан әрі көркейіп, дамуы. «Амандық жамандықты жеңеді» демекші, бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құндыз ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ, Ақтоғай ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.