Бүгінде заңды белшесінен басып, тиісті жауапкершіліктен құтылып кететіндердің қатары қалыңдаған сияқты. Енді бірі құқықтық сауаттылықтың төмен болуы салдарынан есесін жіберіп, опық жеп жатады. Мұндай жағдайда заң шеңберінде әрекет ететін, тәртіпке бағынатын қоғамды қалай құрамыз? Әділ шешім қабылдау үшін қайтпек керек? Бұл ретте осыдан екі жыл бұрын құрылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденовамен аз-кем тілдесіп, тақырыпты тарқатудың сәті түскен еді.

— Нұргүл Әментайқызы, алдымен таяуда ғана бастау алған «Заң үстемдігі»  жобасына  тоқталсаңыз. Бұл жобаның мақсат-міндеті қандай? 

— Жалпы, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының екінші платформасы негізінде құрылған болатын. Бұл бағыт әділетті қоғам құруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Соның аясында екі жыл аралығында шындықты ашық айтып, әділеттілікті іздеп, біраз істі қолға алдық. Ал «Заң үстемдігі» жобасы – соның бір тармағы. Бұл — биыл ресми түрде жүзеге аса бастаған жоба болғанымен, біздің күнделікті жұмысымыздың айқын көрінісі. Бұған дейін біздің қоғамдық бірлестіктен көмек сұрап талай адам келді. Тек былтырдың өзінде облыстық филиал 300-ге жуық адамның өтінішін қарастырып, әрқайсысының жағдайымен жіті танысты. Сол тұста кей азаматтардың, өкінішке қарай, өз міндеттері мен құқықтарын біле бермейтінін аңғардық. Сөйтіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін «Заң үстемдігі» жобасын бастауды жөн санадық.  Қоғамдық өмірдің салаларында заңдылықты қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің негізі. Заң үстемдігі салтанат құрған жерде ғана әділдік бар. Осы тұжырымды барынша кеңінен таратып, азаматтарымыздың білім көкжиегінің кеңеюіне өз үлесімізді қосуды қалаймыз. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне төзбеушілік ортасын қалыптастыру және осы процеске ел азаматтарын жаппай тарту. Бұл жоба Президент атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру мен қоғамдағы заң, құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптас-
тырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.

— Жөн делік. Бірақ арамызда заң талаптарын біле тұра оларды сақтамайтын азамат-тардың бары да жасырын емес. Ережелерді елемейтіндерге қалай тосқауыл қоя аламыз?

— Түптеп келгенде, заңның алдында ешкім жоғары бола алмайды. Заң бәріне бірдей әрі оны орындауға барлығымыз міндеттіміз. Алайда бұған мән бермейтін жандардың ортамызда жүргені рас. Елімізді ілгерілетуге, тәртіпті орнатуға бағытталған жақсы заңдар қабылданып жатқанымен, оны қатаң сақтайтындар некен-саяқ. Бұған өзіміз, яғни қоғам кінәлі. Қарапайым ғана мысалды алайық: әр бала жарық дүние есігін ашқан соң ата-ана оны балабақша кезегіне қоюы керек. Десе де, көпшілігі оны дер кезінде атқармайды. Сәби балабақшаға баратын жасқа келген кезде ғана ойына сап етіп түсіп, оны орналастыру үшін тамыр-таныс іздеп, шарқ ұрады. Бұл ретте ешкім «Мен заңды бұзып жатырмын-ау» демейді. Бәлкім, бұл біздің қазақшылыққа салынуымыздан да болар. Әу баста кезекке қойып, сол кезекке сәйкес баласын мектепке дейінгі мекемеге берсе, мұндай жағдай болмас еді. Бірақ кей ата-аналар бұған болмашы нәрсе деп қарап, шешу жолдарын араға жақын-жұрағат, тамыр-таныс салу арқылы шешуді ойластырады. Бұл – заң бұзушылық. Ережені елемеу бір қарағанда ұсақ-түйек боп көрінетін осындай мәселелерден басталады. Ал оны көріп өскен бала қандай болмақ? Олардың да санасында «Заңнан, тәртіптен айналып кетуге болады екен ғой» деген ойдың туындамасына кім кепіл?  Сондықтан балалардың бойына жалған ой мен теріс пікірді сіңіруден аулақ болған абзал.  Егер «Әр әрекет заң шеңберінде шешілуі тиіс» деген түсінікті отбасында ұғындыра білсек, әділ шешім қабылдайтын адал азаматтарымыздың қатары арта түсетін еді.

Бұл ретте мектептің де орны ерекше. Соңғы уақытта белең алып бара жатқан жасөспірімдер арасындағы буллингтің түп тамыры құқықтық сауаттылықтың таяздығында жатыр. Сондықтан, мұғалімдер, кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс істейтін инспекторлар біз сияқты қоғамдық бірлестіктермен бірлесе әрекет етсе, сынып сағаттарын ұйымдастырып, соның барысында «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын» анық ұқтыра білсе,
құба-құп.

— Дұрыс айтасыз. Дей тұрғанмен, таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұл жерде де мәселенің екінші жағы бар сыңайлы. Ол – кей адамдардың заңға деген сенімсіздігі. Әсіресе, қомақты көлемде пара алып, бюджет қаржысын қалтасына басқан кей шенеуніктер жеңіл жазамен құтылып, болмашы ісі үшін ауыр жаза арқалайтын адамдарды көрген кезде қоғам өкілдерінің бойында сенімсіздік ұялайтын секілді. Бұған қатысты не дейсіз?

— Иә, екіжақты мәселе. Бұл ретте бұрын қылмыстық бап болған кейбір әрекеттердің әкімшілік жауапкершілікке ауысқанын ескеру керек. Мұны заңның гуманизациядан өткені деп жатамыз. Сіз атап өткендей жоғары шенділердің жазасы жеңіл болғанына қапаланып, наразылық білдіретін тұрғындардың ой-пікірін де жиі байқаймыз. Мұндай түсініспеушіліктер болмас үшін заңның қатал болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұған қатысты да екінші тарап пікірі бар. Дамыған мемлекеттерде заң қатал болғанымен, сыбайлас жемқорлық істері мүлдем тыйылған жоқ. Тіпті, ату жазасы енгізіліп жатса да теріс қадамға баратындар бар. Сондықтан олар мұндай әрекеттердің алдын алуға баса көңіл бөліп жатады. Меніңше, бұл деңгейге жету үшін біздің менталитет ауысуы керек. Жемқорлықты қабылдамасақ, қолдамасақ, ол едәуір азаяр еді. Адал жолмен келмеген дүние игілік те, пайда да әкелмейді. Халықтың құқықтық білімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат етіп отырғанымыз да сол. Көпшіліктің көзқарасы өзгерсе жұмыстың жемісі, жеңісі деп білеміз.

— Көпшіліктің көзқарасын, заң бұзушылыққа деген төзбеушілікті қалай қалыптастырамыз?

— Ол үшін адамның сана-сезімі өзгеруі керек. Біз қандай да бір мәселе туралы сөз қозғай қалсақ, өркениеті едәуір ілгері, озық елдерді жиі мысалға аламыз ғой. Сол сияқты осы орайда да Еуропа мемлекеттеріндегі мына бір дүниені мысалға келтіруге болады: егер еуропалық жүргізуші куәлігінен айырылған көршісінің қайтадан көлік тізгініне отырып жатқанын көзі шалып қалса, бұл туралы құзырлы органдарға хабарлап айтуды өзінің азаматтық міндеті деп санайды. Бізде ше? «Көршімнің, туысымның, жолдасымның жүргізуші куәлігі болмаса да рөлге отыруын қалай айтамын, бұл дұрыс емес», «Құзырлы органдарға хабарлассам, сырттан ғайбаттап, сөз тасығандай боламын. Бұдан соң жұрт маған қалай қарайды?» деген сыңаржақ пікір әлі бар. Бұл – дұрыс түсінік емес. Керісінше, әлдекімнің ережені, заңды белшесінен басқанын көрсеңіз, сол туралы тиісті мекемелерге айтып, оқыс жағдайлардың алдын алуға көмектесуді ойлау керек. Азамат жүргізуші куәлігінен жайдан-жай айырылмайды. Оның көлік тізгінін қолға алуға құқығы жоқ. Соған қарамастан темір тұлпарын басқарып, тағы бір құқық бұзушылық жасаса ше? Оның зардабын сіздің жақыныңыз тартса ше? Осы тұрғыдан ойлау керек. Ол — өсек айту, ғайбаттау емес, заң бұзушылықтың алдын алу. Тұрғындар осыны ескерген кезде ғана сана-сезімдері
өзгереді.

— Жалпы, бүгінде азамат-
тар өз құқық-міндеттерін қаншалықты біледі? Оларды қорғай ала ма?

— Біздің қоғамдық бірлестікке арыз-шағымын арқалап келетін адамдар аз емес. Әрқайсысы «Менікі дұрыс» деген нық сеніммен, ұстаныммен келеді. Саралай бастағанда кей кездері арызданушының өзінің де кінәсі барын анықтаймыз. Шыны керек, шағымданушыға оны түсіндіру кейде оңайға соқпайды. Заң шеңберінде сіз жұмысыңызды былай атқармағандықтан, осындай мәселе туындап отыр дегенді айтып жеткізу, дәлелдеу, ұғындыру – үлкен жұмыс.

Мәселе былай: қазір көпшілік өзінің құқығын жақсы біледі. «Менің құқығымды таптап отыр» деген сыңайдағы арыздар да жиі түседі. Бірақ басым бөлігі құқықпен қатар міндеттің де барын ескере бермейді. Басқа басқа, қазір мектеп оқушыларының өздері «Бұл – менің құқығым» деп мұғалімге қарсы шығатын жайттар кездесіп жатады. Ал сол баладан «Міндетің қандай?» деп сұрасаң, жауап беруге қиналады. Сондықтан әр азамат құқықпен қатар міндеттің барын естен шығармауы керек. Оны әр саладағы мемлекеттік мекемелердің өкілдері егжей-тегжейлі түсіндіргені де жөн. Айталық, салық органдары «Сіздің заң шеңберіндегі міндетіңіз осындай. Сол міндетті орындамаған жағдайда
мынадай жауапкершілік қарастырылған» деп жан-жақты жеткізе білуі тиіс. Сонда бұған қатысты қиындықтар да болмайды.

— Жоғарыда өткен жылдың өзінде 300-ге жуық тұрғынның облыстық филиал көмегіне жүгінгенін тілге тиек еттіңіз. Көпшілік сіздерге қандай мәселелермен келеді?

— Олардың арыз, өтініштері сан алуан. Бірі еңбек демалысына шықсам да үш күннің аралығында әлі тиісті ақы түскен жоқ десе, енді бірі балабақшалардағы ай сайынғы төлем көлемінің шарықтап кеткенін алға тартады. Мемлекеттік сатып алулар порталында конкурсты жеңе алмай «Мен неге бұл тендерді ұтқан жоқпын? Бұл жерде қандай да бір «гәп» бар ма?» деп келетіндер де бар. Әр адамның мәселесін жекелей қарап, кеңес беріп, шешім жолдарын бірге табуға тырысамыз.

— Мемлекеттік сатып алулар деп қалдыңыз. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі —
қазынадағы қаржының мақсатты жұмсалуын қада-ғалайтын бірден-бір үкіметтік емес ұйым. Бұл тұрғыдан алғанда қандай қисынсыз әрекеттерді байқадыңыздар?

— Иә, біздің бірлестік жұмысының бір бағыты – бюджеттік қаржының тиімді жұмсалуын бақылау. Бұл ретте мәселені түп-түбіріне дейін зерделеп, қандай мақсатқа қандай көлемдегі қаржы бөлінді, бұл қаншалықты дұрыс деген сауалдарға жауап іздейміз. Таяуда ғана облыс орталығында мұз қалашығының салынуы қоғамның қызу талқысына түсті. Кейбір БАҚ өкілдері әкімдікке сілтеме жасай отырып, оған 52 млн теңге жұмсалғанын жарыса жазып жатты. Біз қосымша құн салығын қоса есептегенде барлығы 60 млн теңге бөлінгенін анықтадық. Меніңше, бұл – бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлау. Себебі бұған дейін қыстың жылы болатыны талай рет айтылды. Соны біле тұра мұз қалашығын салу – ойға қонымсыз дүние. Сол 60 млн теңгені өзге бағыттарға жұмсауға да болатын еді. Осы мәселені көтеріп, анық-қанығын зерделеп, құзырлы органдарға хат жолдадық. Онда мердігердің жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамағанын да көрсеттік. Ендеше нақты орындалған іске ғана ақыны алып, қалғанын қайтаруы қажет. Бұған қатысты тексеру жұмыстары әлі жалғасуда.

Жалпы, былтыр «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының тікелей араласуымен бірқатар олқылық анықталып, соның нәтижесінде 17 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы кемшіліктер бойынша тағы 71 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілік арқалады. Мұндай мониторингтердің нәтижесі бар. Әкімшілік, тәртіптік шараға тартылған соң олар екінші рет ереже бұзбауға
тырысады.

— Дей тұрғанмен, кейбір мекеме, әкімдіктер бұған атүсті қарайтын сыңайлы. Мұндай жағдайда жауапты азаматтарды қалай тезге салуға болады?

— Кейбір органдардың «шығарып салма» жауап беретіні рас. Бірақ біз қысқа қайырылған жауаптарға тоқмейілсімейміз. Ары қарай да қазбалап, тексереміз. Кейде облыстық деңгейде шешілмеген мәселелерді Президент әкімшілігі, Жоғары Сотқа дейін жолдаймыз. Жоғары Сот біздің талаптарды негізді деп тапқан жайттар да бар. Мәселен, Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентіндегі стадионның жөндеуі көптен бері көтеріліп келеді. Мердігер өзіне тиіс міндетті немқұрайлы атқарғандықтан, нәтижесі көңіл көншітпеген еді. Біз бұл іске араласқан соң өткен жылдың күзінде мердігер жағдайды реттеді. Тағы барып, талдау жасадық. Бұл жолы да кемшіліктер кездесті. Оған қоса, әу баста мұнда 20 млн теңгеге хоккей корты салынуы керек еді. Ол болмай шықты. Сонда бұл қаржы қайда кетті? Осы сауалды экономикалық тергеу департаментіне хат ретінде жолдап, тергеу жұмыстарын жүргізуді сұрадық.

Сол сияқты Павлодар қаласына қарасты Жаңаауыл кентінде былтыр стритворкаут алаңы салынуы тиіс болатын. Жаңа алаң бой көтеруі тиіс мекенжайға барсақ, ол да жоқ. Жергілікті билік әкімнің шешімімен бұл алаңды облыс орталығындағы Қайырбаев көшесінің бойына орнату ұйғарылғанын алға тартты. Бірақ оны айғақтайтын шешім жоқ. Орындалған істер актінде нысанның мекенжайы ауысқаны туралы мәлімет көрсетілмеген. Билік тізгініндегі кей азаматтардың осылай өтірік айтып, жұртты адастыратыны қынжылтады. Бұл – оларға мүлде жанаспайтын дүние. Ал стритворкаут алаңына қатысты мәселе әлі де «жабулы қазан» емес. Оның да шындығына жетеміз.

— Мемлекеттік қызмет-шілер туралы айтып қалдыңыз. Сіздің ойыңызша, олар қандай болуы керек?

— Қазір кейбір жастар мемлекеттік қызметке елін өркендету жолында үлес қосуға емес, аз уақыт аралығында қалтасын қалыңдатып, сөзі өтетін «салмақты» адамға айналу үшін келіп жатады. Бұл әсте дұрыс емес. Мұндай жалған ойдың жетегінде кетпеу керек. «Халықтың артып отырған сенімін қайтсем ақтаймын?» деген сауалға жауап беру үшін адал жұмыс істесе, әділ шешім қабылдай білсе, елге жан-тәнімен қызмет етсе мемлекеттік қызметшінің үлгісі сол болмақ.

— Ал адал азаматтың бейнесі қандай?

— Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты барысында «Адал азамат әділ шешім қабылдайды» деген ой айтты. Толығымен келісемін. Меніңше, адал азамат – өзінің арымен үлкен үйлесімдікте болатын, рухани дүниесі бай, мәдениеті, біліктілігі жоғары адам. Тек сондай жандар әділ шешім қабылдай алады. Шынтуайтына келгенде, мейірімді болу қиын емес, әділ болу қиын. Жүректе бәріміз мейірімді шығармыз. Бәз біреулер қандай да бір өтініш жасап жатса сол мейірімділікті алға қойып, заңнан айналып өтетін адамдар да жоқ емес. Сондықтан мейірімділік пен әділдіктің ара жігін ажырата білу керек деп ойлаймын. Бұл тұтас қоғам үшін қажет.

— Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.