Павлодар облысында спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау жеке кәсіптік клубтарды қаржыландыру кезінде және спорт нысандарын жалға алу уақытында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану тәуекелдерінің бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу, спорттық разрядтарды беру, жалған дипломдар арқылы жұмысқа орналастыруға қатысты басқа да заңбұзушылықтар тіркелді.
Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов жергілікті «Ақсу» футбол клубында бюджет қаражатының жұмсалуында бірқатар заң бұзушылықтар анықталғанын мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталған клубта тексеру жүргізілуде. Қазір процессуалдық шешім қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр.
— Бізде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған «Ақсу» кәсіби футбол клубын қаржыландыруға қатысты сұрақтар бар. Кезінде хаттамалық бұйрықпен футболшылардың жалақысы екі миллион теңгеден аспайтын лимит белгіленген. Осыған қарамастан, спортшылардың жоғары жалақы алған фактілері тіркелді. Сыбайлас жемқор-лыққа қарсы комиссияның алдағы ведомствоаралық отырысында спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін облыс басшысының қатысуымен өтетін кезекті отырысында қарауды жоспарлап отырмыз, – деді Медет Амралинов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы жалпы облыстағы спорт саласына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар тіркелгенін айтып, бүгінгі таңда аталған бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, жалған оқу-жаттығу жиындары, спорт шеберлігіне кандидаттарға спорттық разрядтарды негізсіз беру жағдайлары да анықталды. Ал облыстағы спорт ұйымдарының тоғыз қызметкері жалған білім туралы дипломмен жұмыс істеген. Сондай-ақ, кейбір спорт құрылымдарында жаңадан келген қызметкерлердің жалақысына негізсіз қосымша ақы төленген.
Бұдан бөлек, ҚР Сыбайлас жемқор-лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев білім беру және денсаулық сақтау сияқты басқа да әлеуметтік салалар Сыбайлас жемқор-лыққа қарсы қызметінің назарынан тыс қалмайтынын атап өтті. Мысалы, өткен жылы сыртқы талдау барысында анықталған білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін өңірде «Павлодар облысының білім беру ұйымдарындағы бірыңғай цифрлық бухгалтерия» пилоттық жобасы іске асырылды. Электрондық жүйе мұғалімдерге санат беру туралы сертификаттардың түпнұсқалығын дербес тексереді.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мақсаты — бұл салалардың әртүрлі сыбайлас жемқорлық тәуекел-дерінің бар-жоғын тексеру және басқа мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау кезінде оларды жою жөнінде шаралар қабылдау. Мысалы, экология саласында жүргізілген жедел іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша «Ертіс орманы» табиғи резерватының директоры ұсталды, ол ұрланған ағашты заңсыз кесуге және әкетуге жәрдемдескені үшін қарамағындағылардан жүйелі негізде пара алды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасуда. Сонымен қатар, осы мемлекеттік мекемеде бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды, — деді ол.
Сонымен қатар, өткен жылы облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі құрылысы созылған өңірдің 10 проблемалық әлеуметтік нысандарын бақылауға алды. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 7 нысан пайдалануға берілді.
А.МҰҚЫШЕВ