«Жыл сайын мыңдаған адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен.

Елімізде жол-көлік оқиғалары қаншама адамның мерт болуына себеп болып отыр. Көз жұмғандардың ішінде балалардың да барын ескерсек, жаның түршігеді. Қоғамда жол үстіндегі жауапсыз жүргізушілермен қатар, көлік рөлінде отырғандарға қол тигізу фактілері де орын алуда. Бұған Алматыдағы автобус жүргізушісі мен Қарағанды қаласындағы жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылғаны дәлел бола алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, қайғылы жағдайдың алдын алуды жүктеді.

 

Жүгенсіз жүргізушілер көбейді

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері екенін атап өтті. Оның айтуынша,  жол жүру ереже-
сін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр болып тұр. Жыл сайын мыңдаған адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Осы орайда, статистикаға зер салсақ. Өткен жылы елімізде
15  мыңға жуық  жол апаты тіркелген. Салдарынан 22 мыңнан астам адам зардап шеккен. Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері аймағымызда 124 жол-көлік оқиғасы орын алған. Өкінішке қарай, 7 адам қаза тауып, 162 адам түрлі дене жарақатын алған. Бұдан бөлек, 2311 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған. 9 мыңға жуық жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырған. Сонымен қатар, жол ережесін бұзу жөнінде 31 мыңнан астам хаттама толтырылған.

2020 жылдан бастап елімізде жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жауапсыз жүргізушілерді  тәртіпке салу мақсатында заң қатаң-датылған болатын. Оған сәйкес, көлікті мас күйде жүргізгендер 7 жыл мерзімге көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамауға алынады. Жыл басынан бері өңірде дәл осындай жазаны 311 адам арқалаған.

 

Талап күшеймей, тәртіп торнамайды

Тәжірибелі жүргізуші Марат Ақылбеков қоғамда жүргізуші мәдениетін көп жағдайда жас жүргізушілер бұзатынын айтады. 40 жыл көлік тізгіндеген қария жастарға көлік басқару құқығы 21 жастан бастап берілсе екен дейді.

– Қазір кәмелет жасына толған балаға ата-анасы қымбат көлік мінгізеді. Жүргізуші куәлігін сатып алған жастар жол ережесін қайдан білсін? Көлікті мас күйде айдап, жылдамдықты шамадан тыс арттыратындардың дені – солар. Жүргізуші мәдениетін қалыптастыру үшін жастарға көлік жүргізу құқығы 21 жастан бастап берілсе екен деймін. Жүргізуші куәлігі емтиханды тапсырып, жолда жүру ережесін толық меңгергендерге ғана берілуі қажет. Сату фактісіне қатаң тыйым салу керек. Өйткені адам тағдыры тұрған мәселе немқұрайлылықты кешірмейді, – дейді М.Ақылбеков.

Ал жастар тәжірибелі жүргізу-шілердің пікірімен келіспейді. Олардың сөзінше, жолдағы кедер-гілердің дені қариялардың баяу әрекетінен туындайды. Алмаз Сансызбайдың көлік тізгіндегеніне 4 жыл толған. Осы уақыт ішінде жасы келген қариялардың жол кептелісін тудырып, көлік қозғалысын баяулататынына көз жеткізгенін айтады.

– Жасы 65-тен асқан қарияларға көлік жүргізудің қажеті жоқ деп едім. Өйткені қазір екінің бірі көлік айдайды. Жолда қозғалыс көп. Қариялар көздеріне көзілдірік киіп алып, барлық жолда өте ақырын жүреді. Жастарға жол бермейтін де солар. Таңертең
2 қызымды балабақшаға, ұлымды мектепке жеткіземін. Балабақша мен мектептің арасы өте алыс. Оларды тез апарған соң, жұмысыма үлгеруім қажет. Сондай сәтте егде жастағы адамнан жолда өткізіп жіберуді өтінсең «Қайда асығасың?» деген көзқарас танытады. Рұқсат етілген жылдамдықтан да төмен жылдамдықпен жүреді. Көздері де дұрыс көрмегендіктен баяу айдайды. Осыдан кейін көлік  кептелісі, жол апаты қалай туындамайды? – дейді А.Сансызбай.

Осы орайда талай жыл әкімшілік полицияда басшылық қызметте болған, құқық қорғау саласының ардагері Болат Тасқариннің де пікірін білген болатынбыз. Ол жүргізуші мәдениетін қалыптастыруда құқық қорғау қызметкерлеріне шетелдегідей жағдай жасалу керектігін айтады. Сондай-ақ, қарапайым адам мен шенеунікке де, бастыққа да заң ортақ болуы тиіс екенін атап өтті.

– Елімізде  қандай заң болмасын бәріне ортақ болуы керек. Жол ережесін бұзғандардың ішінде тамыр-танысын ортаға салып, жазадан сытылып кететіндер  болады. Бірінші кезекте осы мәселеге мән беруіміз керек. Шетелде автотұраққа көлігін дұрыс қоймаған көліктерді полиция қызметкерлері жүргізушінің рұқсатынсыз эвакуаторға салып алып кетеді. Ал мотоциклды қатты айдайтындарды ұстау үшін құқық қорғау қызметкерлеріне қызметтік мотоцикл беріледі. Осындай өзгеріс еліміздегі құқық қорғау саласына енгізілсе, тәртіпке бағынбайтын талай жүргізуші жазаланатын еді. Мұндай жазаны көргендер көлігін қалаған орынға қалай болса солай қоя салмайтын болады. Талап күшейгенде ғана жүргізуші мәдениеті қалыптасады, – дейді Б.Тасқарин.

 

Қандай шара атқарылуда?

Осыдан екі жыл бұрын тәртіп сақтамаған жүргізушілерді жөнге салуда Ішкі істер министрлігі «Қорғау» жүйесін енгізген болатын.  Автоматты жүйе аясында айыппұлы төленбеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген және іздеуде жүрген автокөлік жүргізушісі жайлы полицейлерге хабар беріледі. Сонымен қатар, қосымша патрульдік полицейге жақын маңда жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмір орнатқан заңбұзушыларды көрсетіп отырады.

Биыл бұл жүйенің көмегімен 1700-ден астам автокөлік тоқтатылған. Айыппұлы бар 132 мыңнан астам борышкерге ескерту жасалған. Сондай-ақ, 65 көліктің жалған нөмірмен жүргені анықталған. Ең сорақысы, көлік басқару құқығынан айырылған  500-ден астам жүргізуші  темір тұлпарды қайта тізгіндеген. Сонымен қатар, жол жүру қауіпсіздігін қадағалау мақсатында «Оракул», «Кибер-шериф», «ZEREK-2» жүйелері де жұмыс істейді.  Аталған жүйелердің көмегімен 1519 жол ережесін бұзу фактісі анықталып, жалпы сомасы 21 млн теңге қаражат өндірілген.

– Аймағымыздағы полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді. Жол ережесін бұзуға түрлі жағдайлар себеп. Әсіресе, рөлде отырып ұялы телефонды қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау, сақтандыру полисінің жоқтығы, шамды дұрыс орнатпау сынды фактілер жиі орын алады.  Тіпті, жүргізуші куәлігін әлі алмаған жастар да көлік тізгіндейді. Оларды әкімшілік жазаға тартып, айыппұл төлеуге міндеттейміз. Жол жүру ережесін сақтауда жаяу жүргіншілер де тәртіпке бағынуы тиіс. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақта жол бермейтін жүргізушілер бар. Бірақ жолдың арғы бетіне жүгіріп өтетін тұрғындар да жоқ емес. Осындай жағдайлар да жол апатына себеп болады. Жаяу жүргіншілер арнайы жолақтан өткеннің өзінде жолдың оң жағына және сол жағына қарауға міндетті, – дейді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.

Әлемде жолда мерт болған-дардың саны жөнінен Ұлыбритания ең соңғы орында. Жаяу жүргін-шілерді қағып кету фактілері 40 жыл ішінде 80 пайызға азайған. Бұл елде көлік рөлінде отырып тамақ ішуге, темекі шегуге тыйым салынған.  Осы әрекеттерді тез анықтауға полицейлердің тікұшағы мүмкіндік береді. Ал АҚШ-та көлік басқару кезінде жанындағы адаммен ұрысқандардың әрекетін полицейге жеткізуде арнайы телефон жұмыс істейді екен.

Иә, талап күшеймей, тәртіп орнамайды дейміз. Өкінішке қарай, соңғы уақытта заңды белден басып, ойына келгенін істей-
тіндер де көбейді. Алматыда және Қарағандыда болған жағдайлар – соның дәлелі. Айдың-күннің аманында қызметін адал атқарып жүрген жүргізушілерге қол көтеріп, қанжоса етіп соққыға жығу – бассыздық. Бұл – құқық бұзушы тарапынан жасалған қылмыс қана емес, заң мен тәртіпке ашық қарсылық.  Дәл осылай, жүргізушілер мен жаяу жүргін-шілердің құқық бұзушылық әрекет-терін де заңға қарсы деп бағалай аламыз. Жоғарыда көлікті мас күйде айдағандарға жаза қатаңдатылғанын айттық. Өкініштісі сол, 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғандардың ішінде  23 жүргізуші көлікті қайта тізгіндеген. Яғни, заңға бағынбаған. Ал 986 жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермеген. 2402 жаяу жүргінші рұқсат етілмеген орында жолдың арғы бетіне жүгіріп өткен. Осындай деректер Президент атап өткен қоғам қасіретін тудырып отыр. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу – құзырлы органдардың жұмысы ғана емес, бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс.

Айдана ҚУАНЫШЕВА