Video surveillance cameras for monitoring on streets

Облыстық  полиция қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету міндеттерін тиімді әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көшелерде, саябақтар мен алаңдарда құқықбұзушылықтарды тіркеу үшін аудио-бейне жүйелерін қолдана отырып, халықтың қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша қазіргі заманауи IT-шешімдері әзірленуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Вячеслав Ипатов мәлімдеді.

Бүгінде облыста 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар. Одан бөлек, 2021 жылдан бастап «SOS» дабыл батырмасы жедел көмекке шақыру құрылғысын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде үш қаланың қоғамдық орындарында және 10 аудан орталығында 38 жедел шақыру құрылғысы орнатылған.

– Өткен жылы «SOS» дабыл батырмасымен 27 шағым түсті. Олардың көпшілігі Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайы, орталық жағалау және «Сургут» сауда үйінің жанында тіркелген. Шақыртулардың көбі тонау, төбелесу және ішімдік ішу секілді ұсақ құқықбұзушылық түріне жатады. Ал биыл осы батырма арқылы 9 шақыру тіркелді, – деп атап өтті В.Ипатов.

Басқарма басшысының сөзінше, құқықбұзушылық немесе төтенше жағдай туындаған жағдайда азаматтар осы құрылғының батырмасын басып, Жедел басқару орталығының  полиция қызметкерімен байланыс орнатуға мүмкіндігі бар. Барлық дерек автоматты түрде тіркеледі. Мұндай жаңашылдық азаматтардың барлық өтінішіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, жыл басынан бері құқықбұзушылықтарды анықтау жүйелерімен 71 млн теңге сомасына 5 мың 336 ұйғарым тіркелді.

Айдана БОРАНБАЕВА.