Павлодар облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаевтың жұмысы таңғы сағат 9.00-де  белгіленген кестеге сәйкес сол күні сот ісін өткізетін судьяларды жинаудан басталады. Олар алқа төрағасына қарайтын істері жөнінде баяндап, талқылайды. Қаралатын істермен танысқан соң, жұмыс телефоны арқылы облыс бойынша қылмыстық істі қарайтын барлық сот төрағаларына қоңырау шалып, қала-аудандардағы сот ісінің қай деңгейде болып жатқанын да бақылайды.  Бұдан бөлек, өзі де адам тағдыры шешілетін қылмыстық істерге қатысады.

 

Халық  қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаруға күш салатын сот жүйесіне сенім артады. Бұл саланы ақиқаттың темірқазығы деп біледі. Ал адамның тағдырына қатысты шешім шығару құқығы тек судьяға берілген. Міне, осындай жауапты мамандықтың иесі – Мұрат Еркінбекұлы.

Еліміздегі сот жүйесі мен судьяның мәртебесі ҚР Конституциясында бекітілген. Мұнда судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сотқа немесе судьяға құрмет білдірмеу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сот процесінің өтуіне кедергі келтіріп, судьяның заңды өкімдеріне бағынбаған, сот шақыртуына келмеген тұлғаларға заңмен жауаптылық қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде сот саласының мәртебесін айшықтайтыны сөзсіз. Сондықтан да кез келген адам судья бола алмайды. Мәртебелі мамандыққа ие болуы үшін жылдар бой заң саласында тәжірибе жинауы маңызды. Мұрат Солтыбаев та қызметтік жолын ең төменгі сатыдан бастаған.

– Жамбыл облысы Жуалы ауданында өмірге келдім. Ата-анам  мемлекеттік қызмет саласында еңбек етті. Ауылда ата-әженің тәрбиесін көріп өстім. Әжемнің ертегілерін тыңдағанда билердің дауды шешудегі  әрекеті мені қатты қызықтырды. Мен де әділдік жолында еңбек етуді мақсат тұттым. Сол себепті заң саласында білім алдым. Еңбек өтілім Қордай аудандық сотында сот отырысының хатшысы, кейін Тараз қалалық сотының сот орындаушысы сынды қызметтерден басталды. 2004 жылы Тұрар Рысқұлов ауданында, кейін Жамбыл облыстық сотында судья болдым. Тәжірибе жинаған соң, ҚР Жоғары Соты жанындағы соттардың жұмысын қамтамасыз ету департаментінің кадр бөліміне жетекшілік жасап, басшылық қызметке ауыстым. 2013 жылы Президент Жарлығымен  Астана қалалық сотының судьясы лауазымына тағайындалдым. Бұл жерде 10 жыл еңбек етіппін. Бүгінде қызметімді Павлодар облысында жалғастырудамын, – дейді М.Солтыбаев.

Мұрат Еркінбекұлы алқа төрағасы қызметінен бөлек, судья ретінде қылмыстық істерді қарайды. Бір аптада кем дегенде 5-6 қылмыстық іс, сот үкімін орындауға байланысты  материалдар және әкімшілік істер қаралады. Судьяның сөзіне сүйенсек, қылмыстық істер түрлі тәртіпте шешіледі. Мәселен, егер айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істегі дәлелдемелерді, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшерін дауламаса, кінәні мойындау туралы мәміле негізінде процестік келісімге немесе ынтымақтастық процестік келісімге келуі мүмкін. Мұндай жағдайда судья істі қысқартылған тәртіпте қарап, шешім шығарады. Көп жағдайда ұрлық, алаяқтық фактілері бойынша қаралатын істер осы тәртіппен шешіледі. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды жеке дара бір судья қаорайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстар –  кісі өлімі, есірткі саудасы, зорлау, кәмелетке толмаған балаларға  қатысты жыныстық қылмыстарды  сот алқасындағы 3 судья қарайды.

– Бір судья аптасына 6-10 іс қарайды. Бұдан бөлек, сотталған адамдардың жазасын жеңілдету, соттылық мерзімді айыппұлға ауыстыру, мерзімінен бұрын шартты босатуға қатысты өтінімдер көп түседі. Бұл бағытта аптасына кем дегенде 15-20 іс келеді.

Қоғамдағы істердің 90 пайызы – ішімдіктің салдарынан туындайды. Адамдардың пышақ салуы, отбасылық жанжал, ұрлыққа баруы да осы «ащы» судың кесірінен орын алады. Өкінішке қарай, қылмысқа бұрын сотталған адамдар жиі барады. Бұрын істі болмаған айыпталушыны жәбірленуші тарап кешірсе, оның  отбасылық жағдайын ескеріп, ҚР Қылмыстық Кодексіне сүйене отырып, жазасын жеңілдетіп, қылмыстық-атқару жүйесіне тіркейтін кездер болады. Бірақ айыпталушылар бұл жақсылықты түсінбей, қылмысқа қайта баруы мүмкін.

Судья шешімді Заңға бағынып қана шығарады. Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Отбасының асыраушысын, біреудің жалғыз баласын бәлен жылға соттау туралы шешімді шығару бізге оңай емес. Сот саласында талай іс жүргізіп келемін, – дейді судья.

Мұрат Еркінбекұлы қылмыстық іс егжей-тегжейлі зерттелетінін айтады. Мәселен, бір адам екінші адамға пышақ салса, жәбірленуші тірі қалса да айыпталушы үстіненн қасақана ауыр жаза келтіру бабы бойынша іс қозғалып, сотта қаралады.  Оның өзінде пышақ салған адам 3-8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер сотталып жатқан адамның өміріне қауіп төніп, өзін құтқару үшін мұндай әрекетке барса, ол басқа баппен қара-лады. Мысалы, екі адам төбелесіп, біреуі бір рет ұрған жұдырықтың салдарынан жерге құлап, бақилық болды делік. Іс сотта қаралған кезде әлгі адам жұдырықтан
әлде жердегі асфальтқа басын соққаннан жан тәсілім етті ме, міне осы анықталады. Бұл жағдайда сотталушының әрекеті әртүрлі баппен сараланады, сәйкесінше, жаза да бөлек. Оның іс-әрекеті мен пиғылы жәбірленушіні абайсызда қазаға ұшырату ма әлде денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру кезінде абайсызда кісі өліміне әкеп соқтырды ма?  Бұл сот-сараптамасы негізінде айқындалады.

– Судья атану үшін үлкен мектептен өту керек. 30 жастағы судьяны облыстық сотқа ешкім қабылдамайды. Сала мамандары судья деңгейіне жетуі үшін қызметті ең төменгі сатыдан бастайды. Судьяның жұмысы тек шешім шығарумен шектелмейді. Судья – тәулік бойы жұрттың назарындағы адам. Соттың беделі де судьяның қызметіне, жүріс-тұрысына, өз-өзін ұстау деңгейіне қарай қалыптасады. Сот саласындағы мамандардың қызметте өсуі, судьялардың жұмыс бабымен өзге өңірлерге ауысуы  да олардың тәртібіне, жұмысты атқару деңгейіне қарай шешіледі.  Жоғары Сот кеңесінде сот жюриі құрылған. Егер судья тарапынан қателік кетсе, тұрғындар тарапынан арыз-шағым түсіп, олардың уәждері дәлелденсе, судьяға сөгіс жарияланып, тіпті жұмыстан босату жөнінде де шешім қабылданады. Сондықтан  судья қызметі жауапты мамандық, – дейді М.Солтыбаев.

Мұрат Еркінбекұлы сот саласындағы өзекті мәселені де тілге тиек етті. Павлодар облыстық сотында қаралатын істердің
4,5 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізіледі екен. ҚР Жоғары Соты басшылығы тарапынан да осы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берілген.

– Сот істерінің қазақ тілінде жүргізілу деңгейін арттыру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оның төрағасы – өзім. Жалпы, әкімшілік, ащзаматтық, экономикалық істерді мемлекеттік тілде жүргізуге болады. Өкінішке қарай, тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер орыс тілінде тілде жазылады. Егер тұрғындар тарапынан талап-арыз орыс тілінде жазылса, іс сол тілде жүргізіледі. Ал қазақ тілін жетік меңгергендер талап-арызды мемлекеттік тілде жазғаны дұрыс. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алудамыз. Талап-арызды қазақ тілінде жазу бойынша мемлекеттік органдарға хат жолдадық, дөңгелек үстел ұйымдастырамыз Сонымен қатар, судьялар арасында мемлекеттік тілдің деңгейін өсіру үшін сайыстар өткізу жоспарда бар. Олар бір әңгімені оқып, мазмұнын айтып береді. Сол арқылы судьялар да қазақ тілін үйренеді, – дейді М.Солтыбаев.

Атап өтерлігі, Мұрат Еркінбекұлының балалары да әкенің жолын қууда. Бүгінде ол екі қызынан 4 немере сүйіп отыр. Екінші ұлы заң саласында білім алуда.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА